Құтқарушылар көмекке әзір

Жадырап жаз келді. Шомылу маусымы ашылды, әзірше күн салқын болып, жұрттың өзен-көлге беттей алмай жатқан жайы бар. Күн сәл ысыған соң, жағалауды қара-құрым халық басатыны сөзсіз.
– Шомылу маусымының ашылуымен бірге біздің жаз бойғы тынымсыз әбігеріміз де басталады, – дейді Күршім аудандық №9 құтқару бөлімшесінің бастығы Рәшит Мәзенов. – Штатымызда небәрі 12 адам бар, ал бізге қарасты аумақтың көлемі шын мәнінде ұшан-теңіз деп айтуға болады.
Шынында да, сонау Үлкен Нарын өңіріндегі Васильев өткелінен бастап, Зайсан көлін, Марқакөлді қамти келе, шығысында Қытай Халық Республикасының шекарасына дейінгі ұлан-ғайыр аймақтағы су айдындарын жіті назарда ұстап, осы аралықтағы қауіпсіздікті қадағалайтын жедел құтқару жасағының шағын ұжымына артылар жүктің ауқымды екені айтпаса да түсінікті. Осынау жауапты жұмысқа 2003 жылы қабылданып, содан бері небір қиындықтарды бастан кешіп, қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Рәшит Сайранханұлының құлақ түрген жанға айтары қашанда мол. Тәжірибелі маман 2021 жылдан бастап ұжымның басшылығына тағайындалды, ал мұның Рәшиттің мойнына артылар жауапкершілік жүгін бұрынғыдан да еселей түскені даусыз. Қалай болғанда да Р.Мәзенов басқарған құтқарушылар қауымының көздеген жерден көрініп, әрдайым сенім үдесінен шығып келе жатқаны шындық.
– Өзімнен басқа 10 адам – қажет болған кезде суға сүңгіп, көмек көрсетуге, жәрдем жасауға үлгере алмаған жағдайда суға кеткен жанның мәйітін алып шығуға тиіс сүңгуірлер, – дейді Рәшит, – және осында ұзақ жылдар бойы еңбектеніп келе жатқан сенімді медбикеміз бар. Ол кісі күнделікті жұмыс алдында бәрімізді бірдей медициналық тексеруден өткізіп, жай-күйімізді қадағалап отырады.
Құтқару жасағының қызметкерлері күн сайын жұрт суға түсетін жерлерді аралап, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға үндейді, осы бағыттағы жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай шараларға құтқарушылармен бірге аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, сондай-ақ полиция қызметкерлері қатысып, барша жұмыстарды бірлесе атқарады.
– Сонымен бірге, – дейді Р.Мәзенов, – Самар өңіріндегі Песчанка ауылының жанында орналасқан «Алтын құм» демалыс орнына екі адам жіберіп отырамыз. Қайықпен, басқадай қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған бұл екеуі он бес күн бойы сол арада кезекшілік атқарады, оларды келесі кезекте барған екі адам ауыстырады. Өскемен қаласындағы орталық бөлімнен тағы екі адам жіберіледі, сөйтіп, осы төрт қызметкеріміз шомылушылардың қауіпсіздігін мұқият қадағалайтын болады.
«От пен су – тілсіз жау» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған ғой, жай кезде өңірімізге көрік, жанымызға рақат беретін көк айдынның жыл сайын көптеген құрбандықтарға себепкер болып жататыны өкінішті. Өткен жылы тоғыз адамның суға кетіп, опат болғанын Рәшит күйзеле отырып әңгімеледі. Жаз жаңа басталды, ал жақында Күршім өңірінде бір адам суға кетіп, көз жұмды.
– Суға кеткендердің көпшілігі осы қайғылы оқиғаға тікелей өздері себепкер болып жатады, – деп тұжырды сөзін Рәшит Сайранханұлы. – Шомылатындардың көбінің су жағасына ішімдік ішіп, мас күйінде баратыны ешкімге құпия емес қой. Соның салдарынан алуан түрлі қайғылы жайларға душар болып жатамыз. Жақында шыққан Әкімшілік кодексінің 364 және 440 баптарына сәйкес бұдан былай өзен-көлдердің жағасына мас болып барғандар мен шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен адамдарға айыппұл салынып, кәдімгідей жазаға тартылатын болады. Ал бұл заң жауапкершілікке жүрдім-бардым қарайтын адамдарға кәдімгідей тосқауыл болып жатса, құба-құп!
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.