Қоғам

Әрбір ардагерге 600 мың теңгеден беріледі

Облыста бүгінде 134 соғыс ардагері, 455 тыл еңбеккері және соғыс ардагеріне теңестірілген 644 азамат бар. Алдағы Ұлы Жеңіс мерейтойына орай ардагерлердің әрқайсысы 600 мың теңге, ал тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар 100 мың теңге мөлшерінде бірреттік жәрдемақы алады.

Бұл жөнінде кеше алдағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындалу және оны өткізудің барысы талқыға салынған облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде айтылды.

– Ұлы Жеңіс қарсаңында соғыс ардагерінің әрқайсысы 600 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы алады. Жалпы сома – 80 миллион 400 мың теңге. Тыл еңбеккерінің әрқайсына 100 мың теңгеден қаржы қарастырылған. Жалпы сома – 45 миллион 500 мың теңге. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға да 100 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы беріледі.Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан және Мәскеу қалаларында өтетін Жеңіс шеруіне қатысушы ардагерлер тізімі де белгіленіп отыр, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, Шығыс Қазақстанда майдангерлерге 600 мың теңгеден жәрдемақы берілсе, Ресейдің басқаласы – Мәскеуде әр ардагергенебәрі 25 мың рубль (шамамен 140 мың теңге) қарастырылған.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смиттің хабарлауынша, өткен жылдың қараша айында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай облыстық дәрежедегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген-ді. Содан бері аталған кешенді іс-шара кестеге сәйкес іске асырылып келеді. Онда соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдау, медициналық көмек көрсету шаралары, түрлі салтанаттық жиындар қамтылған. Жоспарды жүзеге асыруға керекті қаржы толық қарастырылған, бұдан бөлек демеушілер тарапынан да қаражаттың бөлінуі көзделуде.

–Мерейтойлық іс-шаралардың шарықтау шегі 7-9 мамыр аралығына тұспа-тұс келеді, осы күндері облыс аумағында барлығы 340-тан астам ауқымды іс-шара өткізілмек. Ескерткіш тақталарға гүл қою, мәңгілік алау жағу, майдангерлермен кездесу, соғыс және тыл ардагерлеріне волонтерлік көмек көрсету сынды іс-шараларға 200 мыңнан астам тұрғын қатысатын болады, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар биыл облыс әкімдігі тұрғындарға тегін тарату үшін 24 мың дана қазақстандық Жеңіс ленталарын әзірлеуге тапсырыс беруді жоспарлапты.

– 24 мың аздау болады ғой, бірден 50 мың лентаға тапсырыс беріңіздер. Айтулы іс-шараларға қатысатын адамдар көп, – деді  осы ретте аймақ басшысы.

Биыл еріктілер жасақтары соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көп көмек көрсетіп отыр. Олар қариялардың үй шаруасына қолғабыс тигізуде.Бұдан басқа, облыста сұрапыл соғыста із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру ісі қарқын алуда.

Өңірде жоспарланып отырған айтулы оқиғаның бірі – Жарма ауданында соғыста 397 фашисті жер жастандырған жерлес мерген Төлеуғали Әбдібековке арналған еңселі ескерткіштің қойылуы. Сонымен қатар Катонқарағай, Көкпекті, Бесқарағай аудандарында соғыс және тыл ардагерлеріне мемориалдық тақталар орнатылмақ.

–Ұлы Жеңіс күні – аса маңызды мереке. Бұл соғыста кеңес халқы 27 миллион адамынан айырылды. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Отан үшін жанын қиған, өмірін қатерге тіккен аталарымызды мақтан тұтуға және оларды өскелең ұрпаққа насихаттауға міндеттіміз. Осыған орай мен білім басқармасына қазақстандықтардың осы соғыстағы ерліктерін дәріптеу мақсатында  арнайы мектептік бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Мәселен, Көкпекті ауданында бір ғана ауылдан үш бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Міне, осындай деректерді жастарымыз, өкінішке қарай, ұмытып барады. Осы олқылықтардың орнын толтырып, кешенді іске кіріскен жөн, – деді  Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button