Қысқа-нұсқа
28 шілде күні сағат 08.52-де Өскемендегі Промышленная көшесінде орналасқан жанармай құю станциясы аумағында жарылыс болған.
Жанармай құюға арналған бөшкелерді тазалау кезінде ауа қосындысы жарылды. Салдарынан 42 жастағы ер адам көз жұмып, 12 жастағы жеткіншекті күйік шалды. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.
Облыс құтқарушылары балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін үйрететін мультфильм шығарды.
«Тентек пен Айя» мультфильмінің кезекті сериясында балалардың судағы жүріс-тұрыс ережелері туралы айтылады. Профилактикалық жұмыстар арқасында өңір бойынша балалардың суда қаза болуы 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе төмендеп отыр.
Бұқтырма су қоймасына батып бара жатқан кемеден 24 адамды құтқарып қалған төрт азамат марапатталды.
Батыл әрекет еткен Асқар Сайлаубаев, Дәулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев пен Сұлтан Тайжановқа төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі және облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.