Қоғам

Қысылғанға қолұшын береді

Хасен Зәкәрия

          – Аудан көлеміндегі бірде-бір қамсыздандыру шарасы біздің қатысуымызсыз өтпейді, – дейді Күршім аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қ.Бақтияров.  – Осы бөлімге соңғы кезде бұрын дербес мекеме болған азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі де қосылып отыр. Сөйтіп, біз жүзеге асыратын шаралар ауқымы бұрынғыдан да кеңейе түсті.

Қайрат Тоқанұлының айтуынша, бөлімге артылатын негізгі міндеттер қатарына көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедек және мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде көмек көрсету, сондай-ақ аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері кіреді. Бұл бағытта адам саны мен қаражат көлемі үнемі өзгеріп отыратын тиянақты жұмыстар атқарылып келе жатыр.

– Неғұрлым түсінікті болу үшін біздің атқаратын жұмыстарымызды  төмендегідей мысалдармен сипаттап берейін, – дейді бөлім басшысы. – Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 1 жастан 3 жасқа,  3 жастан 6 жасқа дейінгі сәбилерге ай сайын кепілдендірілген әлеуметтік жиынтық беріліп отырады.  Бұл жиынтыққа аса қажетті бірқатар азық-түлік түрлері кіретіндіктен, әлгіндей отбасыларға мұның өзі айтарлықтай қолдау болып табылады.

Бұдан соң 1-топтағы мүгедектерді еңбекке жарамдылық туралы медициналық сараптама комиссиясының шешіміне сай қосымша оңалту құралдарымен қамтамасыз етіп отырамыз. Мұндай құралдарға арнаулы қалта телефондары, балдақтар, мүгедектер арбасы, нашар еститіндерге арналған құлаққаптар, ортопедиялық аяқ киімдер жатады. Сонымен бірге аудан бойынша 108 адам гигиеналық құрал-жабдықтармен қамтылып, жеті жағдайсыз жанға жеке көмекшілер тағайындалды. Осылармен қатар 31 адам протезбен,  тоғыз адам санаторий-курорттық жолдамалармен қамтылды. Сөйтіп, аудан бойынша 167 мүгедекке тиянақты түрде қамқорлық жасалып отырады.

Ал үйде отырып әлеуметтік көмек алатын 114 адамға 24 қызметкеріміз жәрдем жасап, қамқорлық көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан жүйке-неврологиялық сырқаты бар (барлығы 113 адам) жандарға 31еңбеккеріміз қызмет көрсетіп, қамқорлық жасайды. Халыққа  қызмет көрсету орталығында әлгіндей кішкентай балаларға арналған күндізгі стационар бар. Онда бүлдіршіндерге білім беруден бастап, түрлі ойындар ойнату, алуан жұмбақтар шешу сияқты қызметтер көрсетіп, аптаның 5 күнінде ие болатын 10 қызметкер еңбектенеді.

Қ.Бақтияровтың айтуынша, халыққа тұрғын үй көмегі де осы бөлім арқылы көрсетіледі екен. Отбасы мүшелерінің санына шаққанда кіріс мөлшері төменгі кедейшілік деңгейінен аспайтын болса, бұл жанұяның  отын-көмірге, электр қуатына  жұмсаған шығындары өтеп беріледі. 2022 жылдың бес айында 30 отбасына 1 206 мың теңге көлемінде көмек көрсетіліпті. Ал өткен жылы 371 отбасына көрсетілген осындай көмек мөлшері 13 млн. 260 500 теңгені құраған екен.

Мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, әлеуметтік сала қызметкерлері, ветеринарлар мен дәрігерлерге арналған коммуналдық төлемақы да осы бөлім арқылы төленеді. 2021 жылы осы санаттағы 1847 адамға 60 млн. 292 мың теңге төлемақы төленіпті.

Бұдан басқа, көпбалалы аналарға, соғыс және тыл ардагерлеріне, ауғандықтар мен чернобыльдіктерге төленетін бір реттік жәрдемақы бар. Ол көмек биыл 207 адамға көрсетілді. Бұл санатқа соғыс жесірлері, саяси қуғын-сүргін құрбандары да кіреді. Аудандағы жалғыз соғыс ардагері А.Ахмадиевке 1,5 млн. теңге төленді.

–  Мүгедектердің әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін де біз қамтамасыз етеміз, – дейді Қайрат Тоқанұлы. – Мәселен, қоғамдық нысандарға жөндеу жасау керек, мүгедектердің кіріп-шығуына қолайлы болу үшін пандус салынуға тиіс дегендей. Сондай-ақ ауданға келіп, жұмыс істейтін шетелдіктерді тіркеу жүргізуді де біз жүзеге асырамыз.

Тұрмыста қиын жағдайға ұшыраған ауылдастарымызға бір реттік жәрдемақы беру туралы да заң бар. Бұл заңға сәйкес 2022 жылдың өткен 5 айында осындай 46 адамға 3 млн. 923 996 теңге көлемінде жәрдем көрсетілді. Туберкулез дертіне душар болған адамдарға дәрі-дәрмек алу үшін де арнайы қаржы қарастырылған.

Негізгі бағыттардың бірі деп Роллан Нұрланұлы жетекшілік жасайтын жұмыспен қамту мәселесін бекер қозғап отырған жоқпыз. Ол туралы сөз болғанда бөлім басшысы төмендегідей мағлұматтарды көлденең тартты. Мұндағы шаралардың дені «Кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асуда. Бүгінде үш айлық қысқа мерзімді курстарда 15 адам оқытылып жатыр. Олар оқуларын бітірген соң қазіргі кезде қат болып тұрған тракторшы мамандығын алып шығады. Осындай 49 адамды оқыту үшін 21,6 млн. теңге қаржы қарастырылған екен. Сонымен бірге биыл  40 адамға 1 225 200 теңгеден 61,2 млн. теңге көлемінде грант бөлініп отырған көрінеді. Оны жастар, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, мүгедек балаларды бағып-қағып отырған адамдар, еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударушылар және көшіп келген қандастар ала алады.

– Ақылы қоғамдық жұмыстарға 206 адам орналасуы керек болатын, – дейді Қайрат Тоқанұлы. – Қазіргі кезде бұлардың саны 226 адамға жетті. Әлеуметтік жұмыс орындарының жоспары 15 адам болса, бүгінде оның 21-і игеріліп отыр. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын алғашқы жұмыс орнына бес  адам ие болды. «Жастар практикасына» 25 адам баруы керек десек, әзірше онда 11 адам жіберіліп отыр.

Аудан бойынша 317 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген болатын. Бүгінге дейін бұлардың 284-і жұмысқа орналастырылды, 15-і кәсіби білім алуға жіберілді. Осылайша, жұмысқа орналастыру деңгейі 82,1 пайызды құрады.

Еңбек күші артық өңірлерден құрамында 26 адамы бар 10 отбасы көшіп келуге тиіс болатын. Әзірше 3 адамы бар 1 отбасы келіп отыр.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button