Сапасыз салынған құрылыстар көп, халықтың жаңа баспаналарға деген күдігі басым. Төбесінен су ағып, қабырғалары жарылып жатқан, шатыры ұшып кеткен тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар қай өңірде де жетіп артылады. Келешекте мұндайды болдырмау мақсатында қазір талқыланып жатқан жаңа Құрылыс кодексінің жобасына құрылыс саласындағы рұқсаттардың бірыңғай тізілімін бекіту, сәулет-құрылыс қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту сияқты сапаны арттырудың бірнеше тәсілі кіргізіліп, құрылыс нысандарын пайдаланудың кепілдік мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұзарту қарастырылып жатыр. Енді «e-Qurylys» ақпараттық жүйесі алаңында құрылыс нысанын салудың барлық кезеңі онлайн бақыланбақ. Осылайша құрылыстың көлемі, саны ғана емес, сапасы да артады.
Құрылыс, тұрғын үй, әлеуметтік, мәдени тұрмыстық құрылыс нысандарын салу және сапалы етіп салу облыстың табысты әлеуметтік-экономикалық дамуының және аймақ тұрғындары әл-ауқатының деңгейін байқататын басты көрсеткіштің бірі.
Облысымызда қандай құрылыстар салынып жатыр? Қарқыны қалай, сапасы қандай? Құрылыс сапасын арттыру мақсатында құрылыс индустриясында жаңа технологиялар қолданылып жатыр ма? Салада кадрлар жеткілікті ме? Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мамандарымен өткен «Altai-News» медиа-орталығында» өткен дөңгелек үстел отырысында (ықшамдалып берілді) осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.
– Аймақта былтыр 311,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды, бұл оның алдындағы жылға қарағанда 10,2%-ға көп. Облыста қандай әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысандар салынып жатыр?
Қарлығаш Айтқазынова, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылыс бөлімінің бас маманы:
– Құрылыстағы мердігерлік жұмыстардың облыстық көлеміндегі негізгі үлесі – 92,9% жекеменшік нысандағы кәсіпорындарға тиесілі, шетелдік кәсіпорындар үлесі – 7,1%. Орындалған құрылыс жұмыстарының республикалық көлемінде өңірдің үлесі 4% көлемінде.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы – әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі. Басқарма өз құзыреті шегінде ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады. Сонымен қатар мекеме екі әлеуметтік-экономикалық индикаторға жауапты. Бұл – құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру.
Қазір облыста халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатындағы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Сапалы білім беру «Білімді ұлт» және «Ауыл – ел бесігі» сияқты ұлттық жобалар аясында құрылыс нысандары салынып жатыр.
Осы бағыттарды іске асыру барысында облыстың құрылыс басқармасы былтыр 35 әлеуметтік маңызы бар нысанның (білім беру – 3, спорт – 6, денсаулық сақтау – 21, басқалары – 5) құрылысын жүзеге асырды. Нысандардың құрылысына былтыр қазынадан 25,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Жалпы 25,3 млрд теңге қаржы игерілді.
Жыл қорытындысы бойынша облыста пайдалануға 19 нысан берілді, оның ішінде Өскеменде көпбейінді технологиялық колледжінің студенттеріне 244 орындық бір жатақхана, Тарбағатай ауданы Шеңгелді ауылында 100 орындық бір мектеп және 17 елді мекенде (Тарбағатай ауданында – 6, Шемонаиха ауданында – 1, Күршім ауданында – 5, Ұлан ауданында – 5) алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынды, соның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша шекара маңындағы төрт шалғай елді мекен бар.
Биыл аймақта әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын үй құрылысы қарқын алмақ. Облыста 190 млрд теңгеге 694 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 6 361 пәтер салу жоспарланып отыр. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 2,6 млрд теңгеге 156 пәтер салынады. 2024 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 3201 пәтер салынып, осыншама адам қоныс тойын тойламақ. Алдын ала болжам бойынша баспана құрылысының көлемі былтырғыдан 101,7 пайызға артпақ. Соның ішінде 26 көпқабатты тұрғын үй салынып, осы тұрғын үйлердегі 2 305 қолайлы пәтер пайдалануға беріледі. Биылғы қаңтар-ақпанда пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй құрылысының көлемі де былтырғыдан 102,6 пайызға өскен.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында облыста 2025 жылдың аяғына дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жалпы құны 34,7 млрд теңге болатын 4 200 орындық 10 мектеп салынады. Он мектептің бесеуі Өскеменде, үшеуі Глубокое ауданында, біреуі Шемонаихада, біреуі Риддер қаласында бой көтереді.
2023 жылы облыста 3 мың орындық жеті мектептің құрылысын бастауға Ұлттық қордан 9,4 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл оларды аяқтауға және 1200 орындық жаңа үш мектеп құрылысын бастауға 14,9 млрд теңге бөлініп отыр. Құрылысы басталған жеті мектеп жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс.
– Құрылысы кестеден кешігіп жатқан нысандар бар ма?
Саят Тойкенов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
– Қазір Катонқарағай, Күршім, Ұлан аудандарында салынып бітпей жатқан төрт денешынықтыру-сауықтыру нысаны бар. Олардың құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Өкінішке қарай мердігерлер құрылысты әлі аяқтаған жоқ. Қазір осы нысандарға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп жоспарлы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сотқа арыз түсірдік. Бұл нысандар осы жылдың аяғына дейін салынып бітеді.
– Облыс сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Салынып жатқан құрылыстардың беріктігі, сейсмикалық қауіпсіздігі қандай деңгейде?
– 2006 жылдан бастап облыстың қалалары мен аудандарындағы барлық ғимараттар мен құрылыстар еліміздің «Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс» ережелерінің талаптарын ескере отырып, жобаланып, салынуда. Құрылыстың берік салынуы үшін антисейсмикалық жіктер орнатылады, сыртқы қабырғаларды арматурамен қосымша күшейту қарастырылған. Осы шаралардың бәрі ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтіп, эксперттермен тексеріледі.
Сейсмология институты облыстың егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру және Өскемен қаласының аумағын сейсмикалық микроаудандастыру карталарын әзірледі.
Қазір бұл карталар Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінде бекітілуде. Карталар бекітілгеннен кейін сейсмикалық күшейтуге жататын нысандарды паспорттау, яғни тексеру жүргізіледі.
Бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жобалау аяқталған соң жобалар міндетті түрде сараптамадан өтеді. Жобаны мемлекеттік сараптамаға немесе аккредиттелген ұйымға жолдау, объектілердің техникалық жағынан күрделі немесе күрделі еместігіне байланысты. Ол Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен реттеледі.
Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін лицензия беру кезінде сараптама жасаушы және жобалаушы ұйымдарға талаптарды күшейту де аса маңызды. Сонымен қатар жобаларды әзірлеу кезінде қоғам белсенділерін немесе қоғамдық ұйымдардың мүшелерін тарту құрылыс сапасын жақсартуға ықпалын тигізбек.
– Талқыланып жатқан жаңа Құрылыс кодексінің жобасы құрылыс сапасын арттыруға қаншалықты ықпал ете алады?
Гүлмира Сатбаева, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жобалау-сметалық бөлімінің басшысы:
– Қазір Құрылыс кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Өткенде Президент Үкіметке Құрылыс кодексін пысықтап, жетілдіруді тапсырды. Құрылысты жүргізуге, қадағалауға енгізіліп отырған тиімді тәсілдермен бірге сапаны қадағалау үшін бұрынғы мемлекеттік комиссияны қайтадан қайтару мәселесі қаралып жатыр. Оған қоса бұдан былай сараптама ұйымдарының жауапкершілігі күшейтілмек. Жобада мемлекеттік сараптаманың үлесін арттыру көзделіп отыр. Мұның бәрі салынатын құрылыс сапасын анағұрлым арттыратыны сөзсіз. Өңірімізде салынып жатқан құрылыстардың саны да, сапасы да артады.
– Салынып жатқан баспаналар өте қымбат. Оның басты себебі құрылыс материалдарының қымбаттығында. Облыстағы құрылыс нысандарын салып жатқан мердігер компаниялардың отандық материалдарды пайдалану көлемі қадағалана ма?
– Тиісті құжаттарға сәйкес тапсырыс беруші жобалауға арналған тапсырма бергенде Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолдану міндетті талап болып есептеледі. Жобалау кезінде қазақстандық қамту үлесін анықтайтын тізім жасалады, оның мәні максималды болу қажет. Бұл тізім сараптамадан өткенде міндетті түрде ұсынылады.
Шығыс Қазақстанда құрылыс материалдары, жиһаз және құрылғылар көп өндіріледі. Атап өтсек, кірпіш, цемент, ДСП, шыны мен темір бетон конструкциялар, электр техникалық өнімдер және минвата. Бізде мердігер ұйымдармен мемлекеттік сатып алу шартында мердігердің белгіленген нысан бойынша жергілікті қамту үлесі туралы есептілікті ұсынуды міндеттейтін арнайы талап бар.
Сондай-ақ шарттың міндетті талабының бірі – мердігердің жұмыстарды қабылдау сатысында қолданылған материалдар бойынша СТ KZ сертификатын ұсынуы. Яғни мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын нысандарда тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды жеткізушілердің дерекқорына енгізілген мердігердің қазақстандық өндірістің құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолдануы бақыланып отырады.
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев елімізде құрылысты нәтижелі дамытуға орай 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотекалық несиелендіруді жалғастыру, тұрғын үй құрылысы аудандарын инженерлік коммуникациялармен белсенді жабдықтау, елді мекендерді сумен жүз пайыз қамту тәрізді бірнеше бағыттағы стратегиялық міндеттер мен мақсаттарды орындауға тапсырма берді. Президент тапсырмасы ішінде үлестік қатысы бар түйткілді проблемалы үйлердің құрылысын жеделдете салып бітіру де бар. Үлескерлік мәселесі туындамас үшін облыста салынып жатқан қандай тұрғын үйлерге халық ақшасын салып, үлескер бола алады? Осы туралы айта кетсеңіздер.
Қарлығаш Айтқазынова, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылыс бөлімінің бас маманы:
– Облыста үш тұрғын үйде Қазақстан Тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар, яғни осы тұрғын үйлерге ғана үлескерлердің ақша қаражатын тартуға рұқсатнама бар. Олар: «Жаным», «Даймонд», «Кристал» тұрғын үй кешендері.
Қазір Қазақстан Тұрғын үй компаниясы кепілдігінің бар-жоғын Хоумпортал.kz сайты арқылы тексеріп алуға болады. Онда Қазақстан бойынша кепілдігі бар және кепілдігі жоқ нысандар туралы толық ақпарат бар.
– Құрылысты салып жатқан мердігерлердің жұмысын қалай қадағалайсыздар?
Саят Тойкенов, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
– Кез келген құрылыс басталғанда нысанға авторлық, техникалық қадағалау қатар жүргізіледі. Біздің басқарманың, құрылыс мекемесінің өз тарапынан да қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса нысан үнемі, күнделікті техникалық қадағалау мекемесінің аттестациялаудан өткен сарапшыларының қадағалауында болады. Сарапшылар таңертеңнен кешке дейін, жұмыс аяқталғанша нысанның басында болуға тиіс, сарапшыларға осындай талап қойылған. Құрылыс алдымен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының рұқсатымен басталады. Соңында да салынып біткен нысан аталған басқарманың тексеруімен тіркеуге алынады. Құрылыс нысандарының басында бетонның, арматураның сапасын, тағы да басқа құрылыс материалдарының сапасын тексеретін тәуелсіз зертханалар да жұмыс істейді. Барлық бақылау, қадағалау шараларының әрқайсының өзінің тексеру тәсілдері, жүйелері бар.
– Маңызды салада мамандарға деген зәрулік бар ма?
– Бір кездегідей емес, қазір облыс орталығында, өңірде құрылысшыларға деген тапшылық байқалмайды. Университеттермен мамандар даярлау бағытында тығыз байланыстамыз. Олармен меморандумдар жасастық. Өскемендегі көпбейінді технологиялық колледжде де құрылысқа қажетті жұмысшы мамандар: тасқалаушылар, дәнекерлеушілер жыл сайын оқытылып, құрылысқа барып жатыр. Құрылыс нысандарына барған жас мамандардың, жұмысшы мамандардың жанында өздерінің тәлімгерлері жүреді. Жұмысшы мамандар көбінесе сол тәлімгерлердің көрсетуімен жұмыс істеп, тәжірибе жинап, үйреніп жатыр.
– Құрылыс саласы бір сұхбатпен қамтылып бітетін тақырып емес. Уақыттарыңызды бөліп, салаға қатысты ақпаратты баяндап, түсіндіргендеріңізге рақмет.
Дөңгелек үстелді жүргізген – Жанаргүл Мұқатай