Қызметкерінің жемқорлығы үшін сөгіс арқалады

Облыстағы бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұл институт Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосылған болатын. Осылайша, басшылардың қол астындағылар үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген. Енді саяси қызметшілер өздерінің тікелей бағыныстылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті. Бірінші басшы соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін не болмаса оның тікелей бағыныстысына қатысты қылмыстық іс ақтауға келмейтін негіздер бойынша тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде отставкаға береді.
“Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға сәйкес, отставкаға шығу туралы өтініш мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға беріледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметшіні лауазымға тағайындаған адамның құзыреті. Саяси емес, А және Б корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшылар олардың тікелей бағыныстылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда Заңмен тәртіптік жауапкершілік тартылады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған Заңда басшылардың қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі міндеті енгізілген.
Облыста қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірінші басшылардың отставкасы және дербес жауапкершілігі жөніндегі институттың іске асырылуына мониторинг жүргізілген сәттен бастап бірқатар басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қарамағындағы қызметкерлердің бюджет қаражатын жымқырғаны үшін “сөгіс” алды. Тағы бір мысал, Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қарамағындағы қызметкерлердің пара алғаны үшін “сөгіс” түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылса, Үржар ауданы Қоңыршәулі ауылдық округінің әкімі мемлекеттік органның бас маманымен бюджет қаражатын жымқырғаны үшін “қатаң сөгіс” алды.
Бүгінгі таңда бұл мониторингте әр түрлі деңгейдегі тағы сегіз басшы бар.
Камал Естай