Қоғам

Қысқа-нұсқа

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин облыс аудандарында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесті.

Депутат Бородулиха ауданының орталығында салынып жатқан спорт кешенінде, күрделі жөнделген емханада болды, қожалықтарға барып, ауыл шаруашылығы мәселелеріне назар аударды. Кездесулерде алдағы референдумның маңызы егжей-тегжейлі талқыланды.

 Облыста полицейлер браконьерлерден 2 тоннадан артық балық тәркілеп, 2,5 миллион теңгеден астам айыппұл салды.

Өңірде 16 сәуірден «Уылдырық» акциясы өтіп жатыр. Шара басталғалы заңсыз балық аулаудың 195 дерегі анықталып, 187 адамға айыппұл салынды. Браконьерлерден 2900 метр синтетикалық ау, 32 балық аулау құралы тәркіленді. Науқан 30 мамырға дейін жалғасады.

Семей қалалық әкімдігі құрылыс колледжінің студенті Данил Кондратенко мен оқушы Руслан Омаровты алғыс хаттармен марапаттады.

Олар 1 мамырда Ертіске батып бара жатқан 2009 жылы туған баланы құтқарған. Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули онлайн режимде құттықтап, білім министрлігі атынан алғыс хаттар табыстады. Жас батырлар төтенше жағдайлар министрінің грамотасымен де марапатталды.

 Семейде Балалар жылына орай биыл 3 мыңға жуық шара өткізу жоспарланған.

Қалада 48622 бала бар. Жыл басынан 285 шара ұйымдастырылды. Оқушылар мұражайлар мен театрларға тегін барып, түрлі байқауларға қатысуда. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау іс-шаралары да жоспарланған.

Облыста дала өрті өршіп тұр. Күн сайын құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтауға 20-30 рет аттанады.

Көп жағдайда өрт ашық аумақта, саяжайларда және тұрғын үй секторында тіркеледі. Айталық, жуырда Алтай ауданындағы Ермаковка ауылында шөп пен бұталар жанды. Отты өшіруге тікұшақ тартылып, әуеден 33 тонна су төгілді. Жалынның шығу себебі – отты пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтамау.

Осы айдарда

Back to top button