Қоғам

Құралдан жұрдай болса, қандай тәжірибе берсін

Құралдан жұрдай болса, қандай тәжірибе берсін


Кәсіптік-техникалық білім алған соң, өндіріске, кәсіпорынға барған жас мамандар келген жерінде бірден жұмыс істеп кете алмай, кібіртіктеп, жұмыс берушілердің сынына ұшырап жатыр. Түлектер осы заманға лайықталып жарақтандырылып жатқан қазіргі өзгеше өндіріс желілерінде, техникаларда жұмыс істеуді меңгеру түгілі, мұндай жаңа атаулыны бірінші рет көріп тұрғанын қайдан білсін олар. Мамандар кәсіптерін теория жүзінде оқып-тоқығанымен, өздері атқаратын істі егжей-тегжейлі көріп, біліп, құралдармен жұмыс істеп үйренбеген. Кәсіптік білім сапасыз беріліп жатыр деген сөз осыдан шығып отыр.

Тау-кен металлургия өнеркәсібі үшін кадрлар дайындап отырған Риддердегі аграрлық-техникалық колледж студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп, білімдерін жетілдіру бағытында «Казцинк» компаниясының осы қаладағы металлургиялық кешенімен, кен байыту комбинатымен, кеніштерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бастапқы курстарда колледж студенттері зертханалық жұмыстар жүргізіп, мамандықтың теориясын оқып, соңғы курста кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Алайда металлургия саласының мамандарын даярлап, аймақтағы ірі кәсіпорынмен бірлесе жұмыс істеп жатқан бұл белгілі колледждің өзінде де болашақ мамандардың тәжірибесін арттыруда, оларды кәсіби маман деңгейінде даярлауда түйіні тарқатылмай отырған мәселелер бар.

Риддер аграрлық-техникалық колледжінде еліміздегі «Кәсіпқор» кәсіптік білім беру орталығының ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен семинарда осы мәселелер – елдегі тау-кен өнеркәсібіне қажетті кәсіптік-техникалық мамандарды сапалы даярлау, оларды оқытуға инновациялық білім беру технологияларын енгізу мүмкіндіктері қаралды. Кәсіптік-техникалық колледждердің басындағы бүгінгі жағдай сөз болды.

Александр Самойленко, Риддер аграрлық-техникалық колледжі директорының кәсіби дайындау жөніндегі орынбасары:

Құралдан жұрдай болса, қандай тәжірибе берсін

– Дуальді оқыту жүйесі, колледждерді дамыту туралы айтқанда, олардың студенттерге білім беруге, тәжірибе жинақтатуға, үйретуге аса қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтылмай отырғандығы ең басты мәселе болып алдымыздан шығады. Қазіргі уақытта кәсіпорындар жұмыс істеп жатқан заманауи құрал-жабдықтардың, техникалардың біреуінің бағасы ең аз дегенде 10 миллион теңгенің үстінде тұрады. Оларды кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің сатып алуы тіпті де мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселе дуальді оқыту жүйесімен, үшжақты: кәсіпорын, студент, оқу орны келісімі негізінде шешіліп келеді. Алайда бүгінде кәсіпорындардың көпшілігі бұл жүйеге қызығушылық танытып, ынта білдіріп отырған жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан кәсіпорындардың дуальді оқыту жүйесіне, студенттерге тәжірибе беріп, үйретуге деген қызығушылығын арттыратындай оларға салықтық жеңілдіктер беру сияқты қолдау мақсатындағы заңдық-құқықтық тетіктер қарастыру керек деп ойлаймын.

Қызық болғанда, Риддердегі аграрлық техникалық колледж тау-кен металлургия кәсіпорындарындағы тозып, әлдеқашан есептен шығарылып қаңсық болып қалған ескі-құсқы құрал-жабдықтарды да өздеріне ала алмай отыр. Кәсіпорынға керегі болмай қалған ол техникалық құралдарды алу үшін түрлі құжаттар жинап, қаншама талаптарды орындау керек екен. Егер сол кеніштерде есептен шығарылып тасталған техникаларды компанияның балансынан колледждің балансына өткізіп берсе, студенттердің өндірістік тәжірибесін арттыра түсуге аз да болса өзіндік көмегі тиер еді дейді колледж оқытушылары.
Кәсіптік-техникалық оқу орындарының кәсіпорындарға жалтақтап, құралсыз отырған мұндай күйі жақсармаса, мықты маман қайдан болсын.

СТУДЕНТТЕРГЕ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕП ЖАТЫР

Риддердегі аграрлық-техникалық колледждің атын шығарып, даралап отырған –оның түлектері. Себебі бұл оқу орнын бітірген студенттер сұраныссыз қалмайды, 90 пайызға жуығы дипломдарын ала салысымен жұмысқа орналасып жатыр. Оқу орынын бітіргендердің барлығы дерлік осы қаладағы Казцинк компаниясының металлургиялық өндірістеріне, кеніштеріне жұмысқа алынады. Колледж студенттері соңғы курста бір жыл бойы Риддер металлургиялық кешенінде, кен байыту комбинаты мен оның кеніштерінде өндірістік тәжірибеден өтіп, оқып-тоқығандарын түйіндейді.

Оған қоса студенттердің сапалы білім алуына колледждегі ресурстық орталықтың тигізіп отырған септігі де көп. Осы орталықта 18 квалификация бойынша курстық дайындықтан өткен студенттер бірнеше жұмысшы мамандығын игеріп шығуда. Екі шеберхана, 14 зертхана, тау-кен полигоны, орман питомнигі мен трактородром студенттерге мүмкіндігінше жұмыс берушінің талаптарына, сұранысына сай кәсіби білім беруге жағдай туғызып отыр. Студенттер өндірістік тәжірибеден өткенде, оларға кәсіпорындар еңбекақы төлеуде.

Риддер аграрлық техникалық колледжінің облыстағы 83 колледждің арасында бірінші бестіктің ішінде тұруы – болашақ мамандарға сапалы білім беруге мүмкіндік тудырып, тудыруға тырысып отыруының нәтижесі.

Құралдан жұрдай болса, қандай тәжірибе берсін

Колледждегі тау-кен полигоны да студенттердің біліктілігін арттыру үшін арнайы салынған. Жұмысшы кеніштің, шахтаның ішінде қандай жағдайда еңбек ететін болса, бұл полигонда да студент сондай жер асты жағдайында жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Шахтаға, кенішке түсіп көрмеген студент осы полигоннан оның жер астындағы дәлме-дәл көшірмесін көріп, сол кеніште жұмыс істеуге, өзін қалай ұстауды, техниканы қалай жүргізуді, басқаруды үйренеді. Бұл – облыстағы ғана емес, республикадағы жалғыз, бірегей тәжірибе жинақтау кешені. Мұндай оқу өндірістік тау-кен полигоны басқа ешбір облыста, колледжде жоқ. Полигонда болашақ кеншілер мен тау-кен электр механиктері электровоз, жүк тиеуші, тау жынысын бетондаушы машина, тағы да басқа 20 өнеркәсіптік техника түрімен жұмыс істеп жатыр. Полигонның кеніштен еш айырмашылығы жоқ. Бірыңғай басқару жүйесіне енгізілген кеніш техникаларының бәрі бақыланып отырады. Студенттер бұл жердегі жұмыс орындарының өзіне орналаспас бұрын алдын-ала қауіпсіздік техникалары шараларын оқып, тапсырады.

-Түлектеріміз кенішке барғанда дүрілдеп, гүрілдеп тұрған жер асты техникаларынан қорықпай, жасқанбай, бірден тапсырылған жұмысына кірісіп кете алады. Өйткені олардың бәрі кітаптан оқып, компьютерден көрген кеніш техникаларында жұмыс істеуді осы полигоннан үйреніп барады, – дейді 43 жыл бойы техникалық мамандықтарды оқытып келе жатқан колледж директорының орынбасары Александр Самойленко. – Осында тәжірибе алған кенші, тау-кен механигі мамандары түгелдей 100 пайыз жұмысқа тұрып жатыр.

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ

Оқу орнында емтихан жүріп жатыр. Оқытушы алдына келген студентке:
-Филолог мамандығын не үшін таңдадың?
-Тіл, әдебиеттен басқаға тісім батпады…
-Неге күлесің?!
-Бірінші сұраққа мүдірмей, бүкпесіз жауап бергеніме қуанып тұрмын…

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button