Әрбір индикаторға жауаптылар тағайындалады
Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтіп, онда облыс аумағын дамыту бағдарламасының іске асырылуықарастырылды, сонымен қатар, тұрғын үй мен әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысының барысы, мүгедектердің өмір сапасын жақсарту іс-шаралары жоспарының орындалуыталқыға салынды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Улакова 2016-2020 жылдарға арналғаноблыс аумағын дамыту бағдарламасының өткен жылғы орындалу қорытындысы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, былтыр өңірде 1 триллион 437 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл аталмыш бағдарламаның қайта өңдеу, металлургиялық, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіп өнімдерін ұлғайту сынды көрсеткіштерін орындауға мүмкіндік туғызған. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 408 миллиард теңгені құраған. Негізгі капиталға инвестиция 436 миллиардтан асқан.
–Есепті жылда 340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 220 шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізілді, нәтижесінде қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы облыстық, аудандық жолдардың үлесі 76 пайыздан асты, – деген басқарма өкілі 3-6 жасар балаларды балабақшамен қамту 99 пайызға, инклюзивті оқытумен қамтылған мүмкіндігі шектеулі балалар үлесі 12 пайызға жеткенін алға тартты.
Бір сөзбен айтсақ, осы бағдарламаның 11 көрсеткіші былтыр 30 пайыздан асыра орындалған болып шықты. Олардың қатарында қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін, асылдандырылған ұсақ малдың үлесін, сыртқы инвестицияларды, құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру сияқты маңызды индикаторлар бар.
–Нақты әрбір индикторға жауапты лауазымды тұлғалар тағайындалсын. Сонда тиімділік артады, көрсеткіш орындалмай жатса, оның себебін кімнен сұрайтыны да белгілі болмақ. Сонымен қатар, индикторлардың өздерін қайта қарастырып шыққан жөн. Мәселен, сіздер Тарбағатай және Катонқарағай аудандарында химия өнеркәсібін дамыту жөнінде көрсеткіштер орындалмады деп есеп бересіздер. Бұл аудандарда ондай өнеркәсіп кем дегенде алдағы бес жылда болмайтыны бесенеден белгілі. Ол көрсеткіштің орындалмайтынын біле тұра жоспарға енгізгенсіздер. Олай болмайды, бағдарлама нақты орындалатындай әзірленуі тиіс, – деді осы ретте облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ, әлеуметтік нысандар құрылысына, нақты айтсақ мектептер құрылысына қатысты өз ойын білдірді. Ауылдық жерлердегі мектептердің тек 60 пайызға ғана толыққанын ескерткен аймақ басшысы кейбір ауылдарға мектеп салудың тиімсіз екенін, ол қаржыны басқа елдімекендерге тарту қажеттігін атап көрсетті.
Аймақ басшысы бұл бағдарламаның орындалуында басым салмақ қалалар мен аудандар әкімдеріне түсетінін,олардан үлкен қажыр-қайрат талап етілетінін қадап айтты.
– Жақсы әкім деп кімді айтамыз?! Өзіне жүктелген аумақта әлеуметтік тұрақтылық қалыптасқан, тұрғындары еңбекпен қамтылған, аудан-қаласында өнім өндіру көлемі артқан, тұрғындармен кез келген мәселе бойынша көзбе-көз жүздесуден қорықпайтын әкімді жақсы әкім деуге болады, – деді бұл орайда аймақ басшысы.
Мектептер қажеттілік бойынша салынуы керек
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Инна Валл тұрғын үйлер және мәдени-әлеуметтік нысандар құрылысының барысы жөнінде ақпарат берді. Баяндамадан белгілі болғандай, осы жылы облыста 38 көппәтерлі үй пайдалануға берілмек, олардың жалпы ауданы 247 мың шаршы метрді құрайтын болады,пәтер саны – 3063.
Ал әлеуметтік ғимараттарға тоқталсақ, биыл 26 нысан құрылысы жоспарланған. 11 нысан пайдалануға берілмек. Олардың ішінде Үржар, Тарбағатай мен Шемонаиха аудандарындағы апаттылардың орнына салынатын үш мектеп, Семей, Аягөз қалаларындағы үш ауысымдылықты жою мақсатында салынатын үш мектеп, Риддердегі 280 орындық балабақша, Өскемен мен Семейдегі екі денсаулық сақтау мекемесі, Семейдегі бір құқыққорғау саласыныңғимараты және бір инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысаны.
–Байқап отырғандарыңыздай, бүгінгі жиында тек нәзікжандар ғана баяндама жасайды екен. Атап өтерлігі, аруларымыз өз міндеттерін ер-азаматтардан артық атқаруда. Жалпы, басқарма жұмысына оң баға беремін. Дей тұрғанмен, салада түйткілді мәселелер жетерлік, соның бірі – жобалаудағы олқылықтар. Айталық, Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы құрылысы жоспарланған 600 орындық мектептің тапсырыстағы құны тым төмен болған. Салдарынан мердігер бұл нысаннан бас тартты. Ол түсінікті де. Ал Көктпекті ауданындағы Бастаушы ауылында жоспарланған мектептің құны керісінше тым қымбат белгіленген. Сондықтан мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын қайта түзету қажет, – деп тапсырма берді аймақ басшысы.
«Жайма-шуақ» баяндамалар жасаудың қажеті жоқ
Жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету іс-шаралары жоспарының орындалуы жөнінде есеп берді.
Облыста 59 475 мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген, олардың ішінде 14 902-сі – балалар.Басқарма басшысының берген мәліметтеріне сенер болсақ, облыстағы мүгедектердің жағдайынжақсарту бағытында біраз шаруа тындырылған.
–Әлеуметтік мекемелер осы топтағы азаматтардың жүріп-тұруы үшін ыңғайластырылуда. Былтыр ғимараттарға 36 тексеру жүргізілді, 29 нысаннан заңбұзушылық табылып, оларға 275 мың теңгенің айыппұлы салынды. Ондай тексерулер биыл да жалғасып жатыр, – деді басқарма басшысы.
Ресми деректер бойынша, Өскемен мен Семейде жеті инватакси жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Аягөзде де осындай қызмет қолға алынатын көрінеді. Сондай-ақ, былтыр Зырян ауданының Грехово кентінде 80 орындық Оңалту орталығы ашылыпты. Онда тірек-қимыл жүйесі зақымданған жандар ем ала алады екен.
–Баяндаманы тыңдап отырсақ, ешқандай мәселе жоқ секілді әсер қалдырады екен. Жалпы, осындай «жайма-шуақ» есептер беруді қысқартқан жөн! Нақты жағдайдан хабардармыз. Мәселен, былтыр Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектебі ашылған-ды. Ондағы мақсат балаларға бухгалтер, бағдарламашы секілді кәсіби білім беру, оларды сауықтыру болатын. Жуырда мен сол оқу орнына барып, жұмысын көрдім. Оқыту процесі мүлдем ұйымдастырылмаған, ешқандай кәсіби оқыту сыныптары жоқ. Яғни, мектеп кәдімгі пансионатқа айналған. Ал білім басқармасының берген анықтамасында балалар кәсіби білім алуда деп көрсетілген. Аталмыш басқарма мені емес, сол балаларды, олардың ата-аналарын алдап отыр, – деген облыс әкімі жағдайды түзетуді қадап тапсырды.(Бұл туралы кеңірек келесі нөмірден оқитын боласыздар).
Аймақ басшысы, сонымен бірге, қала-аудан әкімдеріне әлеуметтік нысандарды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруы үшін ыңғайлы етіп бейімдеу жұмыстарын қарқынды жалғастыруды міндеттеді.
Ержан ӘБІШ