Қысқа-нұсқа
Бұқтырма су қоймасының жағалауы Алакөл үлгісімен дамытылады. Алдағы уақытта бұл демалыс орнын бірқатар өзгеріс күтіп тұр.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, Бұқтырманың инфрақұрылымын Алакөлдегі сияқты дамыту қажет. Тиісті жұмыстар биыл басталады. Жаңа демалыс базалары, қонақ үйлер бой көтереді. Жету ыңғайлы болу үшін Осинов асуын айналып өтетін жол аяқталады.
Облыста жыл соңына дейін 7 мектеп пайдалануға беріледі. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі жоқ.
Ал 2025 жылдың соңына дейін облыста 33 мектеп салу жоспарланып отыр. Мектептердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр 208 білім беру мекемесі күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, 600 мың оқулық сатылып алынған.
Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ресейдің Королев қаласында өткен «Адам – Жер – Ғарыш» ғылыми жобалар олимпиадасында екінші орын алды.
Оныншы сынып оқушылары Қымбат Байсапина мен Нұрай Жанатбекқызының «Жаңбыр суын жинайтын дренаж жүйесі» жобасы жоғары бағаланған. Жоба бойынша қала жолдарындағы жаңбыр мен еріген қар суы резервуарға жиналып, көгалдарды суаруға қолданылады.
Семейде «Abay Media Group» атты жаңа ақпараттық медиахолдинг ашылды.
Оның құрамына Abaiaqparat.kz, Abaynews.kz, Semeynews.kz порталдары, «Semeystan», «Типичный Семск», «Semey Life», «Semey Public», «Semey 24», «Абай ақпарат» сынды интернет жобалары еніп отыр. Сондай-ақ «Content analytics», IT жобаларды құрастыру және басқару, мобилографияны дамыту бөлімдері, «Әлеуметтік талдаулар жүргізу орталығы» бар.
Облыста дала өрті өршіп тұр. Күн сайын құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтауға 20-30 рет аттанады.
Көп жағдайда өрт ашық аумақта, саяжайларда және тұрғын үй секторында тіркеледі. Айталық, жуырда Алтай ауданындағы Ермаковка ауылында шөп пен бұталар жанды. Отты өшіруге тікұшақ тартылып, әуеден 33 тонна су төгілді. Жалынның шығу себебі – отты пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтамау.
Валюта бағамы
АҚШ доллары 434.76 тг.
Еуро 453.37 тг.
Рубль 6.91 тг.
Юань 64.1 тг.