Қоғам

Құтқарушылар дабыл қақты

Күннің қатты ысуына байланысты облыстың құтқарушылар қызметі де күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінде департамент мамандары полиция қызметкерлері, сондай-ақ еріктілермен бірлесіп өзен-көлдер жағасына 600-ге жуық рейд жүргізген. Рейдтер нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталып, тәртіпке бағынбаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ мамандар балалардың демалыс лагерьлеріне арнайы барып, жасөспірімдерге суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын насихаттауда. Жалпы, облыста қауіпті су айдындары туралы ескертетін 116 белгі орнатылған.​ ​Рұқсат етілмеген жағажайлар құтқарушылардың жіті назарында. Соған қарамастан, тыйым салынған жерлерде суға шомылып, бастарын қатерге тіккендер азаймай тұр.

– Өкінішке қарай, судағы қауіпсіздік ережелеріне жүрдім-бардым қарайтындар жетіп артылады. Тұрғындар су қоймаларының жағасында спирттік ішімдіктер ішіп, ағысы қатты өзендерге шомылуға бейім. Оларды тіпті, тыйым салу белгілері де тоқтата алмауда. Ең сорақысы, адамдар мұндай қауіпті жерлерге өздерімен бірге балаларын да әкеледі. Жалпы, облыста шомылу маусымы басталғалы бері үш адам суға кеткен, – делінген департамент хабарламасында.

Құтқарушылар су жағасына демалуға барған адамдар бірнеше қарапайым ережені қаперде ұстауы тиіс екенін тағы бір мәрте ескертеді. Мәселен, ішімдік ішіп, есірткі пайдаланған адамдарға суға түсуге қатаң тыйым салынады. Сол сияқты, қайықтардан, кемелер аялдайтын айлақтар мен бұл мақсаттарға арналмаған өзге де нысандардан суға секіруге, суының түбі тексерілмеген және шомылу үшін жабдықталмаған жерлерде сүңгуге болмайды. Жүзуге арналмаған заттардың көмегімен суға түсуге де тыйым салынады. Сонымен қатар балаларды қараусыз қалдырмаған жөн.

– Егер де қандай да бір оқыс оқиғаның куәсі болсаңыз, дереу 112 нөміріне телефон шалу қажет, – деп кеңес береді мамандар.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button