
Өскемендігі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада жерлесіміз, Қазақ радиосының ардагері Көкенай Камалиевпен онлайн кездесу өтті.
Көкенай Камалиев 1937 жылы 18 ақпанда Зайсан ауданы, Көгедай ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Абай атындағы опера және балет театры жанынан ашылған студияны тәмамдап, театрда үш-төрт жылдай қызмет еткен. Режиссер-ардагердің айтуынша, 1961-1963 жылдары туған ауылы Көгедай орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беріп, көркемөнерпаздар ұйымын басқарған. 1977-1997 жылдар аралығында Қазақ радиосында «Алтын қор» редакциясында музыкамен көркемдеуші және дыбыс режиссері қызметін атқарып, қазіргі уақытта еңбек демалысына шыққан.
Биыл қазақтың рухани тірегі, ұлттың үні Қазақ радиосына – 100 жыл. Түп-төркіні сонау 1921 жылдың қазан айынан басталатын Қазақ радиосы талай тарихты бастан өткерді. Осы радио біздің өмірдегі орнымызды табуымызға үлкен бір септігін тигізді.
Қазіргі уақытта, өкініштісі, радионың орнын ғаламтор желісі басып, радио тыңдаудан шектеліп қалдық. Әрине, интернеттің орны бір бөлек болғанымен бізге радио қажет дейді кітапхана қызметкерлері.
Шара соңында кездесу қонағы Қазақ радиосының тарихы жайында әңгіме қозғап, жастармен пікір алмасты.