Қоғам

Құрлықтық додадан үш жүлде алып қайтты

Қырғызстанның Чолпон ата қаласында мәресіне жеткен аралас жекпе-жек түрлерінен Азия чемпионатында жерлестеріміз тамаша өнер көрсетті. Бүкіләлемдік MMA – GAMMA қауымдастығының мұрындық болуымен өткен додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды.

Жалпы, биылғы жарысқа 12 елдің спортшылары қатысқан-ды. Осы ретте, құрлықтық бәсекеде еліміздің намысын қорғаған файтерлердің арасында семейліктердің де болғанын айтқан жөн. Оның үшеуі чемпионаттың жүлдегерлері қатарынан көрінді.

– Қырғызстандағы жарыста спортшыларымыз ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсетті деуге толық негіз бар. Жалпы, биылғы біріншілікке төрт спортшымызды апарған едік. Олардың арасында панкратионнан 2019 жылғы Әлем чемпионатының жүлдегері, Қазақстан чемпионы Меруерт Ибраева да бар болатын. Бұл жолғы жарысқа жерлесіміз тамаша дайындықпен барды. Нәтижесінде Меруерт барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ, Белгіжан Сейтенов те сенімімізді ақтады. Белгіжан – 2019 жылы кудодан өткен ел біріншілігінің жеңімпазы, кәсіби ММА файтері. Ол Қырғызстандағы додада үздік үштіктен көріне білді. Сол сияқты, Сайран Сағындықовтың да жетісітігін атап өткен жөн. Жерлесіміз жекпе-жек пен панкратионнан өткен республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. Белгіжан секілді ол да Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды, – дейді спортшылардың бапкері Құрмет Кәкімов.

Оның айтуынша, енді жерлестеріміз панкратионнан Орал қаласында жалауын желбірететін Қазақстан кубогы үшін жарыс пен Украинаның Харьков қаласында өтетін Әлем чемпионатына дайындықтарын бастамақ.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button