Қытай Халық Республикасы Шыңжан Ұйғыр автономиялық районының Үрімші қаласында VIII Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесінің шымылдығы түрілді. Бұл айтулы шараға 42 қазақстандық компания қатысып жатыр.
Халықаралық көрмедегі ең үлкен павильон Қазақстанға тиесілі екенін айта кетейік.
«Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері, Азия мен Еуропаның жаңа өмірлік күші» деген тақырыпта өтіп жатқан әйгілі көрме 30 маусымға дейін жұмыс істейді.
Жетпіс мың шаршы метр аумақта үш негізгі көрме аймағы орналасқан. Атап айтқанда, біріншісі – инвестициялық ынтымақтастық, екіншісі – импорттық тауарлар мен тауар өнімдері. Үшіншісі алты бағытты қамтиды: энергетика, ақылды өмір, мәдениет және туризм, цифрландыру және жоғары технологиялар, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік, тоқыма және киім.
Импорттық тауарлардың көрме аймағында импорттық ауыл шаруашылығы өнімдері мен тағамдары, сусындар, денсаулық сақтауға арналған өнімдер, тоқыма бұйымдары, киім-кешек, тұрмыстық химия тауарлары, ана мен балаға арналған тауарлар, үй тауарлары, электронды тауарлар, көркем бұйымдар ұсынылады.
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының ақпараты бойынша, ЭКСПО қонақтары арасында біздің еліміздің павильоны – ең үлкені. Қазақстан павильоны 260 шаршы метр аумақты алады.