Қоғам

Әр мәселенің өз шешімі бар

Әр мәселенің өз шешімі бар


Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Зырян ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Зырян қаласын аралау барысында шаһардың жылумен қамту жүйесін қайта жарақтандыру бойынша жұмыстарды бес күннің ішінде аяқтауды тапсырды. Облыс басшысы мұндағы проблемалы учаскелерді аралап көріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жұмыс сапарының барысында өңір басшысы осындағы хоккей модулінде және Грехово ауылындағы мүгедектерді оңалту орталығында болды.

Бұған дейін де бірнеше рет жазғанымыздай, мердігер ұйымдардың сылбырлық танытуының кесірінен Зыряндағы кейбір үйлер жылумен қамту жүйесіне уақытында қосыла алмай қалған болатын. Қазіргі уақытта қала жүз пайыз жылумен қамтамасыз етілді. Алайда, жылу трассасының кей бөліктері әлі жабылмағандықтан, кей баспаналарға орталықтандырылған ыстық су әлі жеткізілген жоқ.

Комаров, Каюпов, Горький, Жақсыбаев көшелерін аралап көрген (мердігер компаниялар – «ҰланКом-Сервис», «ВК Техногрупп» ЖШС-тері) Даниал АХМЕТОВ дереу жүйенің кесіліп қалған бөлігін оқшаулап, жылу трассасын жабуды ескертті. Сондай-ақ, аймақ басшысы міндетіне селқос қарайтын мердігерлерге сенім артқанды қойып, мұндай жауапты шаруаға жергілікті коммуналдық ұйымдарды, қалақұраушы кәсіпорындарды тарту керектігін және жылумен қамту кезінде ешқандай үзіліс болмас үшін барлығын жасау керектігін айтты.

Ал аудан әкімі Айбек Кәрімов жылу трассасын оқшаулау жұмыстары басталып кеткендігін, тез арада аяқтау үшін қосымша күштер тартылғанын айтып, бес күннің ішінде барлық шаруа аяқталады деп сендірді.

Бұл арада негізінен Жақсыбаев көшесіндегі және Бульварный тұйығындағы қайта жарақтандыру жұмыстары көбірек алаңдаушылық туғызуда. Мұндағы үй тұрғындары осы уақытқа дейін ыстық суға қол жеткізе алмай отырған жайы бар. Қиын жағдайдан пәтерлердің көпшілігінде орнатылған су жылытқыштар құтқаруда. Жағдайды баяндаған аудан әкімі желінің толықтай дайын екендігін, енді тек тікелей қосу жұмыстары қалып тұрғанын, алайда, ауа райының күрт төмендеп кетуіне байланысты коммуналдық мекемедегілер сақтық танытып отырғанын айтты. Аяздың беті қайтысымен бұл үйлерге орталықтандырылған ыстық су берілетін болады. Аталған мәселе облыс әкімінің жеке бақылауына алынды. Даниал АХМЕТОВ Зырян қаласына салалық басқарма басшысын және «ВК Техногрупп» ЖШС басшысын жіберетінін, олар мәселе түбегейлі шешімін тапқанша қалада болатындығын атап көрсетті.
Енді «УланКом-Сервис» ЖШС-не келетін болсақ, аталмыш мердігер ұйымның басшысы әлі табылмауда. Бұған дейін фирма құны үш миллиард теңгелік Зырян қаласындағы су таратқышты қайта жарақтандыруға келісімшарт жасасқан. Қаражатты толық алғанымен, ол шаруаны да соңына дейін жеткізбеген. Сол үшін зыряндық екі шенеунік жауапкершілікке тартылған. Бұл аз болғандай, осы компания тағы бір конкурсқа қатысып үлгеріп, жылумен қамту жүйесін жөндеу мүмкіндігіне ие болған. Аталған жауапсыз мердігермен және басқаларымен енді сот айналысуда. Облыс әкімі журналистерді бюджет қаржысын ала отырып, сеніп тапсырылған істі соңына дейін бітірмеген, мемлекет есебінен байып отырған осындай мердігерлердің «шынайы жүзін» бұқаралық ақпарат құралдарында әшкерелеуге шақырды.

Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ моноқалада хоккей модулінің ашылуының арқасында пайда болған хоккей секциясының кезекті жаттығуына қатысты. Естеріңізде болса, бұл спорттық нысанның да құрылысында мәселелері шаш етектен болатын. Алайда, оның бәрі де облыс басшылығының қолдауының арқасында бүгінде оң шешімін тапқан. Мұндағы соңғы алынған бірегей қондырғының бірі – кәсіби мұз тазалағыш машина.

Қазірдің өзінде зыряндық жас спортшылар модульге көптеп келіп, хоккеймен және шаңғымен жүгіру спортымен айналысуда. Бүгінде балалармен үш тренер жұмыс істеуде. Алайда, келушілердің көптігінен тағы да мамандар қажеттілігі туындауда. Зырян балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Байболовтың ақпаратынша, штатқа әлі де екі жаттықтырушыны алуға болады. Қазіргі кезде мәнерлеп сырғанау бойынша Қарағанды қаласынан жаттықтырушы әкелуге келіссөздер жүргізілуде. Аудан басшылығы келетін қызметкердің баспана мәселесін шешіп беруге уәде етіп отыр.

Облыс әкімі егер қажеттілік болса штаттық кесте де, сәйкесінше мектеп бюджеті де ұлғаятынын алға тартып, бұл хоккей модулі Зырян ауданы үшін үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Себебі, бұған балалар да, ата-аналар да үлкен қызығушылық танытып отыр. Енді ауданда қысқы спорт түрлерін дамытуға және нақты нәтижеге жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдай жасау қажет.

Ауданның Грехово ауылында орналасқан мүгедектерге арналған оңалту орталығының жұмысы облыс басшысының тарапынан оң бағаға ие болды. Ғимарат қайта күрделі жөндеуден өтіп жатқанда, құрылыс алаңына аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бірнеше мәрте келген болатын. Бұл да проблемалы нысандар қатарынан саналатын. Мердігер тапсыру уақытын созып кеткенімен қоймай, жұмыскерлерге еңбекақы да төлеген жоқ. Орталықтың ұзақ уақыт тұрып қалу қаупі де туындады.

Облыс әкімінің Греховоға келген сапарларының бірінен соң мұндағы құрылысты «Нарын-Сервис» ЖШС қолына алды. Естеріңізде болса, олардың көмегімен Чапаев ауылындағы мектеп және Зыряндағы Шолохов көшесіндегі балабақша қолданысқа берілген еді. Енді оңалту орталығының да барлық қордаланған мәселесін осы мекеме шешіп беріп отыр. Қазіргі уақытта комиссия нысанды қабылдап алды, ғимаратқа қондырғылар мен жиһаздар да әкелінген.

Орталықпен оның директоры Айдын Ожайытов таныстырды. Жаңа әлеуметтік нысан жоғары деңгейде жабдықталған. Аймақ басшысының айтуынша, орталық жабдықталуы жағынан Өскемендегіден кем түспейді. Пациенттер үшін палаталар, жаттығу залы, оңалту, гидромассаж кабинеті бар. Оларға арнайы құрал-жабдықтар орнатылған. Айналаны молынан шолуға мүмкіндік беретін үлкен терезесі бар кең асхана орталықты құдды бір табиғат аясындағы қымбат демалыс үйіне ұқсатады.

Зырян аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Татьяна Шидычтың айтуынша, салалық мекеме Зырян ауданында тұратын мүгедектерден 140 адамды мемлекет есебінен оңалта алады. Бұл адамдардың мекемеге 8(72335) 6 22 53, 8(72335) 6 37 45 телефондары арқылы кезексіз жазылуға тамаша мүмкіндіктері бар. Кейінірек мұнда облыстың барлық түкпірінен адамдар келетін болады. Қаланың шуынан алыста, жақсы жабдықталған, қолайлы жерде орналасқан әлеуметтік мекемеге сұраныстың да көп болары сөзсіз.

Облыс әкімі барлық дайындық жұмыстарын тездетіп, алдағы желтоқсан айынан бастап алғашқы пациенттерді қабылдауға тапсырма берді. Орталық 80 адамға лайықталған. Штатта 90-ға тарта қызметкер жұмыс істейтін болады. Олардың біразы қазірдің өзінде алынған. Мекеме басшысының айтуынша, бірінші кезекте бұл жерге жергілікті тұрғындар жұмысқа алынатын болады. Нысанның іске қосылуы – мүгедек жандар үшін ғана емес, ауыл тұрғындарына да жақсы жаңалық болып отыр. Себебі, мекеме жұмысының ауылды сақтап қалудағы маңызы зор.

Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ барлық проблемалы мәселелер жоспарлы түрде шешіліп жатқандығын атады. Оңалту орталығының ашылуы – соның жарқын дәлелі. Құрылысы ұзаққа созылса да, іске қосылған бұл ғимарат арнаулы көмекке зәру жандар үшін Қазақстанның Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында үлкен сый болмақ. Аймақ басшысы пациенттерді қабылдауға толық дайын болғанда, нысанға тағы бір мәрте келіп қайтатынын жеткізді.

Оксана Сосновская
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button