Қоғам

Құрылтай жалпыхалықтық диалог алаңына айналады

Ата-бабаларымыз маңызды мәселелерді алқалы жиындарда талқылағаны тарихтан мәлім. Көпшілік ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай жиындар бүкіл елді біріктірген. Ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар маңызды кезеңдерде өткен. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда мемлекеті құрылды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды жауға қарсы ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылса, екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.

Құрылтай – түркі-моңғол ақсүйектерінің ресми кеңесі. Шыңғыс хан империясында құрылтай үлкен рөл атқарған. Онда хан сайлау, жауланған жерлерге иелік ету, әскери жорық бағытын белгілеу мен оған әскербасы тағайындау мәселелері шешілді. 15-18 ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақ хандығында маңызды мәселелерді шешу үшін құрылтай шақырылған.

Ал қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы – әлем қазақтары қауымдастығының ең жоғарғы органы. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы Алматыда өтіп, қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұрасы, тіл мәселелері талқыға салынды. Оған 33 елден 800-ден астам өкіл қатысты. 2-ші құрылтай 2002 жылы Түркістанда, 3-ші. 4-ші, 5-ші құрылтайлар тиісінше 2005, 2011, 2017 жылдары астанада өтті.

Қоғамдық сенім кеңесі жұмысын аяқтады

Мемлекет басшысының биылғы 16 наурыздағы Жолдауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таратылатыны айтылған еді. Президент оның орнына ауқымы кеңірек, жаңадан құрамдалған Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын.

Жұмысын тоқтатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі немен айналысты? Үш жыл жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі міндетін аяқтап, оның негізгі мүшелері Ұлттық құрылтай құрамына кірді.

Аталған кеңестің алғашқы отырысы 2019 жылғы тамызда, ал соңғы 6-шы отырысы былтыр қарашада өткен.

– Біз билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз, – деді Президент.

Айта кетсек, зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алуға пайдалану осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтеріліп, халық арасында кең таралған шешімдердің бірі болды. Педагог мәртебесі туралы заң, шетелдік жұмыс күштеріне берілетін квотаның азаюы, өлім жазасын алып тастау мәселесі де кеңес мүшелерінің бастамасы еді.

Сондай-ақ бұл кеңес аясында қабылданған 20 заңның 14-і  саяси реформалар, бейбіт жиындар, партиялық сайлау тізімінің 30 пайызы әйелдер мен жастар болуы керек деген мәселелер. «Оралман» атауының «қандасқа» өзгеруі, көпбалалы отбасыларға 5 мың білім грантын беру идеясын да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері көтерген болатын.

Көлік жүргізушілерінің бір ғана құжатпен жүре алатыны да осы кеңесте келісілген шешім.

Қысқасы, Президент бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің түпкі мақсаты «айтылды – орындалды» қағидатын жүзеге асыру болды. Үш жылда ұлттық кеңес аясында 20 заң қабылданып, Президенттің үш Жарлығы шықты. Министрліктердің бірнеше бұйрығы мен 90-нан аса құжат қабылданды.

Басты бағыты мен ерекшелігі қандай?

Құрылтайдың алғашқы отырысы өтетін күннен бір күн бұрын Ұлттық құрылтайды құру туралы Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Жарлықта Ұлттық құрылтайдың ережесі мен құрамы, негізгі міндеттері, сонымен қатар жұмыс тәртібі бекітілді. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган деп бекітілді.

Жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайдың бағыты мен ерекшелігі қандай болмақ? Оны құрудың қандай маңызы бар?

Құрылтайдың төрағасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, төрағаның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, ал хатшы қызметіне Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева бекітілді. Одан бөлек, құрылтайға мүше адамдардың тізімі жарияланды. Олардың біразы – Қоғамдық сенім кеңесіне мүше болғандар. Құжатқа сәйкес, төраға Ұлттық құрылтайдың қызметін басқарады, құрылтайдың отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды, төрағаның орынбасарларына, Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді. Төраға орынбасары Мемлекеттік кеңесші құрылтай отырыстарының күн тәртібін бекітеді және төрағаның тапсырмаларын орындайды.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыстардың, қалалардың қоғамдық кеңестері өкілдерінен жасақталған құрылтай құрамы кезең-кезеңмен, ротация тәртібімен жаңартылып тұратыны да айтылған.

Құжатта құрылтайдың негізгі үш міндеті айқындалған – қоғам бірлігін дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға байланысты ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.

Құрылтайдың өту тәртібі бойынша оның отырыстары қажеттігіне қарай жылына кемінде бір рет өткізілуге тиіс.

Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалар айтылған күйі қалмайды, сол мәселенің бағытына байланысты мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктерге жолданады. Жауапты органдар оларды қарап, шара қабылдап, жұмыс нәтижесі туралы мәліметті құрылтай мүшелеріне белгіленген тәртіппен жолдайды.

Денис Рыпаков, облыстық мәслихаттың хатшысы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:

– Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде алғашқы отырысына қатыстым. Құрылтайдың мақсаты – елімізді жан-жақты дамыту бойынша тың идеяларды ортаға салып, бастамалар көтеріп, олардың іске асуын қадағалау. Барлық сөз сөйлегендер халық пен билік арасын байланыстырушы органның маңызын атап өтті. Құрылтай – «еститін мемлекет» қағидатын іске асырудың жарқын үлгісі. Жиында Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың құқығын қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға, еңбекқор жастарды тәрбиелеуге, заманауи технологияларды дамытуға, тарихи әділдікті орнатуға, қазақ тілін дамытуға қатысты мәселелер көтерді. Өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап, құрылтайдың жалпыұлттық диалогтың жаңа үлгісі болатынына сенім білдіремін. Оның алаңында өңірдің өзекті проблемаларын ашық айтатын боламын.

Әу баста айтып өткеніміздей, құрылтайдың алғашқы жиыны жаңадан құрылған үш облыстың бірі – Ұлытауда өтті. Ұлытау – қазақтың ерте кездегі саяси орталығы.

Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог алаңына айналуға тиіс екені, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратынын Мемлекет басшысы осы құрылтайды құру туралы алғаш бастама көтергенде айтып өткен болатын.

– Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институтционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері болады, – деген еді Мемлекет басшысы.

Ел үмітін ақтайды

16 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Жошы хан кесенесі іргесіндегі «Жошы хан» кешенінде өтті.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен Ассамблея мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

– Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар, бірақ құрылтайдың орны бір бөлек. Құрылтай – кең ауқымды жиын, – деді Мемлекет басшысы.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған жиында онға жуық адам сөйледі.

Жиында Мемлекет басшысы 25 қазан – Республика күніне қайтадан мемлекеттік мереке мәртебесін беруді ұсынды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді.

– Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент латын әліпбиіне көшуді лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе екенін айтып, қазақ тіліне арналған орфографиялық қағидаларды қайта қарауды ұсынды.

– Бұған дейін біз екі рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің Әулиетау етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашу туралы ұсынысын жұртшылық қуана қабылдады. Бұдан бөлек, ұлттық тарихтың көптомдығын әзірлеу, ойы ұшқыр, еңбекқор жастар тәрбиесін жолға қою, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналысатын комиссия құру көпшілік күткен шешімдер еді. Осы құрылтайдан көпшілік көкейіндегі түйткілге жауап ала алды.

Ұлттық құрылтай жыл сайын өтіп тұрады. Президент қазақ даласындағы ел тағдыры шешілген тарихи орындарға тоқталды. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлерді атап өтті. Ол келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынды.

– Құрылтайдың әр аймақта өту сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады, – деді Мемлекет басшысы.

Құрылтайда Мемлекет басшысы ақиық ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін мəлімдеп, омырауына «Отан» орденін тақты.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button