
Шілденің 27-ші жұлдызынан бастап облыста қатаң карантиндік шектеулер енгізілді. Бұл Шығыс Қазақстанның «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты болып отыр.
Біздің өңір коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл» аймаққа өтіп, сол себепті шектеулер қайта күшейтілді. Халықа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарының жұмысына шектеулер енгізілді. Есесіне, ASHYQ жобасы аясында қызмет көрсететіндерге аздаған еркіндік беріліп отыр.
Коронавирустың үндістандық штамы еліміздің барлық облысында тіркеліп, қауіпті дерттің «дельта» штамы Шығыс Қазақстан аймағында да анықталды. Осы орайда коронавирус инфекциясының үндістандық штамы ел арасына тарап кетуін болдырмау мақсатында қабылданған облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы 27 шілдеден бастап күшіне енген.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алиннің айтуынша, қазір облыс тұрғындары «қызыл» аймаққа қатысты қойылатын шектеулерге сәйкес өмір сүріп жатыр. Атап айтсақ, «қызыл» аймақта ASHYQ жобасына қатысатын нысандардан басқа тұрақты және тұрақты емес халықаралық, облысаралық, қалааралық автобус бағыттары тоқтатылады. Сондай-ақ жабық жағажайлар мен аквапарктердің жұмысы да тоқтатылды.
Демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік қатынасына тыйым салынады. Оған қоса ASHYQ жобасына қатыспайтын қоғамдық тамақтану нысандарының, фитнес-орталықтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру нысандардың, сауналардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің, кинотеатрлар мен концерт залдардың, компьютер клубтардың, боулинг, бильярд клубтардың, караоке клубтардың жұмысы тоқтатылды. Ал ASHYQ жобасына қатысатын әрі орналасқан ауданы 2 мың шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес тауарларын сататын нысандардың, спорт нысандарының, білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің, фудкорттардың демалыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етілді.
Сонымен қатар Ғалымбек Алиннің айтуынша, шектеулер ASHYQ ашық жобасына қатысушыларға да қойылатын көрінеді. Атап айтсақ, жұмыс күндері жобаға қатысушылар, соның ішінде фитнес-орталықтар, спорттық-сауықтыру нысандары, сауналар, СПА-салондар, спорттық нысандар, бассейндер, қоғамдық тамақтану орындары мен фудкорттар кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал ASHYQ жобасына қатыспайтындар кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана ашық болады. Тағы бір қызық жайт, сауда-көңіл көтеру орталықтары, сауда үйлері мен сауда нысандары жобаға қатысып-қатыспауына қарамастан жұмысын кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғастырады.
Қаулы қолданыстан ресми түрде алынғанша күшінде болады.