Өр Алтайдың мерейтойын Алматыда атап өтті

Алматы қаласында тұрып жатқан тегі катонқарағайлық бір топ азамат ақылдаса келе, ауданның 90 жылдық мерейтойына орай волейболдан жарыс ұйымдастыруды ұйғарды.
Аталмыш жарыс қазірде талай шығысқазақстандық студент білім алып жатқан Алматыдағы сәулет-құрылыс академиясының спорт залында өтті. Тойдың болғанынан болары қызық дегендей, жарыстың басы-қасында жүрген азаматтар спорттық шараны ойдағыдай өткізу үшін аянып қалмады, ортақ шаруаға бір кісідей атсалысты.
Демалыс болғанына қарамастан, бұл күні доп додасын тамашалауға келгендердің қарасы айтарлықтай көп болды. Спорт залының босағасынан аттай бергенімізде көзімізге нақ төрде ілінген Катонқарағай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған плакаттағы дәмі де, жаратылысы да ерекше балқарағай мен Кербұғы бейнесі оттай басылды.
Додаға барлығы алты ұжым, атап айтсақ, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, «L капитал» қаржы компаниясы, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрамалары мен жарысты ұйымдастырушылардың «Мұзтау» командасы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанаты аяқталып, еліміздің Гимні шырқалған соң, кезек ойындарға да келіп жетті. Жиналған жанкүйерлердің көңілінен шыққан аса тартысты да қызықты бәсекенің қорытындысы бойынша жарыс жеңімпазы болып Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының құрама командасы танылды. Екінші орынды «Мұзтау» командасы иеленсе, үшінші орынға Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің волейболшылары көтерілді.
Жарыс болған соң, біреудің жеңіп, енді біреудің жеңілетіні анық. Дегенмен бұл турнирдің жоғары деңгейде өтуіне өлшеусіз үлес қосқан «Мұзтау» командасы үшін бұл екінші орын бас жүлдемен пара-пар деп ойлаймын.
Көптің есінде қалған спорттық шара соңынан қонақтар катонқарағайлық Ғани Чаймарданұлының Алматы төрінен ашқан «Мұзтау» салтанат сарайына жиналып, ақ дастарханнан дәм татты.
Мәулен Ажықанова,
Катонқарағай ауданы,
Аққайнар ауылының тумасы
Алматы қаласы.