Қоғам

Құсбегілік – қасиетті өнер

Елімізде ұлттық спортқа ерекше мән беріліп отыр. Денешынықтыру мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында көптеген іс-шара қамтылған. Тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет қабылданған бағдарлама нәтижесінде ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар облыс орталықтарында ғана емес, ауылдарда да өткізіліп келеді.

Осы орайда танымал құсбегі, ұлттық спорттың жанашыры Тәттімбет Кәпұлымен жолығып, бүркітшілік өнерінің қыр-сырымен танысқан едік.

Тәттімбет – текті жанұядан шыққан азамат. Біраз жыл бұрын аудан орталығынан алыс емес тау етегіндегі Көкөзек ауылына барғанымызда Тәттімбеттің ата-анасымен танысқанбыз. Өлең жазатын, ән-жырға құмар, жыр-дастандарды жатқа білетін адамдар екен. Өздерінің Алматыдан шығарған «Таудай болғым келеді», «Қайтқан қаз» жыр жинақтарын беріп, қуантқан еді.

Бұл жанұя 1992 жылы Моңғолияның Бай-Өлке аймағынан Семейге қарасты Қайнар ауылына көшіп келеді. Бірнеше жылдан кейін Үржарға қоныс аударады. Осы отбасының бір ұлы Дәулеткерей танымал ақын-жазушы, енді бір қызы еліміздің орталық газетінде қызмет атқарады.

Тәттімбет – ауыл  мектебінде мұғалім. Алматының туризм және спорт академиясын бітірген. Сонымен қатар құсбегілікпен айналысады.

– Моңғолияда бала кезімде құсбегілікпен айналысатындар көп еді. Оларға қызыға қарайтынмын. Құс баптау, оларды аңға салу маған қатты әсер ететін. Осында көшіп келгелі, әсіресе, оқу бітіріп келген соң бұл өнермен шұғылдануды мақсат еттім. Іргедегі Тарбағатай тауында қыранның мекендейтінін еститінмін. Балапандарын әкелуді ұйғардым. Бірде қасыма бірнеше жігіт ертіп, шыңдағы ұясынан жалғыз балапан алып келдім. Көкшегір деп атап, күтіп-баптап, республикалық жарыстарға қатыса бастадым, – дейді Тәттімбет. – Жүлделі келіп жүрдік. 2015 жылы ауданымызда өткен республикалық бүркітшілер сайысында жүлделі орыннан көріндім. 2016 жылы Аягөзде ұйымдастырылған дүбірлі жарыста да жүлдесіз қалған емеспін. Құсбегі болу, қыранды ұстау, баптау, жайын табу оңай емес. Тамағын тауып берудін өзі оңайға соқпайды. Біраз уақыт бұрын тағы да таудан балапан әкелдім. Таудың ең биік шыңы Ақберліден әкелген соң Ақүрпек деп атадық. Шыңға шығу көп күш-қайратты қажет етеді. Кейде өзімді альпинист секілді сезінемін. Қыран балапанын қолға түсіру үшін уақыт кетеді. Кейінгі барғанымда Алдаберген деген азаматты ертіп алдым. Бірнеше адам бармаса, бір адамға ұядан балапан алу мүмкін емес.

Қазір құсбегілікпен шұғылданатындар көбейді, республикалық, облыстық бүркітшілер қауымдастығы құрылды.

– Өңірімізде бүркітшілікпен тұрақты айналыса бастағандар баршылық. Нұғым Қайдарұлы, Ерзат Байқадам, Ғалым Самғат, Серіққан Еңсебаев, Зарық Қабимолла, Ермек Жетпісов, Ринат Әлімғазин, Нұман Өмірбек, Айтқұрман Қайдарұлы және басқалар бар. Қазір аталған азаматтармен бірігіп, «Шығыс Алтай бүркітшілер қауымдастығын» құрдық. Соның төрағасымын. Бүркіттің бір қасиеті үйге басқа біреу келерде, аңға біраз уақыт шықпай қалсаң, шаңқылдай бастайды. Сондай елгезек. Көрінген адамның сипауын жаратпайды. Қасында тұрып басқа біреумен өзін сөз қылып тұрғаныңды да сезіп тұрады. Еркелетуді, көп емексітуді ұнатпайды.

Тәттімбет бүркіттің ерекшелігін біраз айтып, сипаттап берді. Арасында ата-бабаларымыздың қыран туралы толғауларын жатқа айтқанда қайран қалдым. Бұрын еш оқымаған, естімеген ғажап жырлар екен.

Сондай-ақ Тәттімбет Кәпұлы асау үйретеді. Бұған көп ешкім көңіл аудармағанмен, бұл да – ел-жұртымыздың нағыз еркекке тән спорт түрі. Ертеде азамат күшінің қаншалық екенін осыған қарап анықтаған. Ұлттық спорт болғандықтан бұған да назар аударыла бастады.

– Құсбегілік өнерінің өңірімізде қалай дамып келе жатқанын айтсам, қазір Көкөзек орта мектебінде осы іске жастарды көптеп тарту үшін арнайы үйірме ашып, қызығушылық білдірген ұл-қыздарды топтастырдым. Қыран баптаудың, аңға салудың әдіс-тәсілдерін ұғындырып келемін. Олар тәп-тәуір құсбегілікті меңгеріп қалды, – дейді Тәттімбет Кәпұлы.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button