Қоғам

Қуаңшылықтан құтқаратын жалғыз амал

Азамат Темірбеков

Көпжылдық және біржылдық шөп дақылдарын егіп, қор жинаған шаруа ғана табиғаттың тосын мінезіне қай кезде болмасын төтеп бере алатыны белгілі. Міне, осындай қағиданы берік ұстанған ұландық Василий Гладышев құрғақ ауа райы басым өңірде бір шаруашылықтың жұмысын үйіріп отыр.

Алдағы қыс маусымына өңір шаруалары 2,5 млн тоннаға жуық мал азығын дайындап, сақтаулары қажет. Бір қарағанда пішеннің мұндай мөлшерін дайындау қиын емес сияқты. Оның үстіне нарық жағдайында өмір сүретін әр фермер мен жеке шаруа не істеу керектігін жақсы біледі. Ең бастысы, оған мал басын қыстамадан аман алып шығу. Өйткені бүгінгі күні ауыл-аймақ халқының негізгі табыс көзі осы шаруашылықпен тығыз байланысты. Оның үстіне, пандемияның азық-түлік тауарлары бағасын өсіріп, логистиканы нашарлатуы, шеттен тауар әкелуді қиындатып жібергені тағы бар. Дағдарыс кезінде бағалы тауарды сатып алмай-ақ өмір сүруге болғанымен, бірінші кезекте қажетті азық-түліксіз өмір сүру мүмкін емес. Оларға деген сұраныс қай кезде болмасын жоғары екені белгілі. Міне, осындай кезде шаруаға импорттық тауарды жергілікті өніммен алмастыру міндеті артылады.

Сұраныс артады

Құрғақшылық орнап, мал азығы азайған кезде пішен ең өтімді тауарға айналып шыға келеді. Мұндай уақытта сапасы биылғы пішенге жетпейтін өткен жылғы пішеннің бағасына дейін шарықтап шыға келеді. Кейбір жағдайда шаруа көп менсінбей, төрт түліктің астына төсеу үшін ғана қолданылатын сабанның өзі мал азығына айналады. Бұл кездегі басты мәселе – малды қыстамадан аман алып шығу.

Былтырғы құрғақшылық кейбір шаруашылықтарды жаз бойы малды алдыңғы жылы жабылған сүрлем шөппен азықтандыруға мәжбүр етті. Өйтпеген жағдайда табыс әкеліп әрі субсидия бөлініп отырған сүт көлемін сақтап қалу мүмкін болмады. Биылғы жылдың да кейбір өңірлердің шаруаларын жарылқап тастамағаны шамалы. Бұл әсіресе еліміздің батыс облыстарында ерекше байқалды. Жағдай бір жағынан еліміздің шаруаларына сабақ болса, тағы бір жағынан пайда көзіне айналды. Демек, мал азығын дайындап сату да пайдалы кәсіп деген сөз.

Ерте қамданған жөн

Жалпы, өңірдегі шаруалар соңғы жылдары біржылдық және көпжылдық шөптердің мал азығы үшін таптырмайтын дақыл екенін түсіне бастаған сыңайлы. Өйткені аталмыш дақыл түрлері табиғи жайылымдар мен шабындықтардағы пішен түсімі аз болғанда шаруаның төрт түлігін жұттан аман алып қалатын жалғыз сенімді көзге айналады. Міне, осыны түсінген шығысқазақстандық шаруалар ерте қамданып, еліміздің басқа аймақтарындағы шаруалардан оқ бойы озды.

Олардың бұл ісіне Глубокое ауданының Опытное поле ауылында орналасқан Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы көп көмек көрсетуде. Мал азығын дайындауды басты мақсат тұтқан ұландық «Достық» шаруа қожалығының басшысы Василий Гладышев та осы бағытта тәжірибе станциясымен сенімді түрде серіктестік құрған. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының майталманы саналатын Василий Гладышев өз шаруашылығында түрлі шөп дақылдарын егу арқылы, мал азығын қамдап қана қоймай, сонымен қатар оны көбейтуге де ден қойған.

Жалпы, Ұлан ауданы өзінің табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты өсімдік шаруашылығын жүргізуде тәуекелі көп аймаққа жатады. Алайда Василий Гладышев басқарған шаруашылық қандай жағдай болмасын ауыл шаруашылығының қос саласын бірдей жүргізіп отыр. Төрт түлікке қай кезде болмасын құнарлы азық қажет. Ал ондай азық дайындау үшін құдайдың күнін тосып отыратын керек емес.

Мамандар тапшы

Шөп шабу науқаны қызып тұрған шақта біз Василий Гладышевті егіс басынан тауып, ауыл шаруашылығы саласының «бас ауыртып, балтыр сыздатқан» мәселелері жайында әңгімеге тарттық. Соңғы жылдары қой шаруашылығының бірнеше қадам кері кеткенін алға тартқан ол салада кәсіби маман тапшылығының сезіле бастағанын тілге тиек етті. Кейінгі кезде қойдан гөрі ірі малдың пайдасын көбірек көрген өңірдегі шаруашылықтар бұл бағытты біртіндеп ұмыта бастаған сыңайлы. Дегенмен, күні бүгінге дейін қой өсіру өз маңызын жоғалтқан емес. Оның үстіне оның еті де күн санап қымбаттауда. Қазірде ауыл шаруашылығының «Қызыл кітабына» енген кейбір мамандарды табудың шаруа үшін бейнет екенін айтқан ол, мұндай мамандарды қызықтырар ештеңесі жоқ ауылдарда ұстап тұру тіптен мүмкін емес дейді.

– Мен мұндай мамандарды ауыл шаруашылығы саласының «Қызыл кітабына» енген мамандар деп атаймын, – дейді Василий Гладышев. – Бүгінде жер-жерлердегі әр агроколледж жыл сайын кем дегенде он механизатор оқытып шығарады. Алайда шаруа қожалықтарындағы трактор жүргізушілеріне деген қажеттілік бәз-баяғы қалпында қалып отыр. Маман жоқ! Сонда жаңағы дайындаған мамандарымыз қайда? Шалғайда орналасқан елді мекендерді айтпай-ақ қояйын, тұп-тура қаланың түбінде орналасқан біз сияқты шаруалар үшін де бұл үлкен мәселе. Өйткені Герасимовка ауылының 90 пайыз халқы Өскеменге барып-келіп жұмыс істейді. Иін тірескен автобус таңғы сағат алтыдан бастап қас-қарайғанға шейін біздің ауылдан адам тасиды. Осыдан-ақ біз сияқты шаруаға қандай қиын екенін ойлап көріңіз.

 

Үш рет орып алуы мүмкін

Дегенмен, тығырықтан шығар жолды тапқан шаруа маман тапшылығын алға тартып, қол қусырып отырған жоқ. Өйткені алты ай бойы азынайтын қытымыр қыс қыр астында. Көзді ашып-жұмғанша жетіп келері анық.

Ауыл шаруашылығы басқармасының алдын ала жасаған жоспарына сенсек, биыл табиғи жайылымдар мен шабындықтардағы шөп түсімі орташа алғанда гектарына жеті центнерден түсім беруі тиіс. Біржылдық шөп дақылдарының түсімі 14, ал көпжылдық дақылдар 21 центнерден түсім беруі ықтимал.

Егілген шөп дақылдарының қандай артықшылығы болуы мүмкін? Мысалы, жоңышқаны алып қарайық. Мамандардың айтуынша, аталмыш дақыл көктемгі уақытта топырақ қабатындағы ылғалды бойына барынша сіңіріп, құрғақшылық кезінде де бірінші шаппада жақсы түсім беретін көрінеді. Мұны өз тәжірибесінде сынап көрген «Дружба» шаруа қожалығының жетекшісі айтып отыр. Көпжылдық болжамдарға сәйкес, маусымдағы жауын-шашын аталмыш дақылды екінші рет орып алуға мүмкіндік берсе, қалыпты ауа райы жалғасқан жағдайда оны үшінші рет орып алуы да ғажап емес.

– Бірінші орымда біз әр гектардан он центнерден өнім алдық, – дейді Василий Гладышев. – Ал, жоңышқаны екінші рет ору барысында гектарынан 20 центнерден түсім аламыз деген үміт бар.

Оның мал азығын дайындауға деген осындай қатынасы шаруашылықтың бірнеше жыл қатарынан қыстамадан қиналмай шығуына себепкер болуда. Бұл жерде жасыратын құпияның жоқ екенін алға тартқан Василий Гладышев өңір шаруаларына біржылдық және көпжылдық дақылдарды отырғызуды дәстүрге айналдыру керектігін айтады. Мал азығын жасанды жолмен өсіріп, дайындаған шаруа ғана қыстамадан қиналмай шығады. Оның үстіне, тұқымға, агротехника мен осы бағыттағы басқа да жұмыстарға жұмсалған қаражат соңында жақсы нәтиже береді. Адам ауа райын өзгерте алмаса да, дақыл түсімін өзгертуге қауқарлы.

– Малдың қыстық азығын дайындауда судан шөбі таптырмайтын дақылдардың бірі болып саналады, – дейді Василий Гладышев. – Соңғы жылдары аталмыш дақыл түрін де егуді мықтап қолға алдық. Тіпті, менің ең сүйікті дақылыма айналды десе де болады. Қазіргі уақытта біз аталмыш дақыл егілген алқапты түгелдей шауып тастамай, келесі жылға тұқым алу үшін біраз бөлігін сақтап қойдық. Яғни, пісіп жетілген кезде орып алып, тұқымын келесі жылы қайта отырғызамыз. Осылайша, жыл сайын тұқым сатып алуға кететін қаражатты біраз мөлшерге үнемдейміз.

Осылайша, өсімдік шаруашылығы саласына өзіндік өзгеріс енгізіп, өз білгенін өзгеге тәлім етуден жалықпайтын маман Шығыста өсірілетін барлық дақылдардың органикалық әрі экологиялық жағынан таза екенін айтады. Бүгінде өңір шаруаларының біржылдық және көпжылдық шөп дақылдарының ішінде жоңышқаға, экспарцетке, судан шөбі мен еркекшөпке (житняк) ерекше мән беретінін алға тартқан ол қай дақылды болмасын өсірудің жөнін білмеу сан соқтыратын жағдайларға алып келуі мүмкін дейді. Өйткені, табиғаттың түрлі сыйын алдын ала болжап білу мүмкін емес. Мұны бір ғана 1974 жылы болған қуаңшылықтан-ақ байқауға болады. Ол кезде халық амалсыздан ағаш бұтақтарынан, сазда өсетін қамыстан малдың қыстық азығын дайындап, табиғатқа орасан зор зиян келтірген еді. Ал қазір ол кез емес. Технологиясы мен техникасы дамыған заманда бұл мәселені өркениетті тәсілдермен шешуге бізде барлық мүмкіншілік бар деп ойлаймыз.

 

Фотосурет автордыкі

 

Осы айдарда

Back to top button