Қоғам

Өңіраралық ынтымақтастығымыз нығайып келеді

Өңіраралық ынтымақтастығымыз нығайып келеді


Қазақстан мен Ресей шекарасы – әлемдегі ең ұзын шекара. Екі мемлекет арасында Кедендік одақ туралы келісім бар, нәтижесінде жыл сайын өзара тауар айналымы артып келеді. Ресейде шамамен бір миллиондай қандасымыз тұрып жатыр, Қазақстанда 3 миллионға жуық орыс ұлтының өкілі бар. Осы жайт екі ел арасындағы тығыз байланысқа негіз болуда. Қазақстан мен Ресейдің саяси қарым-қатынастары о бастан-ақ берік әрі сенімді.

8-9 қараша күндері Ресейдің Челябі қаласында адам капиталын дамыту тақырыбына арналған Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өтті. Форумның іскерлік бөлімі «Русские электрические двигатели» зауытында ұйымдастырылып, жиындарда екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері, Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай сандық кеңістігін құру түйткілдері талқыға салынды.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Дәстүрге сай аталмыш келелі басқосу қос мемлекеттің шекаралық аймақтарында ұйымдастырылады. Оған мемлекет басшылары, өңірлер жетекшілері және бизнес өкілдері қатысады.

Форумның негізгі өзегі екі ел басшыларының кездесуі болды. Ресей Президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шекараның тұсындағы Челябіде қарсы алып тұрғанына қуанышты екенін жеткізді. Ол осы форумдарды өткізу бастамасы Қазақстан Президентіне тиесілі деп, оның тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отырғанын баса атады.

– Челябинск – менің жастық шағыммен байланысты шаһар, жігіт кезімде тәжірибе алу мақсатында осындағы зауыттарда бірнеше рет болғанмын. Мұндағы металлургиялық зауыт сол кезде жылына 20 миллион тонна болат беретін. Челябі трактор зауыты да – алпауыт кәсіпорын. Сол себепті, қала мен үшін айрықша ыстық, мұнда қуана-қуана келдім. 2005 жылы нақ осы қалада біз форумды жыл сайын өткізуге келіскен болатынбыз. Біздің өңіраралық ынтымақтастық – экономикалық қарым-қатынастардың негізі. Екі ел арасында тауар айналымы биыл 31 пайызға артып, 11 миллиард долларды құрады. Әрбір осындай кездесу үлкен мәселелерді шешуге, қарым-қатынасты нығайтуға септеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өңіраралық ынтымақтастығымыз нығайып келеді

Жиын барысында Елбасы Қазақстандағы білім саласындағы жетістіктер жөнінде, атап айтсақ, үш тілде оқыту жүйесі, тегін кәсіптік білім беру, Назарбаев зияткерлік мектептері, «Болашақ» бағдарламасы туралы айтып, ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын өңірлерімізде ашу, бірлескен мектеп олимпиадаларын өткізу бастамаларын көтерді.

Осы жиында бірқатар Ресей және Қазақстан өңірлері басшыларымен қатар, облыс әкімі Даниал Ахметов те баяндама жасады. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан пен Ресей арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 108 пайызға артып, 656 миллион АҚШ долларын құраған. Өңірімізде Ресей капиталы қатысқан 586 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазір облыста ғылыми негізде 28 миллиард теңгенің 61 тарихи-мәдени жобасы іске асырылуда. Облыстағы қасиетті орындар тізімі жасалды, оған ислам, христиан, будда сынды үш әлемдік діннің ұштасқан жерін білдіретін Аблайкит ғибадатханасы, Еуразия кіндігі – Мұзтау шыңы еніп отыр. Өңірде мекен еткен ұлттардың ауыз әдебиеті, дәстүрі терең зерттелуде. Отансүйгіштік, рухани даму осы дүниелерден бастау алады. Әдеби белдеу жобасы мәдени мұрамыздың әр алуандығын көрсетеді. Шығыс Қазақстан – Абай, Шәкәрім, Достоевский, Бажов, Әуезов, Волков, Гребенщиков, Иванов сынды әдебиет алыптары өмірге келген, еңбек еткен өңір. Осы жерлер арқылы туристік маршруттар ұйымдастыру ресейліктерге де қызықты болуы тиіс. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық, гуманитарлық байланыстары жылдан-жылға нығайып келеді. Шығыс Қазақстан кез келген саладағы өзара тиімді ынтымақтастыққа әзір, – деді Даниал Ахметов.

Екі күн бойы барлық сала басшылары, бизнес өкілдері бірлесе жұмыс істеп, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Елбасы келесі жылы форумды Петропавл қаласында өткізіп, туризм тақырыбына арнауды ұсынды. Ресейлік әріптесі ұсынысты қолдап, форум жұмысына жоғары баға берді.

Өңіраралық ынтымақтастығымыз нығайып келеді

Қос мемлекет көшбасшылары Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай бірлескен үндеуге қол қойды. Сонымен бірге, Президенттердің қатысуымен бірқатар мемлекетаралық, үкіметаралық, өңірлік және коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өткізілді.

Өңіраралық ынтымақтастығымыз нығайып келеді

Форум аясында «Адам капиталын дамыту» ауқымды көрмесі де ұйымдастырылды. Оған өңірімізден «Шығыс тур» ЖШС, «Әйгерім» демалыс базасы, «Тоғас-Интурсервис» турфирмасы қатысты. Сондай-ақ форум алаңында Алтай өлкесі мен Шығыс Қазақстан облысы арасында туризм саласы бойынша меморандумға қол қойылды.

Челябі (Ресей)

(Тақырыптың жалғасын газетіміздің келесі санына оқисыздар)

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button