Әр жобаның тиімділігі талданады
«Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорны өзіне еншілес бірнеше мекемені жекешелендірмек. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесінде айтылды.
Корпорацияның еншілес кәсіпорындары саналатын «Жәрдем», «Семей құс фабрикасы», «Семей-Авиа», «Шығыс Самғау», «Облтуркомхоз» сынды бірнеше кәсіпорын жекешелендірілуі мүмкін. Соның ішінде төрт кәсіпорын қазір банкроттық жағдайды бастан кешіріп жатқандықтан, бұл жұмыс жартылай тоқтап тұр.
Корпорация өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты жобалармен шектелмей, көлденең кедергіге тап болған кәсіпкерлік нысандарға қолдау көрсетпек. Атап айтқанда, «Мэлисса», «Ақмаңдай», «Трамвай паркі» ЖШС мен «Құлагер» шаруа қожалығы мемлекет көмегіне мұқтаж. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл мәселе бойынша жеке жиын өткізіп, әр жобаның тиімділігін терең талдау керектігін атады.
– Әр жобаның тиімділігін жеке қараймыз. Мысалы, «Мэлисса» ЖШС өрттен зардап шегіп отыр. Оның ресейлік банк алдында қарызы бар екен. Бізге ресейлік банктің несие мәселесі емес, шығысқазақстандық кәсіпкердің аяқтан тұрып кетуі маңызды. Біз бұл іске осы жағынан келеміз. Ал трамвай паркін жаңғырту жобасы әлі де көп зерделеуді қажет ететін шаруа. Оны жеке қарастыратын боламыз, – деді аймақ басшысы.
Жиында тұралап тұрған құрылыс нысандарының тағдыры, Семей және Өскемен қалаларын абаттандыру мәселелері де қаралды. Биыл облыс орталығында 21 қиылыс қайта жарақтаудан өткізілмек. Алайда, бұл шаруаны жобалаушы компаниялар кешеуілдетіп келеді. Тиісті құрылымдардың жұмысын жеткілікті деңгейде үйлестіре алмаған қала әкімдігін сынға алған аймақ басшысы индустриялық аймақтардың тамырына қан жүгірту қажеттігін де атады.
Есжан Ботақара