Экономика

Әр балықшы лицензиядан үлес алады

Әр балықшы лицензиядан үлес алады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Тарбағатай ауданында іссапармен болып, балықшы ауылдардың тұрғындарымен кездесті.
Аудандағы Тұғыл және Байтоғас ауылдарының халқы негізінен балықшылықпен жан бағып отыр. Әсіресе, Байтоғас ауылында 600-ден астам адам осы кәсіппен отбасын асырап келеді. Ал Тұғыл ауылының балықшылары «Рыбаки Зайсана» атты өндірістік кооперативке бірігіп, жұмыс істегендеріне 15 жылдан астам уақыт болған. Аудан әкімінің орынбасары Сәумен Жақаевтың айтуынша, өндірістік ұйым 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әзірге кооперативке мүше 175 адамнан тек 40 балықшы ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бұған дейін ұзақмерзімді квота бойынша жұмыс істеп үйренген кооператив басшылары Зайсан көлінің өздеріне тиесілі аумағын қалыптасқан тәртіппен игеруге рұқсат беруді сұрап отыр. Ал Байтоғас ауылының 600-ден астам балықшысы 2012 жылдан бері әркімге бір жалтақтаумен келеді. Әуелде байтоғастықтар көлдің №3 телімін «Зайсан-Ертіс» ЖШС құрамында игеріп келген болатын. Арнайы тексеру қорытындысымен серіктестіктің жұмысы тоқтатылып, балықшы қауымға жұмыссыздық қаупі төнген. Кейін Байтоғас балықшылары өз учаскелеріне берілген шектеме есебінен «Төретоған», «Ұлтарақ», «Рыбаки Зайсана» кооперативтерінің тапсырысын орындап күнелткен.
Аймақ басшысы әуелі Тұғыл ауылындағы «Рыбаки Зайсана» кооперативінің өндіріс ошақтарын аралап, ондағы балық етін өңдеу цехының жұмысымен танысты. Кооператив ұжымымен кездесуінде облыс басшысы жаңа өзгерістердің қарапайым балықшы үшін қай жағынан тиімді болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.
-Бұрынғы жүйе қандай болғанын білесіздер. Балық аулау лицензиясы тек қолында өңдейтін цехы бар адамдарға ғана берілетін. Барлықтарыңыз сол цехтың иесіне жұмыс істеп келдіңіздер. Басқаша айтқанда, кооператив басшысына тура мағынасында тәуелді болдыңыздар. Ал өздеріңіз жеке кетіп, балық ауласаңыздар автоматты түрде «браконьер» болып шыға келетінсіздер. Биыл ауылға 842 тонна көлемінде шектеме бермекпіз. Бірақ бұл шектемеден кооперативке жеке кәсіпкер ретінде тіркелген әрбір балықшы үлесін алады. Ол өзіне тиесілі шектемені осындағы цехқа өткізе ме, жоқ базарға апарып сата ма, әлде мұздатып Қытайға жөнелте ме, өзі біледі. Ал егер кооперативтен шығатын болса, өзіне тиесілі үлесін бірге ала кетеді. Мұндай жүйені балықшылардың кооператив құрылтайшыларына тәуелділігін жою үшін ойластырдық. Бұдан былай ұжымның барлық мүшесі тең дәрежелі құрылтайшы болып саналады. Әрине, қалыптасқан жүйені өзгерту оңайға түспесі анық. Ол үшін бірінші кезекте қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіп, балық аулау шектемесін жергілікті халыққа бөліп беру талабын енгізу қажет. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрілігімен осы төңіректе тығыз жұмыс істеп отырмыз. Ал қарапайым балықшылар өз кезегінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, көл байлығын ынсаппен пайдалануы қажет, – деді облыс әкімі.

Әр балықшы лицензиядан үлес алады

Тұрғындар тарапынан әр балықшы жеке жұмыс істесе, құзырлы органдардың тексеруі жиілейтіні, қарапайым балықшы көлге өз бетімен шығуы үшін меншікті қайық қажет болатыны жөнінде уәждер айтылды. Облыс әкімі әр балықшы жеке кәсіпкер ретінде міндетті салығын уақтылы төлеп, ауланған балықтың орнын шабақпен толтырып отырса, шектеме мөлшерін асырмаса, ешқандай тексеру кедергі болмайтынына сендірді. Ал қолында қайық пен құралы жоқ балықшыларға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы бір адамға үш млн. теңге көлемінде бес жылға дейін 6-7 пайыздық несие берілетін болады. Бір ескеретін жағдай, жеке балықшыға мемлекет балық аулау шектемесін ұсынбайды. Балықшының жеке кәсіпкер бола тұрып, кооперативке бірігуі осы балық аулау лицензиясынан үлес алуы үшін қажет.
Аймақ басшысын қаумалай жиналған тұғылдықтар жағымды жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп тарқасты. Ал талайдан бері өзге өндірістік ұжымдарға кіріптар болып жүрген байтоғастықтар жаңа жүйемен жұмыс істеуге кірісіп те кетіпті. Кооперативке қайта тіркелген 66 адамның алтауы 17 млн. теңге көлемінде несиеге сұраным берген. Қолданыстағы қайықтар мен ау-сүзгілерді түгендеп, құжаты жоқтарын заңдастыруда. «Байтоғас» кооперативінің мүшесі Тұрсынғали Тоқтағұлов бұл жаңалықты асқан қуанышпен қабылдағандарын айтып, аймақ басшысына балықшы ауылдарға жасаған қамқорлығы үшін алғыс білдірді. Балықшылар құрал-жабдық алуға берілетін несиенің кепіл талаптарын орындау қиынға соғып отырғанын жеткізді. Бұл мәселені шешу аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалының өкілдеріне жүктелді.
Жаңасын салғанша, жөндеген тиімді
Облыс басшысы Ақжар ауылында болып, апаттық жағдайдағы 600 орындық мектептің орнына салынып жатқан ғимараттың құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарын қабылдады. Жер сілкінісі салдарынан қабырғаларында сызат пайда болған білім ошағы осыдан бірнеше жыл бұрын комиссия шешімімен апаттық жағдайда деп танылып, орнына жаңа мектеп пен 300 орындық интернат салына бастаған. Облыс басшысы 600 орындық мектептің қазірдің өзінде жартылай қаңырап тұрғанына назар аударды.
-Ауыл мектептерінің барлығында сіздердегідей жағдай қалыптасып отыр. Ғимарат оқушылармен тек 60-70 пайыз ғана қамтылған. Осындай жартылай бос мектептердің көбі апаттық желеумен жаңаланып кетті. Осылайша мемлекеттің ақшасы тиімсіз игеріліп жатыр. Бұдан былай мұндай жүйесіздікке жол берілмейді. Ал салынып жатқан құрылысты аяқтауға тура келеді. Мектеп пен интернатты тиімді пайдалану жағын жіргілікті әкімдік ойластыруы керек. Қажет болса балабақша мен өнер мектебін құрып, ауылдық дәрігерлік амбулаторияны орналастырған дұрыс. Ал ескі мектептің апаттық жағдайын арнайы комиссия келіп қайта тексереді. Бұл ғимаратты да бұзбай сақтап, тиімді пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру керек, – деді аймақ басшысы.
Аймақ басшысының қабылдауында болған Тілеубек Аймұхамбетов мал басын арттыру үшін шағын несие алғысы келетінен айтса, аудандық мәслихат депутаты Алмагүл Құсайынова Жаңалық, Тұғыл ауылдарына су құбырын тартуға, ауданның алты бірдей мектебін жөндеуден өткізуге қаржы бөлу жөнінде өтініш айта келіпті. Оның айтуынша, аталмыш алты мектептің кейбірі 50 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ биылғы жылы екі ауылдың тек біріне ғана су тарту мүмкіндігі болатынын айтып, алты мектепті жөндеуден өткізуге 60 млн. теңге бөлінетінін жеткізді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button