Радиоактивті қалдықты сақтайтын жүйені қайта қалпына келтіру қажет
Газетіміздің өткен сандарында хабарлағанымыздай, облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансерде «Семей қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық орталық құрылысы. Радиоизотопты диагностика және терапия бөлімі» жобасы бойынша республикалық ведомствоаралық комиссия жұмыс істеді. Жобада Ядролық медицина орталығының күрделі мәселелері қарастырылды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой басқарған комиссия жұмысының нәтижесінде Ядролық медицина орталығындағы сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтап, сақтайтын жүйе, қондырғының талапқа сай еместігі анықталды. Дегенмен, жұмыс тобы облыстық әкімшілікке тексеру қорытындыларын ұсынғаннан кейін, соңғы шешім сол жақта қабылданатын болды. Сондай-ақ, комиссия қондырғылардың жобалық-сметаға сәйкес жасалмағандығын, радиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сай еместігін де жұмыс барысында анықтады.
Комиссия мүшелері Ядролық медицина орталығының жұмысы кешеуілдеуінің себебі, сұйық радиоактивті қалдықты (СРҚ) сақтап, жинақтайтын қорап жүйенің дұрыс еместігі туралы мәлімдеді. Бұл жүйе арнайы құбырлар мен су құбырына қатысы бар болғандықтан, стандарттарға сай емес. СРҚ-ның жүйесі толық зерттелгені туралы 2017 жылдың 30 қаңтарындағы жұмыс тобының актісі тіркелген. Осы акт ведомствоаралық комиссияның негізгі құжаттарының бірі болды. Онкологиялық диспансерде өткен жиында ведомствоаралық комиссия мүшелері осы құжатқа түгел қол қойды.
Бұл құжатта сарапшылар радиологиялық қауіпсіздік жөнінде нақты анықтама берген: «Қайта жабдықталып орнатылған құрылғының құрамы мен орнатылуындағы кемшіліктерге орай, бұл жүйеде радиоактивті қалдықтармен мүлде жұмыс істеуге болмайды» деп атап көрсетіліпті. Комиссияның пікірінше, құрылғының жинақтаушы ыдысында сұйық және қатқыл қалдықтар өзара бөлінетін болған. Бұның ішінде сұйық бөлігі бак-тұндырғыға ағып, ал қаттысы ішіне жинақтала беру керек екен. Бірақ мердігер компания мұндай технологиялық процесті түрлі бөлімдерге бөліп, көрсетіп беретін құжат дайындамапты. Радиологиялық қатты және сұйық қалдықтар қайда кетеді, мүлде белгісіз. Бак-тұндырғылардың қабырғасы қос қабатталған мықты болуы керек. Бұл да мердігердің құжатында жоқ. Ал Семейдегі Ядролық медицина орталығына орнатылып қойылған шала-шарпы қондырғының радиациялық қауіпсіздікке сәйкес келмейтіндігі өз алдына, комиссия мүшелері осынау СРҚ-ның қайдан келгенін анықтай алмапты. Семей Ядролық медицина орталығының техникалық бөлімінің мамандары мердігерлермен бірге жұмыс істеген екен. Айтуларына қарағанда құрылғы Шымкент жақтан әкелінген, бірақ кім, қай мекеме жасаған, ол жағы мүлде белгісіз.
-Радиоактивті йодты сақтайтын ламинарлы шкаф та қауіпсіз деп айта алмаймыз. Сондықтан да бұл тұста жұмыс жасаған медицина қызметкерлері сәулеленуге ұшырауы ғажап емес,-деді Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының циклотрон операторы Дәурен Әділбаев. – СРҚ-ның барлық бөліктері қауіпсіз болуы тиіс. Біз СРҚ орнатумен шұғылданып жүрген итальяндық фирма өкілдерімен сөйлескенде, олар тек автоматтандырылған жүйеге ғана кепілдік бере алатындығын айтты. Ал СРҚ-ның тұндырма бөлігі, желдеткіші, тоңазытқышы қызмет етуі тиіс. Бірақ байқасақ, қондырғының әрқайсысы әр жерден әкеліне салынған. Олар бір-бірімен сәйкес келе ме, жоқ па, ол жағы мүлде белгісіз.
Комиссия мүшелері анықтағандай, СРҚ-ның жүйесін әкеп, құрған мердігер мекеменің бұл істі қолға алуына ешбір рұқсаты жоқ екен. Мердігерлердің қолында арнайы лицензия рұқсат қағазы болмай шыққан. Бұл туралы Энергетика министрлігі атом энергетикасын бақылау мен қадағалау Комитетінің өкілдері айтты. Мердігерлер орнатқан құрылғылардағы технологиялық процесс комиссия мүшелеріне мүлде түсініксіз болды. Сондай-ақ, құрылғылар орнатылған бөлменің ішкі сылағы дұрыс емес, желдетілуі де есепке алынбаған.
Сондықтан да комиссия мүшелері мынандай ұсыныс айтты. Бұл нысанды қазіргі таңдағы заңнамалар жүйесіне сәйкес, радиациялық қауіпсіздік деңгейіне келтіртіп және бітпей қалған құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтату, желдеткішті іске қосу, медициналық және технологиялық құрылғылардың жұмысын толық іске қосу сияқты мәселелер бойынша бас мердігерді міндеттеу керек. СРҚ-ның жүйесін әуел баста жоба құжатында көрсетілгендей талаптарға сәйкестендіріп, қайта жөндеу, дұрыс қалыпқа келтіру қажет. Ал ІІМ ТЖ комитетінен берілген ұсыныс бойынша, Ядролық медицина орталығында жергілікті құлақтандыру жүйесін орнату керек, бұл да қауіпсіздік талаптарының бірі. Мұны арнайы рұқсаты бар ұйым іске қосуы қажет. Сондай-ақ, «Азаматтық қорғаныс» туралы Заңға сәйкес, осынау денсаулық сақтау ғимаратында апаттан құтқару тобының жеке бөлімін ұйымдастыру керек.
Раушан Нұғманбекова
Семей