ӨҢІР СПОРТЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында өңіріміздің спорт активімен кездесу өткізді. Жиын барысында жоғары жетістіктерге қол жеткізген спортшыларға стипендия табыс етті.
Кездесу басталмай тұрып мәртебелі меймандар мәдениет сарайының фойесінде орналастырылған көрмені тамашалады. Көрмеде аймақтағы барлық аудандар мен қалалардың спорттағы табыстары фотосуреттер, кубоктар, грамоталар, медальдар және басқа да заттар арқылы паш етіліпті. Айталық, Үржар ауданы өзінің біртуар перзенттері: қазақ күресінен Әлем чемпионы Шалқар Жоламанов, Азия чемпионы Дархан Баяхметов, Әлем біріншілігінің қола және күміс жүлдегері Алмат Кебіспаев сынды саңлақтарының суреттерін және олар иеленген марапаттарды көрмеге қойса, Семей қаласы Азия ойындарының күміс жүлдегері Дастан Ықыбаев, үш дүркін Еуразия ойындарының жеңімпазы Екатерина Быкова, дзюдодан бірнеше дүркін Азия чемпионы Гүлжан Исанова сияқты мықтылармен мақтанатынын көрсетіпті.
Сол сияқты көпшілік назарына қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атанған балуанға берілетін «Алтын белбеуден» бастап хоккей, волейбол, баскетбол, жеңіл және ауыр атлетика, шаңғымен жүгіру және басқа да спорт түрлерінен жерлестеріміз жеңіп алған медальдар мен кубоктар ұсынылыпты. Қысқасы, алысқа бармай-ақ, осы көрмеден облыс спорттының қысқаша даму тарихын танып, білуге болады.
Көрме барысында белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына арналған «Золотой олимпийский маршрут» атты жаңа кітабының бірнеше данасын өзінің қолтаңбасымен оқырмандарға сыйлады.
Аймақ басшысымен бірге бұл жиынға Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Анатолий Құлназаров, «Торпедо» хоккей клубының бас менеджері, Олимпиада ойындарының жүлдегері, екі дүркін Стэнли кубогінің иегері Сергей Немчинов, аудандар мен қалалардың әкімдері және сала мамандары қатысты.
Өңір спортының қазіргі жағдайы және алда тұрған мақсат-міндеттер туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов қысқаша баяндама жасады. Оның келтірген деректеріне көз жүгіртсек, аймағымызда жүйелі түрде денешынықтырумен айналысатын адамдардың саны өткен жылдың қорытындысы бойынша 400 мыңнан асып түскен. Бұл – республикадағы үшінші көрсеткіш. Осы орайда өткен бір жыл ішінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 4 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 700 мыңнан астам адам қатысыпты.
– Бүгінгі күні облыста спортпен және денешынықтырумен шұғылдануға арналған 3132 нысан жұмыс істеп тұр. 38 спорт мектебі балалар тәрбиелеуде. Спорттың 88, оның ішінде 34 жазғы және 10 қысқы олимпиадалық, сондай-ақ, 44 олимпиадалық емес түрін дамыту қолға алынған, – деп түсіндірген Елдос Чикенов болашақта облыс спортын дамытуда қандай жұмыстар атқарылатынына тоқталып өтті.
Баяндама соңында басқарма басшысы жасөспірімдер мен жастардың II қысқы спорт түрлерінен Қазақстан чемпионатында бірінші орын иеленген шығысқазақстандық спортшыларға берілген Кубокті облыс әкіміне тапсырды. Ал аймақ басшысы ол Кубокті спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Борис Шалпаковқа табыс етті.
Өскеменде футбол академиясы құрылады
Жиында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аймақ спортын алға бастыратын бірсыпыра міндеттер мен жобаларды атап өтті.
– Аймақтағы жиыны балалар-жасөспірімдердің 16 спорт мектебі аудандар мен қалалардың қаржыландыруына берілді. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, әкімдер ол мектептердің барлық жағынан қамтылуына барынша көңіл бөлетін болады, – деген Даниал АХМЕТОВ футбол, хоккей, ауыр және жеңіл атлетика сынды бірқатар спорт түрлерін дамытуға бағытталған жоспарларды атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, Шығыстың футболын шыңға шығару үшін ең бірінші кезекте балалар мен жасөспірімдер аяқдобын әлемдік үлгіде дамыту қажет. Ол үшін Өскеменде испандық немесе германдық үлгіде футбол академиясы құрылмақ. Академияның қызметін басқаруға аталған шетелдерден мамандар шақыртылады. Бұған қоса облысымызда «Алтай» деп аталатын бір ғана футбол клубы болады. Ал теңбіл допты тебуге үйрететін барлық мектептер мен жаңадан ашылатын академия осы «Алтай» клубын ойыншылармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.
Шайбалы хоккейге келетін болсақ, бұрынғы атауын қайтарып алған «Торпедо» клубы жоғары деңгейде өнер көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Бұл орайда үш үлкен базалық клуб, екі фарм-клуб құрылады. Оған қоса балалар-жасөспірімдер хоккейі мықтап қолға алынады. Қазір Өскеменде үш хоккей модулі жұмыс істесе, дәл осындай екі модуль ағымдағы жылдың соңына дейін Риддер мен Зырян қалаларында ашылады. Ал келесі жылы Аягөз бен Үржар аудандарында мұз айдыны кешені бой көтереді. Нәтижесінде кейінгі кездері беделі түсіп кеткен Шығыс хоккейінің бұрынғы даңқын қайтаруға мүмкіндік тумақ.
Өскемендегі О. Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежінде жеңіл атлетика түрлеріне жете көңіл бөлінсе, Жекпе-жек сарайында күрес түрлеріне басымдық берілетінін айтқан аймақ басшысы, келесі жылы Семей қаласында спорт кешенінің жанынан 200 балаға арналған спорт интернат ашылатынын және онда бүкіл облыс бойынша спорттағы ең дарынды балалар күрес түрлеріне үйренетінін жеткізді.
– Нағыз спортшы тәрбиелеп шығару әрине дұрыс, алайда, біз еліміздің мықты азаматын тәрбиелеуді басты міндет санауымыз керек. Сондықтан Семейдегі интернатта спортты жетік үйретумен қатар жоғары дәрежелі медициналық қызмет, сапалы білім беру барлығы жолға қойылады, – деп нақтылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ су спорты мен ауыр атлетикаға да айрықша көңіл бөлінетінін мәлім етті.
Сонымен қатар, Риддер қаласында қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған мектеп-интернатын, Өскеменде сауықтыру диспансерін құру жоспары күн тәртібінде тұрғанын, мұның сыртында Өскемендегі спорт кластерінде биыл ашылған мектеп-интернатта спорттың негізгі алты түрін дамытуға мән берілетінін айтты.

Жиын соңында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жоғары табысқа қол жеткізіп жүрген 38 өңір спортшысына стипендия табыс етті. Айта кетейік, стипендияның көлемі 150 мың теңгеден басталып 1 миллион теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Арнайы стипендияға дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дастан Ықыбаев, самбодан әлем чемпионы Зере Бектасқызы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Юлия Галышева, шаңғымен жүгіруден Әлем Кубогі кезеңінің жеңімпазы Алексей Полтаранин және басқалары ие болды.
Серік Әбілхан