Қысқа-нұсқа
8 маусымда 102 арнасына Өскемен әуежайында багажды сканерлеген кезде күдікті зат табылғаны туралы хабар түскен.
Хабар түсісімен әуежай жұмысы тоқтатылып, келушілер мен қызметкерлер түгел эвакуацияланған. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар заттың сувенирлі оттық (зажигалка) екенін анықтады.
Глубокое ауданы, Степное, Шмелев Лог ауылдары тұрғындарының шағымынан соң «Родничок» шошқа фермасы тексерілді.
2002 жылдан жұмыс істеп келетін фермада 9770 бас шошқа бар. Шошқа көңі ашық далаға төгіліп келген. Соған орай жеке кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылып, 500 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл төледі.
Облыста биыл 64 көлік отқа оранған. Бұл жалпы өрт санының 11%-ын құрап отыр.
Көп жағдайда жалынның шығуына себеп – өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы. Көліктегі өрт білінбей басталады. От шыққаны күйік пен түтін иісі сезілгенде ғана белгілі болады. Жалын үйдегі өртке қарағанда бірнеше есе тез таралады.
Шығыс Қазақстанда жыл басынан 240 жол апаты тіркелді, салдарынан 338 азамат жарақат алып, 43 адам мерт болды.
Күн жылынғалы жол апаты жиіледі. Себебі тұрғындар қала сыртына демалуға шығып, көлік ағыны артты. Жол апатының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, көлікті мас күйде айдау, маневр ережесін бұзу, қарсы жолаққа шығу.