Әрбір ота анестезиолог Александр Патриннің қатысуынсыз өтпейді

– Қызым ес-түссіз жатыр ғой, Александр Владимирович. Оған көмектесіңізші! Баламның жанын аман-есен алып қалыңызшы. Әйтпесе, күні кеше ғана жарық дүние есігін ашқан немеремнің ертеңі не болмақ? Өтінем, өлім мен өмір арасында жатқан балама қол ұшыңды бере гөр, дәрігер. Қызғалдақтай жайнап тұрған қызымның гүлдей солып жатқан жүзіне қарасам, бауыр етім езіледі. Оның мүгедек болып қалуына жол бермеңізші, – деп ординаторлық бөлмеге кірді жүзін мұң торлаған ана.
Сол сәтте дәрігердің перзенті үшін жанын беруге даяр анаға қарап жүрегі сыздағанын аңғардық. Дегенмен, Александр Патрин сыр бермеді. Өйткені ол осы жұмысқа кіргелі бері мұндай жағдайды талай мәрте бастан өткерген. Рас, жаман ауру адам таңдамайды. Реанимация бөлімшесінде жатқан қай науқастың болмасын күні ертең аяғынан тік тұрып, жүріп кетуі екіталай. Өйткені мұндай ауыр халге түскен адамның екінші мәрте өмірге келуі бір Құдайдың ғана қолында екені айдан анық. Александр Патрин қарсы алдында тұрған ананың көз жасын көрген соң барып, есін жиды.
– Уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады. Біз қолдан келгенше барлық медициналық көмекті көрсетеміз. Тек сіз дәрігерлерге деген сеніміңізді жоғалтпаңызшы. Ал қазір науқастың жанына барыңыз. Ол сіздің қолдауыңызды сезінуі тиіс. Сонда ғана біз оның өмірді қайта бастауына көмектесе аламыз, – деп шығарып салды ананы анестезиолог дәрігер Александр Патрин.
Рас, бүгінде облыстық ана мен бала орталығындағы анестезиология және реанимация бөлімшесінің дәрігері Александр Патринді танымайтын адам кемде-кем шығар. Ол медицина саласындағы он жылдық еңбек жолында талай науқастың комадан шығып, отбасымен қайта қауышуы үшін қолдан келген көмегін көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, оның осы саладағы жеке тәжірибесінің өзі бір төбе. Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігер жыл сайын білімін жетілдіру үшін бірнеше рет арнайы курсқа барып, оқып келеді екен.
– Семей мемлекеттік медицина университетінде білім алдым. Негізгі мамандығым – педиатр. Кейін интернатураны тәмамдадым. Бұдан соң жолдама бойынша осы облыстық ана мен бала ауруханасына балалар анестиозиологы болып жұмысқа орналастым. Кейін басшылықтың шешімімен ересектерге арналған анестезиология және реанимация бөлімшесіне қызмет бабымен ауыстырылдым, – деген Александр Патрин жұрттың анестезиологтарды операция алдында наркоз беретін дәрігер деп қана қабылдайтынына қынжылатынын жеткізді.
Рас, біздің қоғам анестезиологтарды науқасты отаға дайындайтын дәрігер деп қана қабылдайды. Ал шетелдіктер болса, бұл мамандықтың иелеріне ерекше құрметпен қарап, оларға әлдеқашан адам жанының арашашысы деп баға да беріп қойған.
– Ота жасамастан бұрын, біз ауру тарихын зерттеп, науқастың анализдеріне талдау жұмыстарын жасаймыз. Бұдан соң онымен жеке сөйлесіп, оған операцияның пайдасын түсіндіріп, одан кейін қалай күтіну керектігін кеңінен айтып береміз. Егер кішкентай бала болса, бұл жағдайда оның ата-анасымен әңгімелесіп, жағдайды баяндаймыз. Бұған қоса, біз науқастың медициналық препараттарға қарсы аллергиясы бар-жоғын тексеріп, сырттай оның психикасын бақылаймыз. Сол арқылы оған қанша мөлшерде наркоз салу қажеттігін анықтаймыз. Ал ота жасалып жатқан сәтте анестезиолог науқастың қасында болып, оның артериалды қан қысымын, дем алуын, тамыр соғуы мен дене қызуын және басқа да адам өмірі үшін маңызды процестерді қадағалап отырады, – деді Александр Патрин.

Реаниматологтың да қызметін атқарады
Гиппократқа ант берген Александр жоғары оқу орнын бітірген соң, облыстық ана мен бала орталығы басшыларының ұсынысын қабылдап, бірден Өскеменге тартыпты. Осында келген соң отбасын құрып, балалы-шағалы болған. Айтпақшы, Александрдың жан жары да дәрігер екен. Бүгінде ол жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.
– Жұбайым жұмыс барысын түсінеді. Құдайға шүкір, отбасын құрғанымызға он жылдан астам уақыт өтсе де, арамызда бірде-бір рет ұрыс-керіс болып көрген емес. Бұл менің жарымның парасаттылығы мен ақылдығының арқасы, – деп ағынан жарылды Александр Патрин.
Ол Өскеменге келгенде, басшылыққа артық талап та қоймапты. Өйткені оның басты мақсаты – ата-ананың сенімін ақтап, науқастардың өмірін сақтап қалу. Сөйтіп, Александр көппен бірге алғашқы еңбек жолын облыстық ана мен бала орталығынан бастап, ұжымға тез сіңісіп кетті. Артық сөзі жоқ, біртоға, өз ісіне адал маман емделушілердің де, әріптестерінің де көңілін қалдырып көрмепті. Мұны бізге әріптестері айтып берді.
– Осыдан үш күн бұрын екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі әйел босанды. Ол толғақ кезінде қатты қиналды. Егер Александр Патрин болмағанда, оның баласының өмірге келуі екіталай еді. Өйткені бұл пациент жүйке жүйесі ауруына шалдыққан екен. Сол себептен оған дүниеге нәресте әкелу оңайға соққан жоқ. Дегенмен, әріптесіміз Александр Патрин онымен тілдесіп, пациенттің тынышталуы үшін қолдан келген көмегін аямады. Осылайша, ол ана мен баланың өмірін сақтап қалды, – деді әріптестері.
Айта кететін тағы бір жайт, жуықта Александр Патрин тағы бір жас ананың өмірін сақтап қалыпты. Жағдай былай болған екен. Қарашаның соңы. Жасы отыздар шамасындағы келіншек түнде толғағы қысып, ауруханаға жеткізілген. Кейін ол өз күшімен босаныпты. Одан кейін жас ананың денсаулығы сыр беріп, екі бүйрегі істемей қалған. Сол кезде облыстық ана мен бала орталығының басшылығы астаналық мамандарды көмекке шақырыпты. Алайда ол жақтағы әріптестері Өскеменге келуден бас тартқан. Сол кезде Александр Патрин енді ғана жарық дүние есігін ашқан бала жетім қалмас үшін күн-түн демей ауруханада болып, жас ананың өміріне араша түсіпті.
– Пациент он шақты күн бойы ессіз жатты. Сонда Александр Владимирович оның жанынан кетпей, науқастың аяғынан тік тұрып кетуі үшін барын салды. Негізі, босанғаннан кейін мұндай жағдайға тап болған аналардың дені арбаға таңылып қалады. Бірақ осы жолы әріптесіміздің арқасында науқас тез арада ес жиып, баласын бауырына алды. Бұл дәрігердің біліктілігінің арқасы, – дейді әріптестері марқайып.
Бүгінде облыстық ана мен бала орталығында сәбиді кесір тілігімен алатын болса, ота міндетті түрде Александр Патриннің қатысуынсыз өтпейді. Егер операция жоспардан тыс болған жағдайда анестезиолог дәрігер операциядан кейінгі кезеңде науқастың жағдайын тексеріп, реаниматологтың да қызметін атқара береді.
– Біздің бөлімнің мамандары әртүрлі ауырсынуды басатын препараттардың кімге қалай әсер беретінін түгел біледі. Ал бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Егер қандай да бір қателікке бой алдырсаң, мұның соңы орны толмас қасіретке алып келуі әбден мүмкін. Сол себептен, біз шалыс қадам жасамау үшін үнемі ойымызды жинақтап жүреміз, – дейді Александр Патрин.
Жұмыс барысында реанимация бөлімшесіне келіп түскен әр науқастың өмірін сақтап қалу үшін Александр Владимирович аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан болар, ол басшылықтың назарынан тыс қалып көрген емес. Ең бастысы, дәрігердің айналасында жүргендер ол туралы тек жақсы пікірлерін айтады. «Он жылдан бері қаншама пациенттің өмірін сақтап қалдыңыз? Есіңізде ме? Дегенімізде: «Құдай білсін, жылына кем дегенде жүз рет шығар», – деді. Осыдан кейін-ақ оның жұмысының маңыздылығы туралы айта беру артық болар. Ал біз қоштасар сәтте жұртқа жақсы жағымен танылып келе жатқан Александр Владимировичтің жұмысына сәттілік тілеп, автобус аялдамасына қарай аяңдадық…
Ажар Сағатбекова