Саясат

Әрбір сұрақ бойынша тапсырма берілді

Кеше аймақ басшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов жиырмадан астам облыс тұрғынын өз мәселелері бойынша қабылдады. Келген азаматтар өздерін алаңдатқан әртүрлі мәселелерін алға тартты, қабылдауға жекелеген басқарма басшылары да қатысты.

Айталық, өскемендік кәсіпкер Андрей Ляпунов этноауыл аумағында орналасқан «Усадьба» дәмханасына автокөлік өткізу тәртібін өзгертуді сұрады. Көктемнен күзге дейін этнографиялық ауылға келушілер саны көп болғандықтан, дәмханаға өтетін автокөліктер азаматтарға қауіп төндіреді. Сол себепті көліктердің өтуіне тек таңертеңгі сағат 8 бен 10-ның және кешкі сағат 8 бен 9-дың арасында рұқсат етілген. Дәмхана иесі қысқы маусымда этноауылға келушілер саны аз болғандықтан, осы белгіленген уақыттарды өзгертуді сұрап отыр. Сондай-ақ ол дәмхананы жалға алу мерзімін бір жылдан 10 жылға дейін ұзартуға өтініш білдірді.

– Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге міндеттіміз, автокөліктерді өткізу мерзімін қыста өзгертуге әбден болады. Сонымен қатар жалға беру мерзімін де ұзартқан жөн, жыл сайын шарт жасаудың қажеті шамалы деп санаймын. Тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеледі, – деп оң шешті мәселені облыс әкімі.

Өскемен қаласының тұрғыны Кәкен Әділов Ахмер кенті аумағында соғыс ардагерлеріне арнап ескерткіш орнату және мұражайы бар Жеңіс саябағын салу бастамасын көтеріп жүр, ол аймақ басшысынан осыған қажет жер телімін бөлгізуді сұрады.

Өскемен қаласы әкімдігінің қызметкерлері ескерткішке Ахмердегі жаңа мектеп аумағынан жер беруді қарастырып отырғандарын жеткізді. Ал саябаққа Мелиораторлар мен Аязбаев көшелерінің қиылысындағы 0,8 гектар бос жер учаскесі ыңғайлы көрінеді. Аймақ басшысы нысанды жобалау және салу құжаттарын рәсімдеуді тапсырды.

Қабылдауға келген өскемендік тұрғын Әсия Ахметова «Бірлік-Зырян» несиелік серіктестігі арқылы үш миллион теңге займ алып, 2017 жылы оны толық өтеген. Бірақ несие ынтымақты борыш бойынша рәсімделгендіктен, ол жауапсыз төлемшілер тізіміне енген. Енді оған ел аумағынан шығу, кредит алу мүмкін емес. Ол өзін ынтымақты жауаптылықтан шығаруды сұрап отыр. Облыс әкімі бұл мәселені тиянақты шешуді облыс прокуратурасы мен облыстық полиция департаменті басшылығына тапсырды. Істің барысын өз бақылауында ұстайтынын ескертіп, бір айдан соң жұмыстың нәтижесін хабарлауды міндеттеді.

Абай ауданынан келген Жанна Шеризатқызының мәселесі де осы іспеттес. 2013 жылы «Ертіс» корпорациясы арқылы бір миллион теңге несие алып, қарызын толық жапқан. Алайда ынтымақты жауапкершілік салдарынан бар мүлкі мен шоттары кепілде тұр. Шағымданушы сотқа ұсыну үшін несиесін жапқаны туралы анықтама беруді сұрап отыр.

Аймақ басшысы аудан басшылығына несиелік серіктестік тарапынан тиісті анықтаманың берілуін тапсырды.

– Бұл мәселелердің бәрі де заң аясында шешілуі тиіс, 2011-2014 жылдар арасында облыс тұрғындарына 13 миллиард теңгенің кепілсіз несиесі берілген-ді. Соның жартысы қайтарылмай отыр. Кәсіп ашам деп несие рәсімдеген ол азаматтар не мал, не құрал-жабдық алмаған. Кесірі өзге жауапты борышкерлерге тиіп жатыр, – деп түсіндірді жағдайды аймақ басшысы. – Десек те, аталмыш мәселелер назарға алынған және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешіледі.

Облыс әкімі барлық келушілерді жеке-жеке тыңдап, әр мәселе бойынша мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button