Қысқа қамдануды тапсырды
Тамыздың басына дейін әлеуметтік нысандар көмірмен жүз пайыз қамтылуы тиіс. Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша қала-аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деді.
– Бұған дейін Өскемен әкімі бірқатар шағым мен ескерту алған болатын. Сондай-ақ шұғыл түрде Риддер жылу энергия орталығымен жұмыс істеуге тура келді, мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Әр әкімге көмір жеткізу, жөнелту мерзімдері, отын мөлшері ескерілген нақты кесте жасауды тапсырдым. Сату нүктелерінің жұмысын тексеріп, осы тізбектен алыпсатарларды алып тастау қажет, бұл әсіресе шалғай аудандарға қатысты, – деді облыс әкімі.
1 тамызға қарай әлеуметтік нысандарда көмірдің жүз пайыздық қоры болуы тиіс, ал 1 қыркүйекке қарай қала-аудандардың жылумен жабдықтау жүйелеріндегі барлық жөндеу жұмыстары аяқталу қажет.
Аймақ басшысы атқарылған жұмыс бойынша есептерді апта сайын тыңдайтын болады, 15 қыркүйекке қарай өңірдің барлық нысандарында жылу беру маусымына әзірлік паспорты болуы тиіс.
Ержан Кеңесұлы