Қоғам

Ірі кәсіпорындар аймақ бизнесінің арқасүйеріне айналды

Ірі кәсіпорындар аймақ бизнесінің арқасүйеріне айналды


Аймақта іске асырылып жатқан «Ірі кәсіпорындар, компаниялар айналасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың серіктестік бағдарламасы» аясында облыс кәсіпорындарының бір-бірімен ынтымақтастық байланысын арттыруға бағытталған кездесу-сұхбат алаңы өткізілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен шараға «Қазцинк», «ҮМЗ» сияқты ірі кәсіпорындар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Осыдан бес жыл бұрын қанатқақты жоба ретінде тәжірибеге енгізілген аталмыш серіктестік бағдарламасы облыста ең алғаш Экономикалық даму және сауда министрлігі, облыс әкімшілігі, «Қазмырыш» ЖШС, «Атамекен» ҰКП мен «Даму» КДҚ арасында қабылданған ынтымақтастық меморандумынан басталған болатын. «Қазцинк» ЖШС-нің облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен орнатқан байланысы барған сайын нығайып келеді, бұрын қажетті өнімдерін шетелден алып келген компания қазіргі күні өзіне керекті тауарлар мен қызметтердің басым бөлігін жергілікті кәсіпорындардан сатып алып отыр. Әлеуметтік-экономикалық даму аясында мемлекет пен бизнестің бірлесіп атқаратын іс-әрекеттерін өркендету мақсатында өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерін серіктестік бағдарламасына қатысуға тарту шаралары кеңінен жүргізіліп, бүгінгі күні облыстағы 18 кәсіпорын аталған бағдарлама бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойған.

Жергілікті билік, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан мұндай көмек, қолдаулардың бәсеңдемейтінін баса айтқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өнім өндірушілер өз өнімдерін сапалы, бәсекеге қабілетті етіп шығаруы тиістігіне назар аудартты.

– Қазақстандық құрамды арттыру, осылайша, жергілікті кәсіпорындардың өнімін сатуға қолдау көрсету біздің облыста нәтижелі жүргізіліп келе жатыр. Осыдан екі жыл бұрын аймақта мемлекеттік сатып алу аясындағы қазақстандық құрамның үлесі 69 пайызды құраса, қазіргі күні 88 пайызға жетіп отыр. Облыста жергілікті өнім өндірушілердің өнімін сатудың, олардың өндірісін өркендетудің әлеуеті әлі де көп. Аймақтағы ірі кәсіпорындарға, компанияларға қажетті өнімдер шығарып жатқан шағын кәсіпорындар жетерлік. Ірі кәсіпорындар өздері тұтынатын тауарларды осы өзіміздің кәсіпорындардан сатып алып, шағын бизнестің дамуына дем беруі тиіс. Бұл орайда облыстағы шағын кәсіпорындардың өнімін сатып алуға мән беріп отырған «Қазцинк» ЖШС-нің қолдауын атап айтуымыз керек. Ірі компаниялар бағадан бұрын, өнімдердің сапасына аса үлкен мән беретінін жақсы түсінеміз, облыс кәсіпорындары жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын жақсарту бағытында нақты іс-шаралар атқарып жатыр, – деді кездесуде облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий облыстағы ірі кәсіпорындар басшыларын шағын және орта бизнес саласының дамуына қолдау көрсетуге шақырып.

Ірі кәсіпорындар аймақ бизнесінің арқасүйеріне айналды

Шығыстағы ірі кәсіпорынның бірі «Востокцветмедь» ЖШС де соңғы жылдары шетелдік өнімдердің орнына өңірде шығарылып жатқан тауарларды сатып алуға бет бұрған. Қазір кейде ірі кәсіпорындардың өздері «мына өнімдерді импорттап жатырмыз, осындай өнім немесе оның баламасы біздің облыста шығарыла ма?» деп өздері хабарласып жататын болыпты. Қазақстандық құрамды дамытуға байланысты мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты ірі кәсіпорындарды өз өнімімізге қаратуға бетбұрыс жасап, ал олардың қойған талабы өз өнімімізді бәсекеге қабілетті бола алатындай етіп шығартатын жағдайға жеткізді. «Шағындарды» қолдаған «ірілердің» игі ісі осылайша отандық өндірістің дамуына шапағатын тигізіп жатыр.

Бірақ өңірдегі шағын кәсіпорындар иелерінің арасынан ірі компаниялардың алалап-құлалап жатқандығын айтқандар да шықты. Сұхбат алаңына келген кәсіпкерлердің бірі, «Tabys МКД» директорының орынбасары Қанат Нұрашев «Қазцинк» ЖШС сияқты ірі компаниялар өздерінің шағын кәсіпорыны шығарып жатқан қорғаныс құралдары өнімдерін, өндірісте қолданылатын респираторларды сатып алуға көңіл бөлсе деген тілегін білдірді. Айтуынша, «Қазақмыс» компаниясының өзге өңірдегі кәсіпорындары сатып алып жатқан «Tabys МКД» ЖШС-нің жаңа өнімдерін «Қазцинк» көзге де ілмеген көрінеді. Новоявленка ауылында жаңадан ашылып, 15 адамды жұмыспен қамтыған шағын кәсіпорын иелері компанияға қанша рет өтінім жазып, тауарларын ұсынып, құжаттарын жібергенімен тым-тырыс, жауапсыз қалдырыпты.

Ал, «КС жөндеу-іске қосу кәсіпорны» ЖШС-нің өкілдері өтінім құжаттарының бір жерінде кеткен техникалық қатеге бола «Қазцинк» компаниясы негізгі қызметі, күні осы ірі компанияға қарап тұрған шағын кәсіпорынды миллиондаған табыстан айырғанын айтып, қынжылды.

Ірі кәсіпорындар аймақ бизнесінің арқасүйеріне айналды

Игорь Шацкий өнім өндірушілердің шығарған заттарын сатуға кедергі келтіріп тұрған жайттардың бірі – еліміздегі кәсіпорындар реестрінің біреу емес, бірнешеу болып жасалатындығы және өндірушілердің тауарларын сатып алу шарттарының әр компанияда әр түрлі болып белгіленетіндігі екенін айтты. Мемлекеттік сатып алудың өз талаптары , «Самұрық Қазына» қорының өз тәртібі, жер қойнауын пайдаланушылардың жеке ережелері бар. Өнім өндіруші немесе қызмет көрсетуші шағын кәсіпорын сол алуан түрлі шарттардың бәріне сай болса ғана, өз өнімін өткізіп, қызметін көрсете алмақ. Облыс кәсіпкерлерінің палатасы келер жылдан бастап өндіруші кәсіпорындардың бірыңғай тізімін бекітіп, сатып алу шарттарын барлық сатып алушылар үшін бірдей етіп, біркелкілендіруге қол жеткізуді көздеп отыр. Кәсіпкерлер палатасы мәжіліске осындай ұсыныс жолдаған.

Шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қаржыландыруды іске асырып отырған оператор – «Даму» КҚҚ облыстық филиалының басшысы кәсіпкерлермен кездесуде жергілікті кәсіпорындардың өндірісін жаңалауға, ұлғайтуға, өнім сапасын арттыруға орай кәсіпкерлердің банктерден алған несиелері мемлекеттен субсидияланып отырғанын, несие алуға кепілдік берілетіндігін, қор тарапынан жасалып жатқан басқа да нақты қолдаулар барын жеткізді. Өткен 11 айдың қорытындысында несиелерді субсидияландыру бойынша 887 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, облыс 1-орынға шыққан. Субсидияланатын несиені әсіресе, өнеркәсіп, көлік, байланыс, сауда, медицина, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер көп алған. Кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендіру жағынан да облыс алғашқы орында тұр. Биыл өңірде кәсіпкерлердің 274 жобасына мемлекеттен кепілдік берілген.

Ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындар арасындағы серіктестік бағдарламасын үйлестіріп отырған «Ертіс» ӘКК басқармасының төрағасы Антон Крамаренконың айтқанындай, шағын кәсіпорындардың тауарларын сатып алуға бүгінгі күнге дейін аймақта ірі кәсіпорындармен 20 меморандум қабылданған. Корпорация қазір облысқа шетелден келіп жатқан 145 түрлі импорттық өнімдердің тізімін жасап отыр. Алдағы уақытта өңір кәсіпорындарының сол өнімдердің орнына өздерінікін ұсынуға мүмкіндігі бар. Түрлі жиындар, көптеген кездесулер өтіп жатса да, кәсіпкерлер импорт алмастыру немесе қазақстандық құрамды дамыту шараларынан, толып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, қолдаулардан әлі күнге дейін бейхабар болып келе жатқанын жеткізген корпорация басшысы айтқан сөз, атқарылған іс текке қалмасы үшін, болашақта кәсіпкерлерді ақпараттандыру жұмыстарын күшейте түсу қажет деп түйіндеді сөзін.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button