Қоғам

Қымызы бал татиды

Жылқы малы Катонқарағай өңірінің шаруа қожалықтары үшін бүгінде төрт түліктің ішіндегі ең пайдалысы болып отыр. Алыс-жақында тұратын қалалық ағайындар жаз шыға саумал мен қымызды көксеп өр Алтайға саулайды.

Таулы, нулы да сулы аймақта жасыл шалғанды омыраулай жарып, мың түрлі шөптің ішінен өзіне керектісін таңдап жейтін жылқының сүтінің де, одан дайындалатын қымыздың да сапасы ерекше. Содан болар қымыз Катонқарағайдың атын елімізге паш етіп тұр.

Жаңаүлгілік Айдос пен Айсұлу Мұқамжаровтардың бие байлап, қымыз өндіргендеріне жеті-сегіз жылдың жүзі болды. Осы уақыттың ішінде олар қымыз дайындау ісін жете меңгерген.

Мұқамжаровтардың балдай тәтті қымыздарының дәмін бір татқан адам қай уақытта болсын оларды іздеп табады. Жақында менің өзім сондай бір жағдайдың куәсі болдым.  Айдос пен Айсұлудың қара қостарынан жолықтырған бір әйел өзін «қостанайлықпын», – деп таныстыра келіп:

– Өткен жазда осы кісілерден елу литр қымыз сатып алып, еліме алып барғанмын. Сонда ол жақта таңдап ішіп жүрген қымызымыз осы жақтан алып барған қымызбен салыстырғанымызда түкке де тұрмайтын болып шықты. Неге екенін білмеймін  Қостанай жақтың қымызы аштылау болады және де денені қыздырып, бойды балқытпайды, – деді.

Сол кезде сөзге араласқан Айдар:  – Жылқының жеген шөбінен де, оны дайындау технологиясынан да айырмашылық болуы мүмкін. Катонқарағай жылқының жері. Мұнда жылқы малы сүйсіне жейтін өсімдік түрі көп. Біз қымызды дайындағанда оның ашытқысының, біздіңше айтқанда, қорының дұрыс болуынан, сүтті құятын ыдыстың тазалығынан бастап, барлық талаптарды қатаң сақтаймыз. Сүтті суық ұстаса да,  қормен дұрыс араластырылмаса да жақсы қымыз болмайды, – деп өз тәжірибелерімен бөлісті.

Айдар мен оның інісі Айдос та (ол да жазда қымыз дайындайды) көргені бар азаматтар. Кезінде әкелері, марқұм Көмекбай ақсақал жылқы өсіріп, жүйрік ат баптаған. Сондай -ақ ол кісі көріпкелдік сияқты қасиеттерімен, бойындағы қуатының молдығымен де өзгелерден ерекшеленетін. Жалаңаш кеудесіне темір қасықтарды, үтікті жапсырып, көргендерді таңдандырушы еді.

Жылқы күтімін жеттік білуі мен еңбекқорлығының арқасында Айдар мен оның ұлы Мейіржан биылғы созылмалы, қиын көктемнен малды жақсы сақтап, құлын да  алды. Бүгінде олар бір үйір биені сауып, тәулігіне 70-80 литрден  қымыз дайындап саудалап отыр. Мұқамжаровтар өндірген өнімдерін қайда алып барып өткіземіз деп те қиналмайды. Тапсырыс берушілер өте көп. Келіскен күні өздері келіп алып кетеді.

Жалпы алғанда,  Катонқарағай өңірінде қымыздан өзге  мал өнімдерін тиімді бағаға өткізу қиямет-қайым. Оңтүстік облыстардан келіп, сұраған бағасына алып кететін алыпсатарлар келмей қалса, мұндағы мал иелері құлын-тайларын, өгізшелері мен бұзау-торпақтарын қайда жіберерлерін білмей қиналып қалады.  Мәселен,  өткен күзде  сондай жағдай орын алды. Белгілі бір мал басына шақтап қысқа  дайындаған жемшөп қоры жетіспегендіктен, кейбір шаруа қожалықтары мен жекелеген мал иелерінен көп мал шығынына жол берілді.  Ал сол кезде еліміздің дүкен сөрелері еттен тапшылық көрді немесе етке  деген сұраныс пен етпен жабдықтаудағы тепе-теңдіктің жоқтығынан жылқы мен сиыр, қой етінің бағасы өсіп шықты. Егерде елімізде  өзің өндіріп, өзің сат деген ұстаным болмай,  кеңес кезінің тәжірибесімен дайындаушы бір мемлекеттік мекеме жұмыс істесе, онда ет өндірушілер де, тұтынушылар да қазіргідей жағдайға тап болмас еді.

Жәнібек  Қабдуәлиев, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button