ТОП

Құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Облыс әкімінің өкіміне сәйкес, 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі енгізілді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлайды.

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта облыста елді мекендер аумағынан қар шығару жұмыстары қызып тұр. Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдардың күшімен 156 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылыпты. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу мақсатында дайындалған техникалық және материалдық ресурстар саны айтарлықтай артқан. Облыста су тасқынымен күреске 2 511 адамнан тұратын жеке құрам, 242 мотопомпа, 46 жүзу құралы мен 800-ден астам техника сақадай сай тұр. Бұдан бөлек, 64 мың дана қап, 9 323 тонна инертті материалдар мен 263 тоннадан астам жанармай қоры дайындалды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жеке секторда тұратын халыққа көктемгі су тасқынына дайындықты қазірден бастау қажеттігін ескертуде. Мамандар тұрғындарды аула аумақтарын қардан және арықтарды мұздан уақтылы арылтып отыруға шақырады.

– Ал төтенше жағдай кезінде шұғыл 112 телефонына хабарласу керектігін еске саламыз, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.

Жақында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көру мақсатында Шығыс Қазақстанға Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы келіп қайтқан болатын. Министрлік өкілдері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, екі қала мен 11 ауданның су басу қаупі бар аймақтарында орналасқан елді мекендерді аралады.

Жедел топты басқарған Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов мұндай жұмысты уақтылы атқарып отыру аса маңызды екенін айтты.

– Төтенше жағдайды күтіп отырмай, апаттың алдын алуға бағытталған барлық жұмысты дер кезінде атқарып, елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету керек. Сонда ғана біз ойлағандай нәтиже болады, – деді А.Советов.

Инженерлік жұмыс жоспарына сәйкес, бүгінге дейін облыста су тасқынына қарсы 55-тен астам іс-шара жүзеге асырылыпты. Мәселен, жалпы ұзындығы 64 шақырым болатын жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 36 шақырым бөгендер салынып, жөндеу көрген. 19 шақырымдай өзен арнасы тазартылған. Бұған қоса, 58 шақырым арықтар мен каналдар салынып, үш көпір жөнделіпті. 45 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 283 шақырымға жуық арық пен каналдар қоқыс пен мұз қалдықтарынан тазартылды.

– Бұл іс-шараның барлығы су тасқынынан сенімді қорғаныс жасауға бағытталған. Сонымен қатар, 2024 жылғы су тасқыны кезеңінің соңында жергілікті атқарушы органдар облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, су басу қаупі бар елді мекендер мен аудандардың тізімін түзетіп, нақтылады. Жаңа тізімге сәйкес, 2024 жылдың соңында қарғын су қаупі жоғары елді мекендер саны 72-ке жетті, оның 15-інде су басу қаупі жойылып, 49-ында барынша азайтылды, – деп хабарлайды облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінен.

Жұмыс сапарының соңында Алексей Советов облыстағы елді мекендерді ықтимал су тасқынынан қорғауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Айта кетейік, осыдан біраз бұрын Шығыс Қазақстанда гидробекеттердің бастапқы деректері, мамандар болжамдары мен су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстар жайындағы ақпарат енгізілген цифрлық карта әзірленіп жатқанын жазған болатынбыз.

– Жол картасы, инженерлік жұмыстар, су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары. Бүгінде дәл осы бағыттар бойынша қажетті жұмыстар қолға алынуда. Аталған іс-шаралар тасқыннан келер қауіп-қатерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ондағы мақсат – елді мекендерді су тасқынынан қорғау, материалдық залал мөлшерін азайту, адам шығынын болдырмау, – деп жазады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, таулы аймақтардағы өзендерге бірнеше мәрте әуеден барлау жүргізілгенін айту керек.

Сала мамандарының айтуынша, биыл Шығыс Қазақстанда қар мөлшерінің көп болуына қарамастан, топырақтың қату деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда төмен. Бұл су басу қаупін де едәуір азайтады.

Мамандар облыс өзендерінде судың кедергісіз ағуына мүмкіндік беретін жарылыс жұмыстарын да жалғастыруда. Облыста мұндай іс-шараларды өткізуді қажет ететін 19 учаске анықталыпты. Әрбір елді мекен және су тасқыны қаупі бар учаске бойынша іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Төтенше жағдай кезінде жұмысқа тартылатын күш пен құралдардың мөлшері анықталды.

– Аймақта су басудың алдын алу бойынша жедел іс-шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік беретін аэровизуалды мониторинг жүргізу жалғасатын болады. Жалпы алғанда, облыс аумағындағы су тасқынына қатысты жағдай тұрақты деуге болады, – деп хабарлайды мамандар.

Осы айдарда

Back to top button