Қоғам

Құтқарушыларға сұрақ қойды

Ұлан ауданының азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері Төменгі Тайынты ауылында орналасқан «Үміт» және «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» балалар лагерьлері базасында балалармен кездесу өткізді.

Құтқарушылар балаларға шомылу мен орманда жүру қауіпсіздігін және жер сілкінісі мен өрт кезінде өзін қалай ұстау керегін түсіндіріп айтып берді. Кездесу барысындағы «Жүз түрлі сұрақ» кезеңінде балалар құтқарушыларға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Құтқарушылар төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттер туралы егжей-тегжейлі жауап беріп қана қоймай, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдерін көрсетті және оны балаларға киюге мүмкіндік берді. Бұл балалар үшін қызықты әрі ұғымды жиын болды. Демалушы балаларға түрлі-түсті жадынамалар табысталды. Бұл оларға міндетті түрде сақталуы тиіс ережелерді жаттап алуға көмектеседі.

– Бұл іс-шаралар балалардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер туралы білімін нығайтуға ықпал етеді. Шомылу маусымында, көбінесе, қауіпсіздік сақталмай жатады. Біз оны балаларға түсіндірдік деп ойлаймыз, – дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің маманы.

Жасын Қалибек

 

Осы айдарда

Back to top button