Ірі қараны асылдандыруды жолға қойды

Тарбағатай ауданы шаруашылығының негізгі бағыты -төрт түлік мал. Соңғы екі жылда ірі қара малы үш есеге артқан. Қазір аудан республика бойынша ірі қара малын түрлендіруден алдыңғы орында келеді.
– Көрсеткішіміз жақсы, өзге өңірлерге үлгі боларлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда, мал басын тұқымдық түрлендіруде шешімін таппаған көптеген факторлар бар. Соның бірі- жекеменшік табында жүрген тұқымсыз 1,5-2 жастағы аталық бұқалардың көбейіп бара жатуы. Бұл мал тұқымын асылдандыруға, түрлендіру жұмыстарын жүргізуге айтарлықтай кесірін тигізуде. Әсіресе, ірі қара малының түрлі ауруларға шалдығуына әкелген. Мәселен, аналық малдарға табындағы аталық бұқалардан бруцеллез ауруы жұғуда, – дейді ветеринар мамандар.
Айталық, өткен жылы бруцеллез ауруының таралуынан аудан облыс көлемінде алдыңғы қатарда болған. Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында қазір аудан көлемінде қолдан ұрықтандыру шаралары қолға алынып отыр.
Ауданда қолдан ұрықтандыру пунктері кеңес кезеңінде болған. Әсіресе, қойға «СЖК» препараты қолданылып, мал басы мен өнімділігі артқан. Сол кездегі ветеринар ғалымдар бұл өлкеде арнайы тәжірибе жасап, одаққа атын шығарған қара қойдың тұқымы әлі бар. Ал ірі қара малын қолдан ұрықтандыруды Жарма ауданына қарасты «Шалабай» мен «Скотовод» асылтұқымды мал зауыттары кеңінен қолданып келген, әлі де солай.
Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен жақында Ақжар ауылдық округіне қарасты «Жаңалық» шағын елді мекенінде осы ауылдың азаматы Ерболат Такиров өз үйінің ауласынан ірі қара малды қолдан ұрықтандыратын жекеменшік пунктін ашты. «Тарбағатай-Вет» коммуналдық мекемесіне қарасты ірі қараны қолдан ұрықтандыру пункті қазір тоқтаусыз қызмет көрсетіп тұр. Қараша айында тәжірибе ретінде Өскемен қаласынан «Симменталь», «Харидо» асыл тұқымды малының ұрықтары әкелініп, ауылдағы 70-ке жуық ірі қара малына осы ұрықтандыру орталығында қондырылған. Алдағы көктемде қолдан ұрықтанған алғашқы төлді алатын боламыз деп отыр Ерболат.
Шағын ауылдағы қолдан ұрықтандыру пунктінің иесі Ерболатпен жолығып, пунктің жұмысымен танысып қайттым. Қарапайым ауылдың азаматының мамандығы ветеринар. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, Ерболаттың айтуына қарағанда, қолдан ұрықтандыру орталығымызда барлық жағдайлар жасалған. Мұнда шағын зертхана, препараттарды сақтау орындары бар. Әр ұрықтанған малдың төлқұжаты, сондай-ақ малдың жай-күйі жайындағы мәліметтердің бәрі ветеринариялық орталықта тұрады. Пункт ашылысымен ірі қара малдарын қолдан ұрықтандырып, малдарын асылдандырамыз дегендердің қатары күрт көбейген. Қолдан ұрықтандыру пунктіндегі препараттың бағасы да ауылдықтар үшін қолжетімді. Жаңадан ашылған орталыққа деген сенімділік күн санап артып келе жатқан көрінеді. Мұнда келген мал иелеріне мамандар қолдан ұрықтандырудың маңыздылығы жайында, мал басын түрлендіріп, асылдандырудың әр отбасы үшін тиімділігі туралы айтып, түсіндіреді. Орталықта екі маман жұмыс істейді.
Ерболаттың ендігі мақсаты – алдағы көктемнен бастап қазақтың «Ақ бас» және «Алатау» бұқаларының ұрықтарын әкелу. Ұрықтандыру пунктінде күніне 10-20 ірі қараны ұрықтандыруға мүмкіндік бар. Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаев округке қарасты «Жаңалық» елді мекеніндегі қолдан ұрықтандыру орталығының пайдасы зор болып тұрғанын, округке қарасты қаншама мал болашақта түрленіп шығатынын, орталық тек мал өнімін арттыруға ғана емес, мал ауруын азайтуға септігін тигізіп отырғанын айтты. Ауыл әкімі болашақта Ерболаттың ұрықтандыру пунктін кеңейтуді қолға аламыз деп отыр. Алдағы жылы Ерболаттың орталығындай тағы бірнеше елді мекенде қолдан ұрықтандыру пунктері ашылмақ.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.