Руханият

Құрбан айт халықтық мейрамға айналып келеді

Құрбан айт халықтық мейрамға айналып келеді
Биылғы Құрбан айт намазы сейсенбінің еншісіне бұйырды. Жүрегінде иманы бар өскемендік мұсылмандардың дені Халифа Алтай атындағы мешітке жиылды.
Талай жыл тасада қалып, ел егемендігімен бірге ұлтпен табысқан бұл ұлық мереке жыл өткен сайын ажарын ашып, шынайы мейрамға айналып келе жатқанын аңғардық. Ес білген ер баласын жетелеп мешіттің босағасын аттаған жандар да аз емес. Олар атадан қалған осы үрдісті ұрпаққа аманаттап жүргендей көрінді бізге.
Мешіттен құлшылық жасап шыққан жұрт мерекелік іс- шараның шарапатына шомылды. Аталмыш мешіттің алдындағы алаңға тігілген ақбоз үйлер жамағатқа есігін айқара ашып, ізгілік пен қайырымдылықтың нұрын шалқытты. «Алтай» филорманиясының әртістері жұртшылыққа ән мен күй сыйласа, мешіт қызметкерлері айтшылаған ағайынға бесті қымыз бен бал бауырсақты үлестірді. Ал жылына бір келетін бұл мерекені тойлап жүргендер гір көтеріп, қол бұрасып, арқан тартып күш сынасты. Түсінген жанға бұл да бір ғанибет.
Айт намаздан шыққан мұхтарам жамағаттың бір бөлігі мешіт маңындағы мерекелік іс-шараның шаттығына шомып жатқанда, енді бір бөлгі Шығыс кентіне қарай ағылды. Мұнда да иін тірескен ел, қайнаған базар.
Ұзыннан ұзаққа созылған мал қамайтын қашалар мен ақшаңқан киіз үйлердің ортасындағы жолда жөңкілген жұрттың бір-біріне «Айт қабыл болсын!» дескен ақжарма тілегімен қатар, әр жердегі саудаласқан диалогтар мереке сәнін тіптен кіргізген.
Бұл жерде кім жоқ дейсіз. Өңірдің әр жерінен әкелген әр түлік малдың саудагерлері, құрбандығыңды қас қағым сәтте жәркемдеп беретін қасапшылар, ішек-қарынды лезде тазартып беретін нәзік жандылар, бас-сирағын айнадай қылып үйтіп беретін пысық жігіттер, пәкет сатқан балалар… Тек ақысын төлесеңіз болды, қалағаныңызды орындайсыз. Осы жәрмеңкеге қарап тұрып, халық бұл күнге өткен жылдағыдан жақсы дайындалғандай көрінді. Тек мұсылманның ғана емес, жалпы халықтың мерекесіне айналғандай сезіндік.
«Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп» демекші, саудагерлер былтырғыдан баға арзан десе, кейбір жұртшылық қымбаттау деген уәжін айтады. Бірақ бағасы қымбат деп құрбандықсыз қалғандардың қарасын көрмедік. Біз көрген бағалар мынау. Сиыр сойғысы келгендер 200 мың теңгенің айналасында ақша жұмсаса, шек-шек ата тұқымының бағасы 15-20 мың аралығында жүріп жатты. Ал Мекке көрген шопан ататұқымының қаны судай төгілді бұл күні. Әркім өз алдына сауда жасап жүргендіктен нақты санын ешкім де айтып бере алмады. Негізі, қой қамаған үйшіктің қарасы елудің айналасында. Соның жақсы сауда жасағандары бірінші айт күні 150 бас ұсақ өткізіпті. Бағыланның бағасы 20-25 мың болса, саулық қойлар 25-40 мың арасында саудаланды. Ал еркек қойлар мен атан қошқарлардың алды 60 мың теңгеге дейін жетті. Құрбандық шалатын жұрттың қатары үш күнгі айт аяқталғанша сиремейтін көрінеді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button