Қоғам

Қызметтер ыңғайлы форматқа көшті

   Биылдан бастап өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі  жандар қажетті техникалық оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдай алады.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанованың айтуынша,   қазір облыста 2700-ден астам адамды қамтитын стационар және жартылай стационар жағдайындағы 15 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде сегізі – бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға, төртеуі – психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедек жандарға, үшеуі – психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған  балаларға арналған.

Шемонайха ауданындағы Выдриха ауылында зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға арналған «Уба» шипажайы жұмыс істейді. Онда жыл сайын 5750 адам сауықтыру қызметтерін алып, демалады. Сонымен қатар Алтай ауданының Грехово кентінде 80 төсек-орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығы жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, қалалар мен аудандардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанындағы аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары 8500-ден астам адамға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді. Бұл істен шет қалмайтын өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар да облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен ынтымақтастық нәтижесінде 11 мың адамға әлеуметтік қызмет көрсеткен.

Әлеуметтік қызметтің басты бағыттарының бірі – көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі автоматтандырылған ақпараттық жүйе – әлеуметтік қызметтер порталын әзірледі. Енді арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар жабдықтаушының бейінін, рейтингін және басқа пайдаланушылардың олар туралы пікірлерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдай алады.

Айнұр Оралқызының пікірінше, порталды енгізу тауарлардың үлкен таңдауын, оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар бәсекелестік ортаның болуы  көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

– Биылғы бірінші қаңтардан бастап ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар бюджет қаражаты есебінен төленетін оңалтудың қажетті техникалық құралдары мен көрсетілетін қызметтерді электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып өздері таңдап ала алады. Егер тұтынушы қымбатырақ тауарлар мен қызметтерді таңдаған жағдайда, порталда қосымша ақы төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Қызмет алушыларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге биыл 3,1 миллиард теңге бөлінді, – деді басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова.

Айта кету керек, биыл бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетті де осы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде облыс бойынша 27 жабдықтаушы бекітілген.

Сондай-ақ елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар аясында 2025 жылға дейін жалпы тарифтердің орнына жан басына қаржыландыруды енгізу жоспарлануда. Биыл арнайы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.

– Халықаралық және отандық тәжірибені ескере отырып, тарифтер мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтердің түрлері бойынша белгіленетін болады. Жалпы бейіндегі қызметтер бойынша бірыңғай тарифтер белгіленеді, ал кешенді қызметтер бойынша аралас тарифтерді қалыптастыру нұсқасы қаралады. Қазір облыс бойынша апробацияға жеті мекеме қатысуда, – деп атап өтті Айнұр Оралқызы.

   Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button