Еңбек адамы

Құрылыс жұмыстарында қолтаңбасы қалған

Ауылда туып-өскен азаматтардың қай-қайсының болсын балта шауып, балға ұстаудан хабары бар. Олардың көпшілігі өз отбасыларының тұрмысына қажетті шаруаларын ешкімге иек сүйемей, өздері-ақ реттейді. Ал құрылысшылықты өмірлік кәсіп етуге мойын бұрғандары небір күрделі құрылыстарды жүргізіп құрылысшы деген абыройлы атақты иеленіп, ауылдастарының ризашылығына бөленіп жүр.

Бала жастан балта шебері болуды Зейнелғабиттың да жаны қалады. Бұған «Чернова» кеңшарының Қызылжұлдыз бөлімшесінде құрылысшы болып еңбек етіп жүрген әкесі Мұқтарханның өмір жолы себеп болды. Ағаш жұмысында қолынан келмейтін іс жоқ ол өз қатарының алды ғана емес, үлкен бедел мен абыройдың иесі де еді. Ауылда үй немесе басқа да құрылыстарды салуды ойлап, жоспарлағандар ақылдасуға ең алдымен Зекеңнің әкесіне келетін. Ал ол болса үйдегі бар шаруасын жиып тастап, әлгі ауылдасына баратын. Қолы бос болса күні бойы көмектесіп, олай болмаған жағдайда ақыл-кеңесін беріп қайтатын.

Мектептен алған білімі кез келген мамандықты меңгеруге жетіп тұрса да, Зекең әке жолын қууды перзенттік міндет санады. Сөйтіп, ол көп ойланып-толғанып жатпай Зырян (қазіргі Алтай) қаласындағы құрылысшылар даярлайтын училищеге оқуға түсіп, ағаш шебері мамандығын алып шығады. З.Кәсеновтің мамандық алуы Катонқарағай ауданының қайта құрылуымен дөп келді. Жаңа аудан болған соң салынатын құрылыстар, атқарылатын жұмыстар өте көп еді. Жылжымалы механикалық колоннаға ағаш шебері болып жұмысқа кірген маманды кілең жас жігіттер мен қыздардан құралған үлкен ұжым бірден үйіріп әкетті.

– Алғашқы қатысқан құрылысым, – деп еске алады бүгінде зейнеткер атанып отырған Зекең, – сол кездегі сәулет өнерінің ең таңдаулы жобаларының бірімен салынған  кинотеатр ғимараты болатын. Қазіргі кезде онда Қаратай спорттық-сауықтыру кешені орналасқан. Бұдан кейін де көптеген үлкен құрылыс жобаларын іске асыруға қатыстым. Атап айтсам, С.Ластаев атындағы орта мектептен бастап Коробиха, Жамбыл, Өрел, Белқарағай ауылдарындағы білім ошақтары мен Катонқарағай ауылындағы екі-үш қабатты үйлердің құрылыстарында менің қолтаңбам бар.

Өз міндетіне адал, еңбек етсе ерінбейтін, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын З.Кәсеновті таныған жылжымалы колоннаның басшылары А.Деревянченко мен Қ.Дүзбенов оны небір қиын учаскелерге жұмсап отырды.Ал З.Кәсенов болса балташылар бригадирі, құрылыс мекемесі кәсіподақ комитетінің мүшесі ретінде өзі басқарған бригададағы еңбек тәртібінің қатаң сақталуын қамтамасыз ете отырып, жұмыстың қарқыны мен сапасын арттыра білді. Соның арқасында құрылыс нысандары дер уақытында жоғары сапамен пайдалануға беріліп отырды. Ол басқарған бригада құрылысшы   бригадалар арасындағы жарыста үнемі «Қызыл вымпелді» иеленіп, ақшалай сыйлықтарды алды.

Ер басына нелер келіп, не кетпеген?! Жалпы, халыққа оңайға тимеген тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі кезде де З.Кәсенов өзінің тәжірибесі мен еңбекқорлығының, жан серігі Розаның қолдауының арқасында қиындықты жеңе білді. Сенімді деген ауыл азаматтарынан құрылысшылар звеносын құрып, көп жыл кәсіпкерлердің, ауыл тұрғындарының үйлері мен өндірістік нысандарын салды. Зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шықса да, З.Кәсенов сүйікті ісінен күні бүгінге дейін айырылған жоқ. Өңір тұрғындарының, ауылдастарының шақыруымен үйлеріне барып, есік-терезелерін салып, әйнектерінің сынған шыныларын ауыстырып береді.

Катонқарағайдың жұрты Кәсеновтарді үлгілі, еңбекқор отбасы деп біледі. Зекеңнің жолдасы Роза Жұмшитова – медицина саласының ардагері. Ширек ғасырдан астам уақыт бір ғана Катонқарағай ауруханасында акушерка болып қызмет етіп, жақында үлкен абыроймен құрметті еңбек демалысына шықты. Қыздары Жанна мен Самал да жоғары білімді, білікті мамандар.

Құрылысшы – бұл өмірдегі ең қажетті, ең құрметті мамандықтардың бірі. Оған өмір бойы адал болып, жерлестеріне  тек қана қуаныш сыйлап келе жатқан ауылдасымыз Зейнелғабит Кәсенов жайында айтар мөлтек сырымыз, міне, осындай.

Ж. Қабдуәлиев

Катонқарағай ауданы

 

 

Осы айдарда

Back to top button