Әр ардагерге жарты миллион теңгеден
Биыл Ұлы Отан соғысына қатысқан 240 шығысқазақстандық ардагер 500 мың теңгеден өтемақы алады. Олардың кейбірін аймақ басшысы Даниал Ахметов өзі барып құттықтады.
Кеше облыс әкімі Зырян қаласында тұратын екі ардагерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, 500 мың теңгенің сертификаттары мен лэд-экранды теледидар табыс етті. 93 жастағы Анна Савечкина соғысқа медбике ретінде қатысқанын айтады.
-Көзімізді ашқалы еңбек етіп келеміз. Əлі күнге дейін кір-қоңымды өзім жуып аламын. Немерелерімді де солай үйреткенбіз. Ал мемлекет берген 500 мың теңгені өз керегіме жұмсаймын. Қазіргі жастар еңбекқор. Көшеде көрсе, жасымды сыйлап жатады. Сондықтан оларды сынай беруге болмайды, – деді ардагер.
Облыс əкімі аға буынға деген осы құрметтің бəрі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқанын атады. Дəл осындай құрмет майдангер Николай Станскихке де көрсетілді.
Балтық жағалауындағы ұрыстарға қатысқан майдангер 51-қосымша атқыштар полкінде автоматшы-мерген болған екен. Литва, Латвия, Польша елдерін азат етуге қатысқан қарт жауынгер елге аман оралған соң 30 жыл бойы Зырян қорғасын комбинатында темір ұстасы болып еңбек еткен.
-Жуықта ғана теледидарымыз істен шыққан еді. Сіздің бұл сыйыңыз бізге шынымен үлкен қуаныш əкелді, – деді ардагердің жұбайы. Ал ардагердің өзі бүгінгі бейбіт күннің әр сәтін бағалай білу керектігін айтып, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
-Бізге көрсетіп жатқан игі пейілдеріңіз үшін рахмет. Әсіресе, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Ол ұстанған салиқалы саясаттың арқасында елдің бірлігі жарасып, келісім орнады. Біз бейбітшілік үшін соғыстық, сол еңбегіміз бекерге кетпегенін көріп отырмыз, – деді Николай Станских.
Зырян ауданы əкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, ауданда 21 ардагер, 61 тыл еңбеккері бар. Соғыс ардагеріне теңестірілген қарттарға 120 мың теңгеден өтемақы берілген.
-Өзге тыл еңбеккерлері де ескерусіз қалмайды. Ол үшін аудан бюджетінен 733 мың теңге бөлдік, – дейді Жанна Асқарова.
Жалпы облыс бойынша 20 мыңға жуық жуық тыл еңбеккері бар. Олардың бәріне аудан және қала бюджетінен материалдық көмек көрсетілмек.
Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы төрт ардагерді үйлеріне жеке өзі барып құттықтады.
Қабатай Қалдыбаев балалары мен немерелерінің ортасында Ұлы Жеңістің 73-ші көктемін қарсы алуда. Ертең ақсақал тура 100 жасқа толады. Ол 1918 жылы Ұлан ауданында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде әскер қатарында борышын атқарып жүрген еді. 1942 жылдан бастап Қара және Азов теңіздері жағалауларын қорғау ісіне қатысып, Солтүстік Кавказ майданында шайқаста болады. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған. Соғыстан кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін Белогор тау-кен байыту комбинатында өрт сөндіруші болып қызмет етті. Даниал Ахметов майдангерді 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, ашық аспан, бейбіт өмір үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ақсақалға 500 мың теңгенің сертификаты мен теледидар тарту етіп, иығыңа шапан жапты.
– Әр ардагер мен тыл еңбеккері – халқымыздың қазынасы, ұлттық мақтанышы, – деп атап өтті облыс әкімі. – Ұрпақ болашағы жолында танытқан қайсарлықтарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!
500 мың теңгенің сертификатын және тұрмыстық техникалаларды облыс әкімі сондай-ақ, Мария Шарифовна Яремчукке, Георгий Васильевич Коваленкоға және Степан Егорович Мишинге табыс етті.
Өскеменнің тумасы Мария Яремчук Риддер қаласындағы мектепті бітіре салысымен сыныптағы алты қызбен ілесіп, соғысқа аттанады. Алдымен Ростов қаласында медбикелер, кейін радистер курсында оқып, ұрыс даласына аттанады. Дунай өзенінің бойымен Болгария, Аустрия, Югославия елдерін фашистерден азат етуге атсалысады. Жеңісті Прага қаласының түбінде қарсы алыпты. Мария әжей «Ерлігі үшін», «Будапешті азат еткені үшін» және көптеген мерейтойлық медальдарға ие. Қазір қызы Светлана Васильевнаның қолында.
– Қиыңдықты көп көрдім, бірақ өмірде ештеңеге де өкінбеймін. Біздерге осындай құрмет көрсетіп, қолдау білдіріп отырған Президент Назарбаевқа көп рахмет! – деді 94-ке келген ардагер.
Аймақ басшысы 500 мыңның сертификатымен қоса, кір жуу машинасын сыйға тартып, кейуананы бір қуантып тастады.
Соғыс мүгедегі Георгий Коваленконың ұлдан тараған немерелері Ресейдің Петербор, Новосібір қалаларында тұрады екен. «Жыл сайын кеп тұрады» дейді жұбайы Клавдия Григорьевна. Қыздары төрт жыл бұрын 54 жасында көз жұмыпты.
– Даниал Кенжетайұлы, Сіздің жұмысыңыз өте көп екенін білемін. Облысымыз үлкен, 1 миллионнан астам халық тұрады. Десек те, уақыт тауып, маған үйіме келіп, арнайы құттықтап тұрғаныңыз үшін ерекше ризамын! Ал ақшалай сыйлығыңызды Ресейдегі немерелерге жібереміз, қуанып қалсын, – деді Георгий Васильевич.
Жарма жерінде дүниеге келген ардагер Степан Мишин қос ұлынан бес немере мен алты шөбере сүйіп отырған бақытты ата екенін айырықша мақтанышпен атап өтті. Ол облыс әкімінің үйіне келіп құттықтауы өзі үшін күтпеген қуаныш болғанын да жасырмады.
– Менің Сізге бір ғана тілегім бар, ол – мықты денсаулық. Аман-сау болып, бала-шағаңыздың қызығын көре беріңіз! Біз үшін әрбір ардагер ардақты! – деді ақсақалдың қолын қысып тұрып облыс басшысы.
Глубокое ауданында бүгінде Ұлы Отан соғысының 12 ардагері тұрып жатыр. Бұл адамдарға облыстық бюджеттен 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Кеше сондай жандардың бірі – Глубокое ауылының тұрғыны Матвей Пантелеевич Шикуновты облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі барып құттықтады.
Ардагердің үйіне арнайы ат басын тіреген аймақ басшысы мереке иесіне тағы бір бағалы сыйлық –теледидарды да тарту етті.
– Мұндай құрметке бүгінде ТМД-ның бірде-бір елінің ардагерлері ие болып отырған жоқ деп сеніммен айта аламын. Бұл, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың жемісі. Біз сіздерді қашан да мақтан тұтамыз. Сондықтан да мемлекет тарапынан бүгін, Ұлы жеңіс күні қарсаңында ғана емес, әрдайым қолдау мен құрметке ие болатындарыңызға сендіргім келеді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде ардагер де көңілдегі сезімдерін жасырмай, ағынан жарылды.
– Ел басқарып отырған барлық азаматқа алғыс айтамын. Біз сияқты қарияларды, Ұлы соғысты өз көзімен көрген жандардың мәселелерін назардан тыс қалдырмайтындарыңыз үшін рахмет. Сыйлықтарыңыз да керемет, шын көңілмен қуанып қалдық. Ал ақшалай сыйлықты қазір басқа қалаларда білім алып, қызмет атқарып жүрген немерелерімнің керегіне жұмсаймын. Олар да қуанып қалатын болды, – деді ардагер.
Айта кетейік, бүгінде жасы 92-ге толған Матвей Пантелеевич негізі Зырян ауданының тумасы екен. 17 жасында соғысқа аттанған ол Балтық елдерін және Витебск қаласын жаудан азат етуге қатысқан. 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған. Кейін көп жыл бойы теміржол саласында қызмет етіп, бірнеше медаль мен орденге ие болған.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Ержан Әбіш
Нұржан Кенжеұлы