Қоғам

Қыран ғұмыр

Катонқарағайда жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек  Қаңтарбаевтың  75 жасқа толуына орай “Қыран ғұмыр” атты мерейтойлық кеші өтті.

Кешті белгілі айтыс ақыны,  журналист Серік Құсанбаев жүргізді. Мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, қуанышына ортақтасуға көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Әлібек Асқаров, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары,  “Жұлдыз” журналының редакторы  Мереке Құлкенов, «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы,  жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы   Дәурен Қуатов, сондай-ақ Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар келді.

Кеш барысында мерейтой иесі өзінің жуықта жарыққа шыққан “Қасқыр-тірлік” атты жаңа кітабының көпшілік алдында тұсаукесерін өткізді. Аталған жинақта қабырғалы қаламгердің әр жылдарда жазылған әңгімелері, публицистикалық еңбектері топтастырылған.

– “Қасқыр тірлік” ол менің жүріп өткен өмірім, – деді кітабының тұсаукесерінде жерлес жазушы.

Мерейтой кеші алыс-жақыннан келген қонақтардың ақжарма тілектерімен жалғасты. Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан Әлібек Қалиұлын мерейтойымен құттықтай отырып, кеудесіне “Өр Алтайдың арысы” медалін тағып, иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.  Осындай құрметке жазушы Әлібек Асқаров  да ие болды.

– Әлібек Қаңтарбаев ұзақ жыл елде қалды, елде жүрді.  Ол  қазақ тілінің мәйегін сақтап қалды. Екінің бірі оны сақтай алмайды. Ертерек кетіп қалғандардың көбі ауылдың тілін, елдің тілін білмей,   ұмытып қалады.   Әлібектің көркем шығармасын былай қойғанда, жазған мақаласына  дейін бейнелі.  Ол көркем жазады. Оның жазған  көркем шығармасынан бастап, мақаласына дейін астын сызып отырып оқимыз.  Өйткені сол арқылы біз үйренеміз.

Зиялы қауымның өзіңе деген көзқарасы ерекше. Осы шабысыңнан танба. Көркем әдебиет ол қарапайым бүгінгі тілден сәл жоғары болуы керек. Бүгінгі өзіміздің шалынып-бүлініп жүргенімізді жаза берсең, онда не көркемдік бар. Әдебиет былайғы қарапайым өмірден бір саты жоғары тұруы керек. Солай жазып жүрген  Әлібек  ағамызға керемет табынамыз. Құтты болсын, жетпіс бесің! – деді  шығармашылығына биік бағасын берген жазушы Әлібек Асқар.

Өскемен шаһарының  әкімі Жақсылық Омар Әлібек Қалиұлына  аймақ басшысы Даниал Ахметовтің құттықтауын жеткізіп,  сый-сияпатын табыстады.

Кеш барысында “Ертіс концерттің” әншілері мен облыстық жастар драма театрының актерлері әндерін орындап, мерейтой иесі Әлібек Қаңтарбаевтың өлеңдерін оқып, іс-шараның көркін тіптен ашты.

Мерейтой кешінің соңы жазушының драматургия саласындағы  “Армандастар” қойылымымен аяқталды.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button