ҚоғамТОП

Қысылтаяң сәтте жұрт болып жұмыла білу қажет

Қыс келсе қармен алысып, көктемде қарғын сумен жағаласатын өңір тұрғындары үшін тағы бір мазасыз маусым басталды. Ол – өрттің қаупі күшейетін кезең. Ендеше тілсіз жаумен күресуге дайынбыз ба? Оның алдын алуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де мәселелер аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың қатысуымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде қаралды.

Ресми дерекке сүйенсек, облыста орман қорының аумағы 2,9 миллион гектарды алып жатыр екен, оның 1,6 миллион гектары жасыл желекті орман. Былтыр өңірімізде ұсақ-түйек өрт болғанымен ірі орман өрті тіркелмеген.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, былтыр өңірде 502 гектар жасыл желекті алқап өрттен қорғалды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 31 есе төмен. Тілсіз жаудан 35 млн 508 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген, бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 есе аз.

Ал биыл 8 сәуірден, яғни өрттің қауіпті кезеңі басталғалы екі орман өрті тіркелген. Мамандардың айтуынша, тілсіз жаудың шығуына негізінен найзағай және қолайсыз ауа райы себеп болған.

Осы орайда аймақ басшысы кез келген табиғи апаттың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап айтты.

– Өрт болсын, су тасқыны болсын ең бірінші мәселе – халықтың қауіпсіздігі. Сондықтан әр ауданда, әр елді мекенде тиісті жоспар жасалғаны дұрыс. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын заманауи деңгейге көтеруіміз қажет. Қағаздағы ақпаратты ешкім оқымайды, тұрғындарды жинап, жиналыс өткізудің де пайдасы шамалы. Қысқаша роликтер жасап, әлеуметтік желі арқылы таратқанда үлкен аудиторияны қамтуға болады. Қазір бәрінің қолында смартфон бар. Интернет бар. Технологияның игілігін кәдеге жаратуымыз керек. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасына аудан әкімдерімен және жауапты басқарма басшыларымен жұмысты күшейтуге тапсырма беремін, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Өңірде орман өртінің алдын алу үшін ұзындығы 81 шақырым минералдандырылған жолақтар орнату және 68 шақырым орман жолдарын жөндеу жоспарланған.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, кейінгі алты жылда облыстық бюджеттен орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд 960 млн теңге қаржы бөлінген.

Биыл мемлекеттік орман күзетінің дайындығында 226 өртке қарсы техника және 4 мыңнан астам өртке қарсы құрал-жабдық дайындалған.

–      Бізде қазір 36,3 тонна дизель отыны және 63,4 тонна бензин қоры бар. Жалпы орман өртін ауыздықтауға 1361 адам жұмылдыра аламыз, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Есентаев.

Төтенше жағдай кезінде жауапкершілікті құзырлы орындарға артып қойып, қарап отырмай жұмыла әрекет етудің тиімділігі зор екенін тәжірибе көрсетті. Бір ғана мысал, биыл көктемде Катонқарағай ауданының Коробиха ауылында тұрғындар тасқынға қарсы әрекет етуде жергілікті атқарушы органдарға көмекке келді. Қарғын су қауіп төндіргенде елді мекен маңында құтқарушылардың арнайы көліктерімен қатар қарапайым ауыл тұрғындарының техникалары да сақадай сай тұрды. Оннан астам техника жыл бойы «қарауылда» тұратын көрінеді.

– Бұл жерде халықтың ауызбіршілігі, одан бұрын тұрғындардың ауыл әкіміне деген сенімі көрінеді, –  деген облыс әкімі өзге елді мекен әкімдері де осы істен үлгі алып, осы тәжірибені қолданса, нұр үстіне нұр болатынын жеткізді.

Өңір басшысы кез келген қысылтаяң жағдайда жұртшылықты ұйыстыра білу бәрінен де маңызды екенін қадап айтты.

Осы айдарда

Back to top button