«Өр Алтайда өскен ел» таныстырылды
Әкесі соғыс ардагері, өзі әскери полковник шеніне дейін жеткен, еліміздің Қарулы Күштерін құруда жауапты қызметтер атқарып, отставкаға шыққан күршімдік Қайыркелді Көлбаев ата жұрты Алтайға тамаша тартумен келіпті. «Өр Алтайда өскен ел» (Ата жұртқа тағзым) атты қос тақырыпта үйлесім тапқан кітабының тұсауын туған жеріне келіп кесуін жалпақ жұрт білгендікке балады.
Әуелі сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен және майдан даласында қаза тапқан боздақтарды, сондай-ақ, елге аман-есен оралып, халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалыса жүріп әр жылдары марқұм болған майдангерлерді еске алуға арналған ас қасиетті жұма күні «Ақ тілек» мейрамханасында өтті.
Ертеңінде аудандық Мәдениет үйінде «Өр Алтайда өскен ел» (Ата жұртқа тағзым) атты кітаптың тұсаукесері болды. Оған аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев, аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Сағанақов, мекемелердің жетекшілері мен өкілдері қатысты. Сонымен қоса, еліміздің түкпір-түкпірінен, Астана, Алматы қалаларынан, Қырғызстаннан арнайы келген құрметті қонақтар мен жергілікті тұрғындар 300 орыңдық Мәдениет үйін лық толтырды.
Кітап авторы Қайыркелді Көлбаев зор қошемет көрсеткен жерлестеріне, аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, тұңғыш туындысына тоқталып өтті.
Кітаптың алғы сөзін жазған, ақын-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ТҮРКСОЙ-дың «Ұлы түрік қыраны» медалінің иегері Сәбит Бексейіт: – Алтай тау – әкем, Зайсан көл – анам, кербұғысы мен кермаралдары – ұлдары мен қыздары, – деп бастап, туындыны көрермендерге таныстырып, тарқатып шықты.
«Түрік әлемінің қара шаңырағы – Қазақ елі» деген тақырыпта сөз алған түркітанушы, этнограф, Анкара университетінің құрметті профессоры, Ислам даму банкі (Жәдді қаласы, Сауд Арабиясы) өкілдігінің «Мүсілім» қайырымдылық қоғамының президенті, Адольф Янушкевичтің мұрасын зерттеуші Хакім Омарұлының баяндамасы тұсаукесерге жиналған адамдарға жақсы әсер қалдырды.
«Қазақ елі – Қазақ даласы әуендері» атты тақырыпта жиырмадан астам әндердің авторы, Мәдениет жөне өнер қайраткері, ақын, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай екі халық әнінің шығу тарихына тоқталып өтіп, халық әнін құрмет тұтатын қауымға екі ән орындап берді. Жұрт әннің орындалуы мен орындаушының дауысына тәнті болды.
«Әкелер мұрасы – тарихымыздың қайнар көзі» немесе «Қазақ ерлерінің де жеңісі» тақырыпта Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова сөз алды. Талантты қызымыз кітап авторымен ғаламтор арқылы танысып, әңгімелері көбіне ерлік тақырыбында тоғысқанын айта келе, офицер ұлдың «әке өсиетін ұстанып, біз ұлдары мен қыздары, өмір бойы адалдықты ту етуге тырыстық» дегені ерекше әсер етіп, қолына қалам алғанын айтып, автордың әкесі Зарыпқан Көлбаевтың ерлігін ұлықтау мақсатында әзірлеп жатқан кітабына «Сағат» (Офицер ұлдың монологы), «Көлбаев көшесінде» атты шығармаларын ұсынған екен. «Күршім өңірінде торқалы той» атты жаңа өлеңін оқып беріп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
«Өнеге тағлымы – бізге үлгі» тақырыпта сөз алған Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Күршім ауданының Құрметті азаматы Советхан Ысқақов соғыс және еңбек ардагері Зарыпқан Көлбайұлының білікті басшы болып, салиқалы сөзімен, тиянақты ісімен халықтың жүрегіне жол тауып, әрдайым көптің ықыласына бөленгенін, өскелең буын жас ұрпақтың бойларына ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық рухты қалыптастыруға баулып өткенін атап айтты. Бұдан кейін сөз алған Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Құрметті ардагері, республикалық ардагерлер кеңесінің хатшысы, запастағы полковник Төлеуғали Тілеубаев, автордың Алматы қаласынан келген немере ағасы Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, өнертанушы, қазақтың барлық музыка аспаптарын жасайтын хас шебері Нұрлан Абдоллаұлы, Күршім ауданының Құрметті азаматы Кадырбек Айдарханов, бизнесмен-меценат өскемендік Абдылдабек Сақалбаев ертелі-кеш дүниеден өткен майдангер аталары, әкелі-балалы Көлбаевтар туралы тұщымды ойларын ортаға салды.
Аудан басшысы С.Чукаев елге танымал тұлғалардың қатысуымен өтіп отырған осынау шараның қоғам үшін маңызды екенін атап өтіп, кітаптың авторы Қайыркелді Көлбаевқа, алыстан келген құрметті қонақтарға иықтарына шапан жауып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып жуырда ғана өткен Көкжал Барақ батырдың 315 жылдығына шығарылған төсбелгімен марапаттады.
Түркітанушы ғалым Хакім Омарұлы аудан әкіміне, шараға атсалысқан азаматтарға халықаралық ТҮРКСОЙ қоғамының сертификаттарын табыстады. Кітаптың авторына сонымен қатар, Қазақ тілін дамыту қоғамдастығының Құрмет грамотасы, басқа да сыйлықтар табыс етілді. Өз кезегінде Қайыркелді Зарыпқанұлы тұсаукесер рәсіміне арнайы келген облыстық А.Пушкин атындағы кітапхана өкіліне, аудандық кітапханаға, Мәдениет үйіне, аудандық мұражайға, №3 Күршім гимназиясына, №1, №4, №5 орта мектептерге кітабын тарту етті.
Тұсаукесер «Көкжал» мейрамханасында салтанатты кешпен жалғасын тапты.
Тұсаукесердің алдында алыстан келген қонақтар Күршімнің көрікті, тарихи жерлерімен жақын танысып, аудандық өлкетану және гимназияның мұражайларын аралап, олардың ішінде Зайсанның тумасы, Абай атындағы университеттің профессоры, филология ғылымының докторы Анар Мұхамади бар, көңіл толарлық қолтаңбаларын қалдырды. Көлбаев көшесіндегі ол кісінің мемориалдық тақтасына тәу етті.
Әлімжан Қадылбекұлы
Күршім ауданы.