COVID-19 

Өңір дәрігерлері үндеу тастады

     Әлем елдеріне қайталап соққан COVID-19-дың екінші толқыны бұл індеттің таралу қаупі аса жоғары екенін тағы бір дәлелдеді.  Біздің облыс ковидті жұқтырушылар көрсеткіші бойынша көш бастап тұр.

      Өңірдегі медициналық ұйымдардың дәрігерлері алдыңғы шепте жүр. Олар бүгін де өздерін құрбандыққа шала, үнемі қауіп-қатерге душар ете жүріп,  өз пациенттерінің денсаулығы мен өмірі үшін күресуде. Бүгін олар тағы да  баршамызға «Маска киіңіз! Сіздің бізге келгеніңізді қаламаймыз!» деп үндеу тастайды.

– Облыс басшылығы мен дәрігерлер қабылдаған барлық шараларға қарамастан, коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайларының статистикасы жоғары көтеріліп, көктемгі ең жоғары көрсеткіштерден асып түскенін мойындауымыз керек. Біз, дәрігерлер, өз тарапымыздан осы толқынды тоқтату үшін, науқастарға көмектесу үшін қазірдің өзінде бәрін жасап жүрміз. Бірақ адамдардың өздерінің қолдауынсыз, олардың тарапынан санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтамай, бұл күресті жеңу мүмкін емес. Жағдайды нашарлатпаңыздар, бетперде киіңіздер! – деп өтінеді облыстық аурухананың клиникалық-диагностикалық көмек жөніндегі басшысы Алексей Цедейко.

Оны әріптестері де қолдайды. Дәрігерлер ковид-пациенттердің санының өсуі тұрғындардың маска киюге немқұрайды қарағандықтан екеніне сенімді.

– Біздің дәрігерлер коронавирустық пневмониямен ауыратын, ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастардың көбеюімен күн сайын бетпе-бет келеді. Ауыр халде жатқан  егде жастағы науқастар көп. Өкінішке қарай, дәрігерлер де ауырады. Олардың кейбіреулері науқастардың өмірін құтқару үшін өз өмірлерін қиды. Олар инфекция ошақтарында жұмыс істейді және бірнеше сағат бойы қорғаныш костюмдерін, қолғаптары мен маскаларын шешпейді. Ешкім адамдардан дәл сондай қолайсыз костюмдермен жүруді сұрамайды. Бар болғаны, үйден шыққан кезде маска киіңіз. Бұл – сіздің қауіпсіздігіңіз, бұл – сіздің жақындарыңыз бен туыстарыңыздың қауіпсіздігі, – дейді Семей қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының м.а. Шолпан Садықова.

Облыстың дәрігерлері барлық шығысқазақстандықтардан қоғамдық орындарда бетперде режимін сақтауды жалғастыруды, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болуды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды, ал қарт адамдардан әлеуметтік оқшаулану режимін сақтауды сұрайды.

– Біз бұл шаралар ыңғайсыздық пен қолайсыздық тудыратынын түсінеміз, бірақ бұл – осы жағдайда мәжбүрлі және қажетті шаралар. Эпидемия әлі аяқталған жоқ. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың өмірін қорғауыңызды өтінеміз, – дейді инфекционист-дәрігер Ернат Смайылов.

Әзірлеген – Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button