
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалды естіп өстік. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілді де жадымыздан шығарған емеспіз. Осы бір қанатты сөздерді естігенде Үржар ауданындағы Райымбековтар отбасы ойға бірден оралады. Ендеше, айрандай ұйыған отбасы, аудан жұртының мақтанышына айналған әулет туралы сөз қозғайық.
Бес жүз мыңмен басталған берекелі іс
Үржар ауданы, Қабанбай ауылында бес қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана тұрады. Ол – алтын құрсақ ана ғана емес, республикаға танылып келе жатқан тігінші. Халықтың алғысын арқалап жүрген ісмер осыдан бірер жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен кәсібін ашуға алғашқы қадам жасаған. «Бастау бизнес» бағдарламасымен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан 500 мың теңге грант ұтып алған. Тігінші ол қаржыға «Janome» фирмасы өндірген үш тігін машинасын сатып алып, кәсібін бастап кетеді. Жылдар бойы ине мен жіпті серік еткен ісмер әйелдің ісі дөңгеленіп, тіккен дүниелері көптің көңілінен шығады. Соған орай тапсырыс та көбейеді. Кәсібін ары қарай дамыта түсу үшін ол тапқан табысынына «Jaki» фирмасы өндірген екі тігін машинасын алады.
– Бастапқыда жай қызығушылықпен басталған тігіншілік өнер бүгінде отбасымның басты табыс көзіне айналды. Менің анам да іс тігуге жақын кісі еді. Бұл анамнан дарыған өнер деп білемін. Әу баста тігін машинам жоқ болатын. Ауылдастарым мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашуға жол сілтеді. Соның бірі әкімдіктің әлеуметтік сала жөніндегі бас маманы Бағдагүл Темірғалиева болды. Содан бағымды сынап көрейін деп шештім. Қазір еш өкінбеймін. Тапсырыс берушілер саны күн сайын артып келеді. Жұмыс та көбейді. Алғашқы кезде ауыл ішінде ғана тапсырыс алсам, қазір аудан, облыс, тіпті республикадан тапсырыстар түсіп жатыр, – дейді шебер Гүлманат Сәбитова.
Алматыдан ауылға қайтты
Уақыт өте келе тапсырыс берушілер көбейген. Ал оған жалғыз тігінші үлгерсін бе?.. Осы тұста Гүлманат Сәбитова Алматыға жұмыс істеуге кеткен қызы Сандуғашты ауылға шақырған.
– Үлкен қызым – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Білім алған соң мамандығы бойынша жұмыс істеу үшін қалаға кеткен. Пәтер жалдап тұрды, оның үстіне, пандемия кезі. Балаң болған соң алаңдайсың. Бір күні қызыма хабарласып, кәсібімізді дөңгелетейік деп ұсыныс тастадым. Бөтен қала, бөтен үйде жүріп жұмыс істегенше, менің қасымда бол дедім. Қызым ойланбастан келісті, ұсынысымды қолдады, – дейді көпбалалы ана.
Алматыдан оралған Сандуғаш тігіншіліктің қыр-сырын аз уақыттың ішінде меңгеріп алады. Бұл енді ана сүтімен дарыған өнер ме, әлде күнделікті көріп жүргендіктен ине-жіпке икемді болды ма екен, ол жағын білмедік. Әйтеуір, үйдің тұңғышы анасы бастаған отбасылық бизнестің бір жағына шығысқан. Тіпті әлеуметтік желіден арнайы парақша ашып, тапсырыстар қабылдай бастайды. Өз өнімдерін жарнамалап, жұмыс барысымен таныстырады. Ол аз десеңіз, құрақ құраудың тәсілдерін бейнежазба арқылы үйретуді де ұмытпайды. «Томирис» деген атаумен бренд қалыптастыра бастаған анасы мен қызы сырмақ, жастық, перде, кітап қаптарын, орамал, орындық тыстарын, алжапқыш, төсек жапқыш, қыз ұзатуға арналған көйлектер және жасау тігеді. Қысқасы, қандай тапсырыс түссе, соны тігуге әзір.
– Ұзатылатын қыздың жасауын дайындаймыз. Ол – бізге үлкен мәртебе. Қазір тіпті тойға арналған көйлектер де тігіп жүрміз. Өйткені қазақ қыздарының табиғаты өте биязы, ұяң болып келеді ғой. Қазіргі шығып жатқан трендтегі көйлектердің ашық болуынан ба екен, кім білсін, көбі етек-жеңі ұзын ұлттық нақыштағы көйлектерге тапысырыс береді. Түрлі оюлармен өрнектеп дайындаймыз. Тапсырыс берушілеріміз риза. Өзіміздің ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық танытқан қыздарға біз де таңдана қараймыз, – дейді Гүлманат.
Келіндердің арманын орындағысы келеді
Өз мамандығын екінші орынға қойған Сандуғаш Ахметханова қазір тігіншілік өнерінсіз өмірін елестете алмайды. Алға қойған мақсаттары да көп екен. Сөз арасында ол жүрек түкпіріндегі арманын да жасырмады.
– Бағымызға қарай, әйтеуір, біздің өнімдерге деген жұрттың сұранысы артып келеді. Алғашында бір бөлменің өзі үлкен сарайдай еді. Қазір тарылып бара жатқандай. Сол себепті, ең алдымен, цех ашуды көздеп жүрміз. Әрине, мемлекет қолдау көрсетсе, жақсы болар еді. Ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтамасыз етер едік. Менің де арманым – сол. Ауылымызға келін болып түскен кез келген аяулы жанның арманын орындағым келеді. Оларды жұмысқа алып, табыс тапқанын қалаймын. Өздері қалаған киімдерді тігіп, республикаға ғана емес, өнімдерімізді шетелге де шығарсақ деймін. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, өз тағдырын екінші орынға қойған әйелдер қауымының бір орында тұрып қалғанын қаламаймын. Үлкен цех ашып жатсақ, жыл көлемінде жақсы жұмыс істеген қызметкерлерді жер көруге, ел көруге аттандырғым келеді. Жолдама сатып әперіп, олардың серпіліп, жаңа леппен келіп жұмыс істегенін қалаймын, – дейді Сандуғаш.
Аядай бөлмеге келіндердің бәрі сыймасы анық. Сондықтан үлкендеу орын керек. Дегенмен тігін цехы ашылмаса да, Сандуғаш жұмысқа қосымша адам алуды көздеп отыр. Бөлме тар болғандықтан қашықтан жұмыс істеуге де қарсы емес. Тіпті тігін тігуді білмейтіндер болса, үйретуге де дайын. Үш күн тегін шеберлік сабағын өткізетін көрінеді. Егер осы үш күнде үміткерлер өзінің қабілетін көрсете алса, ары қарай қосымша бір апта көлемінде сабақ өтеді. Тігіншілік өнерге деген қыз-келіншектердің қызығушылығын оятып, құлшынысын арттыруды армандайтын Сандуғаш қазақ келіндерінің жан-жақты дамуына үлес қосқысы келетінін айтты.
Туристерге арналған базарлық
Гүлманат Сәбитованың бес қызы да тігіншілікке жақын. Біреуі тапсырыс қабылдайды, біреуі тігеді, біреуі сөгеді, ал енді бірі өскенде дизайнер болуды армандап жүр. Жер-жерден тапсырыс алып жүрген тігіншілер жергілікті спортшыларға да киім тігеді. Мәселен, қазір көкпаршыларға спорттық киім әзірлеп жатыр.
– Аудан жастары көкпарға жақын. Қазір спортшыларымызға арнап киім тігіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, көкпарға арналған киім өте сапалы тігілуі керек. Осы орайда спортшыларымыздың бізді таңдағанына ризамыз, – дейді Гүлманат.
Сырмақ, көрпе-жастықтардың арасынан көзімізге кестеленген орамалдар оттай басылды. Барлығында «Алакөл», «Алакөлден сәлем» деген жазулар бар. Сөйтсек, тігінші қыздар Алакөлдің жағасында демалуға келген туристерге арнап осындай жазулары бар базарлықтар тігеді екен.
Қолына ине ұстап, қиялына ерік бергеннің бәрі тігінші емес. Ол үшін шыдамдылық пен ұқыптылық, ептілік керек. Әр үйдің сәнін келтіріп тұратын перделер, жантайғанда жұмсақ төсеніш болатын сырмақтар, жастанып жатсаңыз, жаныңыз рахат табатын жастықтар – бәрі, бәрі осы Райымбековтар әулетінің шағын шеберханасынан шыққан тамаша дүниелер. Тігіншілер әрбір бұйымды жасауға барын салады, жанын салады. Өйткені олардың басты мақсаты – тек табыс табу емес, тапсырыс берушіні қуанту. Ал біздің мақсат – жеке кәсіп ашып өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтамасыз етуді ойлаған, ұлттық бренд қалыптастыруды арман еткен еңбек адамдарын, кәсіп иелерін көпке таныту. Олардың өнері жайлы хабардар ету. Ендеше, қажырлы еңбекті қажет ететін брендтік өнімдерімізге сұраныс азаймасын.
Үржар ауданы.