Құйған – Жалаңаш арасына жол салынып жатыр

Ауданымыздың шекаралық елді мекендеріндегі тұрғындардың инфрақұрылымдық қажеттіліктерін өтеуге барынша назар аударылып отыр. Мәселен, Құйған ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекенінде кейінгі жылдары айтарлықтай оң өзгерістер бар. Атап айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікпен қоспәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды.
Сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Нұрлы жол» паритетті 50/50» бағдарламасы арқылы Ақжар-Құйған арасындағы 13 шақырым, Жалаңаш-Құйған арасындағы 26 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, көктем шықса саз балшыққа айналып, қыста күпсе қарға нығарланып, автокөліктердің жүруіне қолайсыздық тудырып келген мәселенің оң шешімін тапқанына жалаңаштықтар дән риза.
– Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының ауылдарға жұмыс сапарында біздің елді мекенге келіп, сонда осы жол мәселесін айтқан едік. Өтініш-тілегіміз жерде қалмай, күрмеулі мәселеміз шешімін тапты.Тіпті бұл жол кеңес өкіметі заманында салынбаған еді, бұл шекаралық ауылға жасалған қомақты қолдаудың айқын үлгісі. Мұқым ауыл болып қуанып жатырмыз,- дейді жергілікті тұрғын Сайлаубек Топаев.
Осы ауылдан он жыл бұрын көшіп кеткен Назым Мамырбекова да туған ауылына келген сайын оң өзгерістерді байқап қуанатындығын айтады. Өзі ұстаздық еткен С.Көбеев атындағы мектептің 11 жылдық деңгейге көтерілгені келешекке деген сенімді нығайтады дейді.
– Барлық мәселе ретімен шешімін тауып келеді екен, тек ұялы байланыс қызметі жолға қойылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Назым Мамырбекова.
Құйған ауылдық округінің әкімі Жанат Жоламановтың айтуынша, Жалаңашта өркенді істер аз емес. 2019 жылы Құйған-Жалаңаш арасындағы Ұласты өзеніне көпір салынды. Тағы бір атап айтарлығы, 2017 жылға дейін 4 сыныптық болған мектеп бүгінде 11 жылдық білім ордасына айналды. Қазіргі таңда 65 бала білім алуда, жаңадан келіп жатқан жас мұғалімдердің де саны көбеюде. Ауызсу да тартылған. Мал өсіруге қолайлы өңір болғандықтан, шаруа қожалық жүргіземін деп көшіп келіп жатқан отбасылар да жоқ емес.
Ерлан БАПАНОВ,
Тарбағатай ауданы.