Қысқа-нұсқа
Өскемен тұрғындары сапасыз салынған көпқабатты үй үшін мердігерден 300 миллион теңге өндіріп алды.
Былтыр Бауыржан Момышұлы көшесіндегі үйдің қабырғасына қапталған материал түсіп қалған еді. 2019 жылы пайдалануға берілген үй тұрғындары мен Қазақстан тұрғын үй компаниясы арасында сот болған. Қазір үйді жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Мұзтауда ресейлік екі альпинист турист қаза болып, тағы екеуі құтқарылды.
23 маусымда Катонқарағай ауданының құтқарушыларына тауда 4 альпинист қар көшкіні астында қалды деген хабар түскен. Құтқару жұмыстары 3 мың метр биіктікте жүргізіліп, МИ-8 тікұшағы бірнеше рейс жасаған.
Шығыс Қазақстанда жыл басынан 814,1 гектарды қамтыған 74 орман өрті тіркелді, оның 60%-ы найзағайдан тұтанған.
36 өрт тұрғындардың отты абайсыз қолдануы салдарынан болған. Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері құтқарушылар күшейтілген қызмет түріне көшті. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
Серебрянка қаласы маңында жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетті.
Оқиғаның себебі анықталуда. Зардап шеккен ешкім жоқ. Қазір Көкжиек – Күмістау теміржол учаскесінің 95-ші шақырымында қозғалысты қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.