Қысқа-нұсқа
Президент бірнеше облыстың әкімдерін тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі оқу-ағарту министрлігі және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді.
Атап айтсақ, Нұрлан Ұранхаев Абай облысының, Бейбіт Исабаев Жетісу облысының, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі, Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі атанды.
Өскемендегі 5,5 шақырымға жуық жолда орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға шақ қалды.
Стаханов және Қабанбай батыр көшелеріндегі жұмыстар толық аяқталған. Крылов және Красин көшелеріндегі жұмыстар жуырда мәресіне жетеді. Айдың соңына дейін Үлбі кентіндегі және Сәтпаев даңғылы мен Жастар көшесінің арасындағы жолды жөндеу аяқталады.
16 маусым мен 31 тамыз аралығында Алакөлге қосымша екі Тальго жолаушылар пойызы қатынайды.
Үшарал мен Үржар әуежайлары жабылғандықтан негізгі сұраныс теміржол тасымалына тиесілі. Билет сату 8 маусымнан басталды. Қосымша екі Тальго пойызымен бірге Алакөл бағытында барлығы 11 пойыз қатынайды.