Ағымнан жарылсам

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, дәстүрлі әнші: – Менің шәкірттерімнің бір ерекшелігі – оқу бітірген соң өз ауылдарына барып қызмет етеді

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, дәстүрлі әнші:   – Менің шәкірттерімнің бір ерекшелігі – оқу бітірген соң өз ауылдарына барып қызмет етеді

Ауылда екі кіндік шешем бар

– Рамазан аға, сіз дәстүрлі ән өнерінің өкілісіз. Оның үстіне бойыңыздағы қазақи болмысыңыз ауылдың қара топырағында аунап-қунап өскендігіңізден хабар береді. Туған ауылыңызға жиі барып тұрасыз ба?

– Менің туып-өскен жерім – Алматы облысындағы Кеген ауданының Көкпияз ауылы. Алтын бесік ауылыма жиі барып тұруға тырысамын. Кейде қуанышқа, кейде өмірден өткен ата-бабалардың рухына құран бағыштауға барып тұрамыз. Өзімнің туып-өскен ауылымда жақын туған-туыстарым қалмады, бәрі көшіп кетті. Бірақ қанша айтқанмен де елдің аты ел ғой. Есейіп кетсем де өскен өңірімнің әрбір көрінісі, тау-тасы ыстық көрінеді екен. Сол себепті, арнайы уақыт тауып, үлкен кісілердің қолын алып қайтқанға не жетсін?! Бір қызығы, сол ауылда менің екі кіндік шешем бар. Шешем мені үйде босанған екен. Сол шешелерімнің біреуі – Сара деген кісі, екіншісі – Күмісхан деген аяулы жан. Негізі Сара шешемнің жасы үлкен. Анам мені босанғанда Сара апамыз Күмісхан әпкеме жолын беріп тұрып: «Талай кіндікті кесіп жүрмін. Қазір мен көтеріп тұрайын, сен кес. Болашақта екеуіміз де кіндік шешесі болайық» деп серт берген екен. Осы екі анам тұрады ауылда. Әкемнің көзін көрген замандастарын, сол кісілердің жүріп өткен жолын, еңбек еткен табысты жылдарын, табанының табы түскен қасиетті жерлерін әрине сағынасың. Сол кезде барып мауқымды басып қайтамын. Ауылымды ұмытқан емеспін.

– Ауылыңызда әнші-күйшілердің байқауын ұйымдастырып тұрады екенсіз. Бүгінде жалғасын табуда ма?

– Ауданымызда «Аспан-таудан ән оздырған» деген үлкен конкурс жарияладым. Менімен бірге оқыған Ғалымжан Досанұлы деген азаматтың атынан берілді. Сонда Райымбек ауданында күйшілік, әншілік номинация бойынша Жетісу өлкелік күйшілердің, әншілердің авторлық шығармалары немесе қоңыр өлең, қара өлең, халық күйлері орындалды. 70-ке тарта талапты өнерпаздар қатысты. Сол ел-жұрттағы тамыры тереңге кеткен осы дәстүрдің жоғалмауы мені қатты қуантты. 6-шы сыныптағы жеткіншектен бастап 11-ші сынып аралығындағы домбырасын құшақтаған балаларды көргенде көкіректі қуаныш кернейді екен. Жүлделі орындардан көрінгендер былтыр Алматыға келіп, жоғары оқу орнына түсті. Аталмыш шараны екі жылда бір өткізіп тұрамыз. Ал демеушілік жағынан келсек, атқа мінген, өнерге деген көзқарасы түзу, елге деген тілегі, жүрегі бар азаматтар қол ұшын беріп жатыр. Сондай жанашыр кісілердің үлкен көмегімен бәйгеміз былтыр басталды.

Әйел адамның шаруасына араласпаймын

– Рамазан аға, соңғы жылдары ұстаздық жолды таңдап, Алматыдағы Жүсiпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжiнде дәстүрлi ән өнерiнен жеке сыны¬быңызды аштыңыз. Сөйтіп, талай жанға шарапатыңыз тиіп жүр. Ал ізіңізді қуған шәкірттеріңіз қазір қайда жүр?

– Енді «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, шәкірттерімнің бәрі мен үшін мықты. Менің шәкірттерімнің бір ерекшелігі – оқу бітірген соң өз ауылдарына, туған өңірлеріне барып қызмет етеді. Мысалы, сонау Қостанайда талай конкурстарда қанжығасын майлаған Талғат Молдағалиев деген шәкіртім бар. Қарағандының филармониясында белді әнші болып жүрген Дулат Ақановтың өзі неге тұрады?! Талдықорғанда Ләззат Жанаманова, Семейде Жасұлан Сақаев, Қытайдың Күйтін дейтін қаласында Арман Әубәкірұлы сабақ беріп жатыр. Сондай-ақ, мектеп қабырғаларында да дәріс беріп жүрген балаларым бар. Менен тәлім алған жастар бүгінде биік белестерді бағындырып жүр. Гүлсім Арысбаева деген шәкіртімнің маған келуі үлкен жаңалық болды. Өйткені, Сыр елінің жырын, толғауын айтып жүрген жас түлек мысалы менің қолыма келіп, Жетісу, Арқа мектебін бітіріп, Алматыдағы белді-белді концерттерде өнер көрсетті. Мысалы, Моңғолиядан Өзгеріс Шерікбай деген азаматты алып келгеніме екі жылдай уақыт болып қалды. Дүбірлі додаларда бағын сынап көруге ниетті, қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мінеки, адуынды, атырылып тұрған жастарды көргенде, дәстүрлі әншілік өнердің тұнығын көргендей әсер береді. Ал мен ұстаз ретінде сол тұнықты лайлатпай, тыңдарманның құлақ құрышын қандыра берулеріне тілектеспін.

– Түздегі еркектің көңілін жай таптырар орны – шаңырағы. Ал сол шаңырақтың шаттығы мен жылуын сақтап, сіздің өнердегі жолыңызды қолдай білген жарыңыз – әнші Ұлту Қабаева да тыңдарман қауымға жақсы таныс…

– Алматыға арман қуалап, өнер іздеп үлкен мақсатпен келдік қой. Бала кезімізде Алматыда тұрғанның өзі бақыт қой деп армандайтынбыз. Алланың қалауымен әскери борышымызды өтеп келгеннен кейін осындағы эстрада және цирк студиясына түстік. Мен халық бөлімінде, Ұлту эстрада бөлімінде дәріс алу бақытына ие болдық. Сол шаңырақта оқып жүріп таныстық, дос болдық, сол білім ордасын бітіргенше шаңырақ құрдық. Негізінде адам баласы ішіндегі сырын сыртқа жайып, әркімге ашылып айта бермейді ғой. Ал біздің бір-бірімізге сенгеніміз соншалық, екі-үш жылдың ішінде сенімімізге кіре бастадық. Сол сеніміміздің беріктігінің нәтижесінде бүгінде үлкен шаңырақ иесі болып отырмыз. Мінеки, содан бері де ширек ғасырдың арғы-бергі жағы болып қалыпты. Аллаға шүкір, бүгінде Олжас және Перизат Стамғазиев деген перзенттерді тәрбиелеп отырған жайымыз бар. Енді солардың қызығын көруді нәсіп етсін!

– Жалпы Рамазан Стамғазиев десе, құлағымызға кең тынысты, жанға жайлы қоңыр үніңіз келеді, ал көз алдымызға сал-серілерден қалған тұяқ – Ақан, Біржандардың жалғасы сынды тұлға елестейді. Ал отабасын¬дағы болмысыңыз қандай?

– Мен ауылдан шыққан қазақпын ғой. Шіреніп отырғанды жаным сүймейді. «Осы сенің ғана міндетің екен» деп, басқаға сырып тастап, «тек қана мен осымен ғана шектелем» деген өзімшіліктен аулақпын. Мендегі ең басты нәрсе – әйел адамның асханада жасап жатқан тамағына, жуып жатқан кіріне, болмаса өсек-әңгімесіне араласпаймын. Ал ер адамға тән сырттың, түздің шаруаларын, әкелік парыз бен тағы басқа жүктелген міндеттерді асырып орындауға тырысамын. Сондықтан мен еркекпін деп қабақты түйіп алып, өз білеріммен отырғаннан аулақпын.

Саятшылыққа қызыққаным рас

– Аңшылық-саятшылықпен әлі күнге дейін айналысасыз ба?

– Баяғы кездері қызыққаным рас. Әккі аңшыларға ұқсағымыз келіп, шапқылап-шапқылап, қазір шаршадық (күліп). Енді құралайды көзге атқан мерген де емеспін, таңнан қара кешке дейін сабылып жүретін аңшы да емеспін. Кей кездері мынандай жағдай болады. Шетелдерден достарың, таныстарың келіп қалса, құрметтеп апаратын, қызықсыншы деп көрсететін қаладан орын таппай қаласың. Сонда сонау Нұра деген ауылда «Жеті қазына» деген саятшылық клуб бар. Ал мен сол жерге апарам. Неге дейсіз ғой? Өйткені ол жерде қазақтың бүкіл дәстүрі жатыр. Есіктен кірген бетте отыратын сырмағына дейін, басқан керемет оюлы киіздеріне дейін, сегіз, он екі қанат киіз үйі, оның әрбір шегесіз тігілген уығы, әрбір керемет зерделеп салған оюы мен жібі, шашақтарына дейін олар үшін таңсық. Көрдіңіз бе?! Сол табалдырықтан аттаған сәттен бастап, ол қазақтың кім екенін сезеді, біледі. Алдарына ұсынылған тамағының өзінен біраз нәрсе ұғады ғой. Астына әбзелденген ер-тұрманымен атқа мінгізіп, үстіне саятшылардың киімін кигізіп, қолына биялайын беріп, бүркітін іліп, құмай тазысын артына ілестіріп, қырдың басына, таза ауаға тақымын тоздырып бір күн жүргізгеннің өзі неге тұрады?! Бастысы, қажалған тақымын қазақтың басып берген мөрі сияқты ол өмір бойы ұмытпай жүретін болады.

– «Арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар» демей ме? Армандарыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Адамда арман таусылған ба? Тұрмыс-тіршілігімде ел-жұртым, әулетім аман болып, біздің аңсаған жолымызды жалғастыратын ұл-перзенттерім, ағайыным аман болса екен деймін. Шығармашылық жағынан істелетін жұмыс, айтылатын сөз, көрсететін істер толып жатыр. Соның бәрін қолға алуымыз керек. Бір қынжылатын нәрсе, кейінгі кезде байқаймын тіл мәселесі мәз емес. Өйткені, қазағымның керемет көне тілі, шұрайлы сөздері қазір есіктің арғы жағында сығалап тұр. Сондықтан ұлттық тіліміз төрімізде тұрса екен деген де арманым бар. Осы тұрғыдан алғанда керемет армандарым көп. Бір сенетін нәрсе, қазақ деген ел тұрғанда, қазақтың қара топырағын басып жүргенде, ұлттық құндылық дүниелеріміз абыройлы болып, кім екенімізді айтып жүретіндей үлкен деңгейде тұрсақ, болғаны.

Осы айдарда

Back to top button