Қоғам

Ірі кәсіпорындар жалақыны өсіреді

Ірі кәсіпорындар жалақыны өсіреді


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазан айындағы Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырып, еліміздегі ірі компанияларды бұл бастамаға үн қосуға шақырған еді.

Мемлекет басшысының бастамасын Шығыстағы ірі өндіріс орындары қолдап, қазірдің өзінде қызметкерлердің жалақысын көтеруге кірісіп кетті деуге болады. Өскемендегі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақтағы алпауыт кәсіпорындар – «Қазцинк» ЖШС мен «Азия Авто» АҚ қызметкерлерінің жалақысын өсіруге дайын екендіктерін мәлім етті. «Қазцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев қазір компания қызметкерлердің жалақысын есептеуге кірісіп кеткенін, кәсіпорындағы қандай мамандардың жалақысы қанша мөлшерге көбейтілетіндігі келесі аптада белгілі болатындығын айтты.

-«Біздің компанияда 28 мың теңге алатын қызметкерлер жоқ. Президент айтқандай, біз қызметкерлердің жалақысын бір жарым есеге өсірмесек те, жұмысшылардың мамандықтарының ерекшелігін ескере отырып, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбірінің жалақысын 3-4, кейбірінікін 20-30 пайызға көтереміз. Орташа жалақы шамамен 10 пайызға ұлғаяды деп ойлаймыз. Мұны компанияның құрылымдарындағы ұжыммен кездесіп, түсіндіреміз, – дейді А.Хмелев.

«Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаев қазірдің өзінде мекемеде тиісті есептеулер жүргізіліп, қызметкерлердің жалақысын орташа есеппен 20 пайызға өсіргендіктерін жеткізді. Оның айтуынша, «Азия Автода» орташа жалақы 226, ең төменгі жалақы 94 мың теңгені құрайды.

А.Әбіл

Осы айдарда

Back to top button