Өңір спортына серпін берер сервистік қызмет

Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Тарлан батырлары» ЖШС-нің директоры, Олимпиада чемпионы, даңқты боксшы Бақтияр Артаевты қабылдады. Кездесу барысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында облыстық әкімдік пен «Тарлан батырлары» ЖШС арасында Семей қаласында күш қолданылатын спорт түрлерінен сервистік қызмет көрсету және жаттығу барысын ұйымдастыру туралы келісімшартқа қол қойылды. Аталмыш жоба Қазақстан бокс федерациясының бастамасымен қолға алынып отыр.
Кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов осы күнге дейін мұндай келісімшарттар тек білім беру мен денсаулық сақтау салаларында ғана жасалғанын атап өтіп, бұл қанатқақты жобаның болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
– Елбасының мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту туралы тапсырмасына сәйкес алдағы үш жыл көлемінде «Тарлан батырлары» ЖШС-мен тығыз жұмыс істейтін боламыз. Енді Бақтияр Артаев бастаған азаматтар тобы Шығысқа білікті мамандарды тартып, жаңа жаттығу әдістерін енгізуге көмектеседі, – деді Даниал Ахметов.
Аталмыш келісімшартқа сәйкес облыс әкімдігі жаттығу жұмыстарын ұйымдастыруға қаражат бөлетін болады. Ал даңқты боксшы Бақтияр Артаев Семейдегі спорт кешенінде жаттығатын балаларды дзюдо, еркін күрес, ауыр атлетика, бокс, таэквондо сынды басқа да спорт түрлеріне баулитын бапкерлерді іріктеуден өткізіп, балалардың жаттығу жұмыстарын қадағалайтын болады. Айта кетейік, «Тарлан батырлары» ЖШС ұсынатын сервистік қызмет түрлері ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, сондай-ақ, балаларға тегін көрсетілмек.
– Біздің орталықтың Шығыс өңіріндегі алғашқы қанатқақты жобасына қолдау білдіріп, сенім артып отырған облыс әкімі Даниал Ахметовке алғыс білдіремін. Бұған дейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында келісімшарт жасап, аталған өңірлердегі спорттық кешендерде сервистік қызмет көрсетуді қолға алған болатынбыз. Нәтижесі жақсы, – дейді Бақтияр Артаев.
Алдағы уақытта Олимпиада чемпионы басқаратын «Тарлан» ЖШС-і Семейдегі бұқаралық спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығатын 350 балаға сервистік қызмет көрсетіп, олардың жаттығу жұмыстарын өз бақылауында ұстайтын болады.
Ажар Сағатбекова