ТОП

Қыш өнерін меңгеру үшін шетелге бардым

Балауса ҚОЖАЕВА

Теледидардың ар жағынан ғана тамашалап жүрген қыш өнері кім-кімді болмасын қызықтырары анық. Алайда аталмыш кәсіптің біз білмейтін қырлары қанша?!. Өскеменде қыш өнеріне үйрететін арнайы курстар бар десек, таңырқап та қалатын шығарсыз. Ендеше, біз оқырманға тың кәсіп бастаған өскемендік қолөнерші туралы және қыш өнері жайлы тарқатып айтып берейік.

Шығыста шеберлер санаулы

 Қыш өнері – көне заманнан бастау алған қолөнердің ерекше бағыты. Әр елдің  тарихында бар көне өнер десек артық айтқандық емес. Бұл сөзімізге археологиялық қазба жұмыстарынан табылып жатқан ескерткіштер дәлел. Ғалымдар қыш өнері неолит дәуірінде басталған деседі. Қытай, Грекия, Африка елдеріне ерте келген қолөнер біздің елде қаншалықты дамыған? Бұл сұраққа біз емес, қолөнершінің өзі жауап берсін.

–    Шығыс Қазақстанда қыш өнері айтарлықтай дамыған демес едім. Себебі қолөнерге қызығушылығым артқанда қыш өнеріне үйрететін орындарды іздедім. Алайда таппадым. Семейде мектеп барын естігенмін,  бірақ ол балаларға арналған болып шықты. Әрине, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды сынды қалаларда мектептер болды. Бірақ Шығыста емес. Ақыр аяғы Ресейге барып үйренуге тура келді. Өйткені Өскеменде де қыш өнеріне үйрететін орынның болғанын қаладым, – дейді Әлия Есімжанова.

Алайда қолөнерге арналған мектептердің аз болуы елімізде қыш өнерінің кенжелеп қалуына себеп емес. Өйткені елімізге келетін туристердің бір парасы қолөнершілердің бұйымдарына қызығып, тіпті үйренуге келетіндер бар.

Қыштан бұйым жасауды үйрену үшін қанша қаражат керек? Бұл сауалға, шебер, оқу ақысын кез келгеннің қалтасы көтере бермейтінін жеткізді. Себебі бұл өнерге үйрену үшін Новосибирсктен бөлек,  Самарқанд қаласына да барған. Қолөнерші аспаз және шаштараз екенін де айтып өтті. Өз бұйымдарына деген сұраныс та көп дейді.

–    Новосибирск қаласында бір айға жуық болып, кәсібімді ашуға алғашқы қадамдарымды жасадым. Алайда мұнымен шектелмей, Самарқанд қаласында тағы бір айымды өткіздім. Кәсібімді бастарда мүмкіндігі шектеулі балаларды осы өнерге баулығым келген. Бірақ ол мен ойлағандай оңай болмай шықты. Карантин кезінде балаларға сабақ жүргізу қиыншылық тудырды. Алайда қыштан бұйым жасау өнерін меңгерем деушілер көп. Бұйымдарға сұраныс та жоғары. Шаһар тұрғындары арнайы тапсырыс беріп жатады. Мәселен, шайнек, кесе, құмыра, тағысын тағы, – дейді шебер.

Иә, бақылап қарасаң, біраз уақытты талап ететіндей-ақ. Алайда қолөнерші кесе, табақ жасауға 10 минут қана уақытын жұмсайтынын айтты. Ал құмыра жасау бір жарым сағат уақыт алады екен. Алайда бұйым жасау үш кезеңнен тұратынын ұмытпағанымыз абзал. Қыш ыдыс кептірерде құрылғыдан ауаны шығару қажет, себебі ауа қалып қойған жағдайда күйдіру кезінде әзірлеп отырған бұйым сынып кетуі мүмкін. Кейін бұйымды кептіру кезеңі басталады. Бұл процесс 7-12 күнге созылды. Барлығы табиғи жолмен жүзеге асуы тиіс, кептіру үшін бөгде құрылғылар қолданылмайды. Бұйымды тек дұрыс кептіруді білу қажет. Үшінші кезең – күйдіру кезеңі. Бұйымды 8 сағат бойы 1050 градуста күйдіреді. Күйдірудің бұл түрі утильді күйдіру деп аталады. Бұл кезең аяқталған соң бұйымды әрлеу басталады. Келесі кезекте пешке салып, 1050 градуста қыздыру қажет.

Бұл таптырмас терапия

 

Осыған дейін қолөнер түрі басты табыс көзі болып табылса, қазір адамдар шығармашылығын дамытуға және терапия қабылдауға келеді. Өйткені бұйым жасау адамның психологиялық жағдайын жақсартады деген сенім бар. Бұл туралы Әлиянің өзі былай дейді:

–    Қазір бәріміз асығып жүреміз. Бәріміздің басымызда бір проблема. Әйтеуір, алаңдаймыз да жүреміз. Көбінің жанында бір уайым бар. Ол – шындық. Осындай кездерде қыш өнері – адамдарға таптырмас терапия. Өйткені бұйым жасау кезінде сен айналаңда болып жатқан дүниелерді ұмытасың. Жылы атмосферада қиялыңа ерік бересің. Мектепке келетіндер әртүрлі жастағы жандар және бәрі қолөнерді меңгеріп, ақша табуды көздейді деп айта алмаймын. Шығармашылығын дамытып, жанына тыныштық іздейтіндер келеді.

Айта кетейік, қазір балшықпен емдеудің әдістемелері де бар. Бұл өнер арқылы адамдар өз фобиясынан, жаман энергиядан арылғандарын да айтып жатады. Ғалымдар бұған табиғи өнім әсер етеді дейді. Өйткені табиғатпен тілдеседі. Бұйым жасаудан алатын әсер табиғат аясындағы демалыс пен теңізде демалғанмен пара-пар. Өйткені балшық – ол табиғи өнім.

 

Ең кішкентай оқушым үш жаста

 

Әлияні бақылай отырып, өзіміздің де өнерге деген қызығушылығымыз оянғанын жасырмаймыз. Өйткені өз қиялыңда жүрген түрлі бұйымдарды жасауға не жетсін?! Осы тұста Әлия шәкірттері жайында сөз қозғады.

–    Сабаққа әртүрлі жастағы жандар келеді. Белгілі бір жас мөлшеріндегілер көбірек деп айтпас едім. Мәселен, менің ең кішкентай оқушымның жасы үште, ал ең үлкені – зейнеткер. Яғни еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қолөнерді меңгергісі келеді, өздерін жан-жақты дамытқысы келеді. Енді біреулері қала шуынан демалып, бір уақыт тыныштықта қалғысы келеді. Әр жастағы жандар және әрқайсысының өз мақсаты бар, – дейді шебер.

Әлиянің сөзіне сенсек, баланың қиялын, логикасын дамытуда қолөнердің берері мол. Қол моторикасын дамытуда да ерекше рөл атқарады. Ұсақ моториканы дамыту арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті артады. Айта кетейік, қыш өнерімен айналысу үшін қолыңыз икемді болуы шарт. Бұйымның қай жері қалың, қай жері жұқа екенін сезу үшін саусақтың сезімтал болуы керек. Одан бөлек, шыдамдылық пен төзімділік қажет. Қолөнерді меңгергім келеді деушілер үшін Алия жиі-жиі шеберлік сағаттарын өткізеді.

– Шеберлік сағаттарын барынша көп өткізуге тырысамын, себебі жаңа дүниені үйрену қашан да қызық. Мәселен, мен кәсіп ашарда ерекше сезімді бастан кештім. Қорқыныш болды. «Шағын ғана шаһардың халқы қыш өнеріне бет бұра ма?» деген сауал болды.  Алайда сенімнің арқасында «Ветер» деген атпен өз мектебімді аштым. Келіп үйренем деушілер көп, авторлық бұйым жасайтындар да аз емес. Қыш өнері – бабаларымыздан келе жатқан көне өнер. Сол себепті халқымыздың қызығушылық танытуы да заңдылық шығар, – дейді Әлия.

Қайтар жолда көзге оңай көрінетін өнердің жеңіл емес екенін түсінгендей болдық. Бірақ топыраққа аунап, балшықпен ойнап өскен ауыл балалары үшін қыш өнерін меңгеру мәселе емес шығар?! Сіз қалай ойлайсыз?

 

 

Осы айдарда

Back to top button